Тоқаев министрлерге: Президент әкімшілігіне жалтақтамаңдар!

Ғалиасқар Думан

Тоқаев реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап беретінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

«Біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе», – деді президент.

Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап бермек.

«Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс», – деді Тоқаев.

Президент Әкімшілігіне қандай міндеттер жүктелетіні де айтылды.

«Үшіншіден, Президент Әкімшілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырады. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды», – деді президент.