Мәжіліс депутаттары Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып Қанат Шарлапаевтың тағайындалуы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлихан Смайылов басқаратын кабмин ішінара жаңарып, жаңадан құрылған министрліктерге жаңа министрлер келе бастады. Соның бірі – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев. Мұның алдында «Бәйтерек» холдингін басқарған менеджер бір күнде ғана шенеунік болып шыға келді. Әйтсе де Шарлапаевтың азаматтығы жөнінде әңгіме көп тараған. Ресейде туып, Ұлыбританияда оқыған Шарлапаевта сол екі елдің азаматтығы бары белгілі болған. Өзіне бұл сұрақ бірнеше рет қойылды. Соңғы жауаптарының бірінде ол бұл мәселеге нүкте қойғандай болды.
«Шынымды айтсам, мен көптен бері Қазақстан азаматымын. Тек жарияға жар салған емеспін. Сол арқылы өзіме жарнама жасағым келмеді. Былтыр жыл соңынан бері құжатым да бар. Мен Қазақстан азаматымын. Одан бері біраз уақыт өтті. Мен бұған аса мән бермеймін, себебі таңдау жартылай жасалмайды», - деген Шарлапаев жақында берген сұхбатында.
Десе де, Қазақстан азаматтығын былтыр ғана алған адам тұтас министрліктің тізгінін ұстату қаншалықты орынды, қаншалықты әділетті әрі дұрыс? Біз бұл сұрақты депутаттарға қойып көргенбіз.
Мәжілісмен Нұрлан Әуесбаев Қанат Шарлапаевтың тағайындауын қоштамайды екен.
«Негізі ол елге жанашыр кісі емес. Осы тағайындау маған ұнамайды. Елдің жағдайын білетін, елмен етене араласып өскен азаматтарды тағайындау керек қой. Осы кісінің тағайындалуын қолдамаймын. Жалпы үкіметтің құрамы жайлы да айттым. Берілген тапсырмаларды үкімет құрамы атқара алмайды. Өйткені, жаңағы айтқан құрамдағы кісілердің елге жаны ашымайды», - дейді ол.
Ал депутат Нартай Аралбай мұндай үлкен тағайындаулар мәселесіне келген кезде заң тіліне сүйенуіміз керек деп есептейді.
«Егер заң бұған қарсы болмаса, заң мүмкіндік берсе, сол заңның үстемдігі орнауы керек. Заң егер қарама-қайшылық болмаса, біз оған қарсы шыға алмаймыз. Бірақ халықтың пікірі, сыны ескерілуі керек деп санаймын», - дейді Нартай Аралбай.
Қанат Шарлапаев 1981 жылы Саратов облысында дүниеге келген, Қазақстан Республикасының азаматы.
Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін (РФ), Cranfield School of Management (Ұлыбритания) тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы банк секторында бастады.
2006-2008 жылдары өңірлік кеңсенің қаржы департаментінде, жобаларды басқару департаментінде, операциялық-технологиялық департаментінде, «Сити» инвестбанкінің сату басқармасында (Ұлыбритания, Чехия) жұмыс істеді.
2008-2014 жылдары - «Сити» инвестбанк акциялар нарығында жұмыс жөніндегі өңірлік дивизионының аға талдаушысы, вице-президентінің көмекшісі, вице-президенті (Лондон, Ұлыбритания).
2014-2015 жылдары – «Сити» инвестбанкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті (Лондон, Ұлыбритания).
2015-2017 жылдары - Ситибанк Қазақстанның Бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті.
2017-2020 жылдары - Ресей Ситибанкінің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті.
2020-2022 жылдары – «Сити» инвестициялық банкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры.
2022 жылғы 2-ақпанда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.
Еске салайық, 1 қыркүйекте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бөлек екі жаңа министрлік болып құрылды. Олар: өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және көлік министрлігі.
Көлік министрлігін Марат Қарабаев басқаратын болды.