Президент Тоқаев өз Жолдауында елдегі экология мәселесіне және өндірістегі апаттарға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда», – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, президент жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы жиілегенін атап өтті.
«Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс», – деді Тоқаев.
Айта кетейік, 17 тамызда “АрселорМиттал Теміртау” көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенді. Жер астында барлығы 227 жұмысшы болған.
Бастапқыда апаттан зардап шеккендер саны алты адамға жеткені хабарланған. Кейін зардап шеккендар саны 13-ке жеткені белгілі болды.
Өрт кезінде «Қазақстан» шахтасынан шыға алмай қалған бес кенші де қаза тапты.
Олар:
1. Денис Стешин, 1978 ж.т., жерасты туннельшісі, 4-разряд, еңбек өтілі 21 жыл;
2. Халиков Артур, 1994 ж.т., жер асты электромонтері, 4-разряд, жұмыс өтілі 10 жыл;
3. Виктор Бургун, 1966 ж.т., жерасты электромонтері, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл;
4. Слюнков Виталий, 1965 ж.т., жерасты электромонтері, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл;
5. Илья Старовойт, 1996 ж.т., жер асты электромонтері, 3-разряд, жұмыс өтілі 4 жыл.
Шахтинск қаласының полициясы ҚР ҚК 277-бабының 2-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, апатқа жауапты басшылар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.