Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Президент алдымен Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз екенін айтады.
“Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды. Сондай-ақ негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады. Конституциялық Соттың құрылуы – осындай институционалды реформаның бірі. Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейілінше арттырды”, – делінген құттықтауда.
Тоқаевтың пайымынша, жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс.
«Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына нық сенімдімін.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!” – дейді президент.