Еңбекті бағалау, әділдік принциптері көп жағдайда қол жетпес дүние секілді. Еліміздің мұнайлы астанасы атанған Атыраудың кәсіпкері Ғалымбек Мусин 5 жылдан бері әділдікті іздеп жүр. Өзінің айтуынша, батыстағы наразылықтар шетелдік инвестордың кінәсінен емес, арада жүретін мердігер ұйымдардың ашкөздігінен екен. Шынымен солай ма, оны тиісті құзырлы органдар анықтай жатар. Біз өз тарапымыздан біржақты пікір айтудан аулақпыз.
Ulysmedia.kz жан айқайын жеткіземін деп келген кәсіпкерге сөзін айтсын деп алаң ұсынды.
– Мен айтқалы отырған әңгіме Қазақстанның батыс өңіріндегі тұрғындар үшін маңызды деп ойлаймын. Өйткені олар жерасты байлығының үстінде отырса да, әлеуметтік жағдайлары төмен. Атырау облысында “Теңізшевройл” (ТШО) дейтін инвестор компания бар. Елімізде 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Астын сызып тұрып айта кетейін, менің ТШО компаниясына ешқандай талабым жоқ. Осы ТШО-ның тапсырыстарын басымдыққа ие екі компания бар. Бірі – “Сенімді құрылыс”, екіншісі – “Атырау Тенгиз констракшн сервисис”. Мен бүгін осы “Сенімді құрылыс” компаниясы туралы айтқым келеді.
– Ол кімнің компаниясы?
– Оның құрылтайшылары – АҚШ-тың Bechtel Corporation деген компаниясы (Бектел АҚШ-тағы көлемі жағынан 4-ші ірі жеке компания. - Ред.) және ENKA İnşaat ve Sanayi деген түріктердің компаниясы (ЕNKA Түркия мен Ресейдің құрылыс нарығындағы маңызды орын алады. - Ред.).
– Сіз сол субмердігер компанияда жұмыс істедіңіз?
– Иә, біз Manpower дейді, аталған компанияларға жұмысшы береміз (HR агенттік секілді. - Ред.). Бізге ТШО сол үшін адам басына 5 доллардан беріп отырады. Сағатына. Мен 90 адамды жұмыспен қамтып отырдым. Бір вахтада 90 адамға. Жылдық айналым 250-300 млн теңге болды. Ол жұмысшының айлығы, жатын орны, тамағы мен киімі бар.
– Бұл тапсырысты қалай алдыңыздар? Конкурсқа қатыстыңыздар ма?
– Жоқ, біз коммерциялық ұсынысымызды бердік. Оларда тендер деген жоқ. Таныс-тамырсыз өзіміз шықтық. Тағы айтып өткім келеді. Түркиялық, америкалық азаматтарға еш талабым жоқ. Талабым “Сенімді құрылыс” компаниясына. ТШО ақшаны жақсы бөліп отыр. Сағатына әр адамға 15 доллардан. Қазақстандық жұмысшыларға.
– Түркиялық қызметкерлерге ше?
– Оларға сағатына 34 доллар береді. Америкалық мамандарға 110 доллар. ТШО қазақстандық жұмысшыларға деп 15 доллардан берсе, “Сенімді құрылыс” 10 долларды алып қалады. Ставканы көтеру туралы аталған компания басшылығына бірнеше рет кіріп айттық. Иә-иә деп шығарып салады. Біз 2016 жылдан 2019 жылға дейін олармен жұмыс істедік. “Сенімді құрылыс” ТШО-мен екі келісімшарт бойынша тапсырыс орындайды. Бірі құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған. Екіншісі жұмысшылардың тұруына, жұмыс істеуіне жұмсалатын шығындар. Ол компанияның табыс табу үшін шығарып отырған шығыны емес, жаңа айтқандай, жұмысты қамтамасыз етуге арналған шығыстары. ТШО-мен арадағы осы “Сенімді құрылыс” біздің ставкамызды үш есе төмендетіп төледі. Ол жемқорлық, жасырын дискриминация, қаншама ақша жеке қалтаға кетіп жатыр. “Сенімді құрылыста” (бұдан былай - “СҚ”) 4500-5000 жұмысшы бар бізді қосқанда. Әрқайсысынан 10 доллар сағатына пайда көреді.
– Сонда сіз Прокуратураға арызданбаңыз ба?
– Мәжіліске, Сенатқа, Президент Әкімшілігіне, Бас Прокуратураға жаздым. Облыс әкімінің де қабылдауында болдым. Еш нәтиже болмады.
– Бұл шетелдік компания болғандықтан ба?
– “СҚ” біздің елімізге инвестор емес, ол 20 жыл бойы ТШО-ның көлеңкесінде келе жатыр. 2016-2019 жж.аралығындағы арыздарыма еш реакция бомады, 2023 жылы Атырау облыстық прокуратурасына хат жаздым. олар 16 қаңтарда біз тексереміз деп жауап жазды. Кейін де жауап болмады. 5 мамырда Президент атына Ашық хат жаздым. Сол кезде Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен Атырау облыстық прокуратурасы тексеріс бастады. Маусым айында “Сенімді құрылыс” біз мұнымен келіспейміз деп Атырау облысының прокуратурасымен соттасты. Бірақ жеңіліп қалды. Прокуратура іс ашты. Осы кезде прокуратурадан “утечка информаций” кетті деп топшылаймын. Сендердің (“СҚ”) жағдайларың мәз емес, арттарың ашылайын деп тұр деген. Содан “Сенімді құрылыстың Америкадағы Джастин Стилднбер деген құрылтайшысы келді. Кадровый дипломат, бұрын Бахрейнде істеген. Егер ол инвестор болса, облыс әкімімен кездесер еді, ол Елшімен кездеседі. Үкімет мүшелерімен – Роман Склярмен кездесті. Ол кезде облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп жатқан. Биыл 25 қаңтарда маған Бас прокуратура жауап берді. Жауапта: “Сіздің айтқандарыңыздың бірқатары рас болып шықты” делінген. Осымен-ақ қылмыстық іс қозғауға болады негізі. Мұның салдары ауыр. Неге ТШО-ның нысандарында бас көтерулер жиі болады?
