Әсет Ерғалиев президент көмекшісі болып тағайындалды

Ғалиасқар Думан

Мемлекет басшысының жарлығымен Әсет Арманұлы Ерғалиев президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды. 

1986 жылы 18 маусымда Қостанай қаласында дүниеге келген. Үйленген, екі баласы бар.

Негізгі мамандығы - экономист. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін меңгерген. 2008 жылы Қазақстандық менеджмент, экономика және болжамдау институтын (ҚМЭБИ) мемлекеттік саясат экономикасы саласында бакалавр дәрежесімен, сондай-ақ халықаралық алмасу бағдарламасы аясында Швециядағы Халықаралық Йонкопинг бизнес мектебін халықаралық экономика саласында ғылым бакалавры дәрежесімен бітірген. 2009 жылы Ұлыбританиядағы Йорк университетін экономикадағы ғылым магистрі дәрежесімен тәмамдаған. 2010 жылы Ұлыбританиядағы Ноттингем университетін аяқтаған.

2018 жылғы қыркүйектен 2019 жылғы наурызға дейін Ұлттық экономика вице-министрі, 2019 жылғы наурыз-тамыз аралығында премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары, 2019 жылғы тамыздан 2021 жылғы қаңтарға дейін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі, 2021 жылғы қаңтардан 2022 қаңтарға дейін Ұлттық экономика министрі қызметін атқарған.

2022 жылғы 6 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болған.