Қазақстанның бас экологы: Сүлейменованың орнына орынбасары отырды

Ғалиасқар Думан

Ерлан Нысанбаев Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

“Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды”, – делінген Ақорда хабарламасында.

Ерлан Нысанбаев 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

Қазақ Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1983 жылы бастаған.

Түрлі жылдары коммерциялық сектор мен мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеді.

2014-2019 жылдары – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

2019 – 2021 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарды.

Еске салайық, 2023 жылдың қаңтарынан бері ведомствоны Зүлфия Сүлейменова басқарды. Ол 1 қыркүйекте қызметінен босатылды.