Тараптар нақты келіссөздерге кірісуі керек – Тоқаев Украинадағы соғыс жайлы

Ғалиасқар Думан

Орталық Азия мемлекеттері басшыларымен кездесуінде Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Украинадағы дағдарыс Еуропаның, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етеді деген пікір айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

zensovet.ru

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған жауап ретінде өзара тиімді бейбіт шешімдер іздеуге бағытталған салиқалы дипломатия қажет екенін тағы да мәлімдеді. Мемлекет басшысы тараптардың нақты келіссөздерге кірісуі қажет екеніне назар аударды.

Қазақстан президенті Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту қажет екеніне тоқталды.

Атап айтқанда, мемлекет басшысы ғылым және білім салаларындағы бірлескен жобаларды, неміс тілін оқыту бағдарламаларын іске асыруды қолдады. 

Сонымен қатар кездесуде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан халк маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов сөз сөйледі.

Айта кетейік, Тоқаев ресми сапармен Германияда жүр. Бұған дейін Қазақстан президенті Германия басшысымен келіссөз жүргізген.