Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады - Тоқаев

Ulysmedia

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

“Құрметті отандастар! Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады.

Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады”, – делінген Тоқаевтың құттықтауында.

Ол берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі екенін айтқан.

“Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді.

Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі.

Қазақстандағы әрбір шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік болсын!

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!” – дейді Президент.