– Ертең “Сенімді құрылыс” сізге претензия айтпай ма? Сотқа беріп…
– Оларға мені сотқа беру тиімсіз. Өйткені біз сотта бәрін айтамыз ғой. Біз қорқа-қорқа батыр болдық.
Саяси шешім бе?
– Маған берген жауапта Бас прокуратура “Сенімді құрылысқа” “ҚР Еңбек кодексін” бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқанын, айыппұл салғанын, Атыраудың мемлекеттік кірістер департаменті салық бойынша бұзушылықтар анықтағанын айтып, айыппұл салдық деп жылы жауып тастады.
Оффшор сыры
–“Сенімді құрылыс” бізден ұстап қалған 10 долларды Қазақстан экономикасына салған инвестициямыздың дивиденді деп, шетелдік шоттарына жіберіп жатыр.
– Бірақ әр жұмысшы келісімшартқа қол қойғанда, 5 долларға келісті ғой.
– Иә, келісті. Бірақ олар (“Сенімді құрылыс”) бізге ставканы біртіндеп көтереміз деп уәде берген. Бірақ оны орындамады. Тек 2022 жылы “Қаңтар оқиғасынан” кейін ставканы 50 пайызға көтерді деп естідім. 7,5 долларға. Ал жалпы ТШО жыл сайын инфляцияны есептеп, соған орай ақша бөледі.
Мақсат. Мүдде. Талап
– Мен 20 ақпанда Президентке тағы да хат жаздым. Прокуратуралық тексеріс толық жүргізілмеді деп айттым. Сол хатым қайтадан Бас прокуратураға барды. Олар: біз саған жауап жаздық қой, енді не керек” деп шүйлікті. Менің талабым: “Сенімді құрылыстың” үстінен қылмыстық іс қозғау керек. Жемқорлық фактісі бойынша. Бұдан бөлек, прокуратуралық тексерісті бұра тартып, жылы жауып қоя салған қызметкерлерді жауапқа тарту керек. Бұл Президенттің тапсырмасына қарсы шығу. Себебі мұның ақыры әр жұмысшының әлеуметтік мәселесін шешуге қауқарсыз қылады. Осыдан халық наразылығы, жұмысшылар бас көтеруі дегендер пайда болады.
– Неге сотқа бермедіңіздер?
– Сотқа беруден бұрын баспасөз мәслихатын өткізу, шетелдік басылымдарға мақала жазу секілді жоспарлап отырған жұмыстарымыз бар.
– Мұнай-газ саласында аутсорсинг деген керек пе? Мысалы, ҚазМұнайГаздың мердігер, субмердігер ұйымдары жыл сайын митингке шығады, Астанаға келеді. Меніңше, компания тікелей өзі жұмыс істеуі керек.
– ТШО - ол инвестор, ал ҚазМұнайГаз - ұлттық оператор. ТШО ол әлемдік алпауыт, қаржысы көп. Бір жоба басталса, оған 35-40 000 жұмысшы керек. Егер соның бәрін өзі жұмысқа алса, жоба біткенде оның бәрін тарату керек. Проблема ма, проблема. сондықтан мердігер, субмердігердің мойнына іліп қояды. Есесіне басы ауырмайды. ҚазМұнайГаз да солай.
– Объективтілік үшін айтайын, елдегі су тасқынының зардабын жоюға бағытталған қорға ТШО 2 млрд теңге қаражат аударды. Елдегі олигархтар ондай мырзалық таныта алмай жатыр.
– Жоқ, мен басында айтқандай, ТШО-ға еш талабым жоқ…
– Сіз талабым жоқ дейсіз де, оның серіктес компаниясын айыптайсыз. Егер ТШО “Сенімді құрылыстың” орындалған жұмыс актісіне қол қоймаса, ақша бөлмесе, мұның бірде-бірі де болмас еді ғой. Яғни, ол да кінәлі ме?
– Мен бұл іспен 5 жылдан бері айналысып жүрмін.
Жемқорлықтан кәсіпкерлер зардап шегуде
– Мен жұмыс істеген 2016-2019 жылдар аралығында “Сенімді құрылыс” компаниясында 11 субмердігер компания болды. Соның санын 40-қа жеткізді. Яғни, 30 компанияны көлемді жұмысқа қысқа мерзімге жұмысқа алды да кейін шығарып тастады. Бұл да олардың ақшаны шетелге жылжытуының бір дәлелі. Сонда 30 компанияның шығындары ақталмай қалды. Жатын орын, тамақ, киім, оқыту жұмыстарына берген. Кәсіпкерлер өз шығындарын жаба алмады. Кәсіпкер халыққа да жұмыс береді, өзіне де табыс табады. Ал олар табыс табуға мүмкіндік бермейді. Біздің жұмысымызды қолданады. Вахталық қалашық Тенгизде наразылық шаралары жиі болып тұрады. Оның көбін Орталық білмейді. Себебі басып тастайды. Жеткізбейді.
Редакциядан: Сұқбаттасушының айтқан сөздері, жеке пікірлері Ulysmedia.kz редакциясының көзқарасын, ұстанымын білдірмейді. Сондай-ақ редакция сұқбатта аты аталған компанияларға қатысты ешқандай айып тақпайды.