Қазақстан Даму банкі неге «таңдаулыларды» жарылқай береді – «Бәйтерек» басшысы жауап берді

Аян Өрібай

Қазақстан Даму банкінің бірден-бір акционері «Бәйтерек» холдингі. 23 жылда банк 174 жобаны қаржыландырған. Оған БАҚ тарапынан жиі айтылатын сынның бірі – жылда сол баяғы олигархтарға несиенің берілетінінде. Ulysmedia.kz неліктен осылай екенін Үкімет кулуларында "Бәйтерек" холдингінің басшысы Рүстем Қарағойшинге қойды.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Осы сынға қалай жауап берер едіңіз?

– Басынан айтайын, жобаны жоспарлап, оын іске асырудың өзі уақыт алады. Жұмыс істеу үшін оған да біраз қаржы керек.

– Яғни, қаржысы бар адамдар ғана қатыса ала ма?

– Қаржысы бар адамдар әзірлейді. Қазақстан Даму банкі – «Бәйтерек» холдингінің үлкен көлемде қаржыландыру құралы болып саналады. Сондықтан, олай деп айтуға болмайды. Қазіргі таңда жекеменшік саладағы банктерде «бір-бірімен байланысты тұлғалар» деген бар. Ол бір-бірімен араласатын мекемелердің акционерлері. Сондай құралдарды енгізіп жатырмыз. Сол себепті, бұл тек ҚДБ тарапында болмайды. Бүкіл «Бәйтеректе» болады.

Президенттің тапсырмасы бойынша цифрландыру шеңберінде біздің холдингтің аясында біріккен цифрландыру платформасы жасалып жатыр. Ол біткеннен кейін соның ішінде жаңа айтқан құралдар енгізіледі. Ол құралдар не үшін керек? Сіздің сұрағыңызға жауап! Біздің жеті еншілес ұйымның ішінде БСН, ЖСН келешекте кіргізілгенде оны біз орталықтан көріп отырамыз. Асып кетпейтін шамадан бастап кедергілер қоямыз.

– Бұл құралдарды енгізуге демек қажеттілік туындаған ғой? Қазақстан Даму банкі бұған дейін қаржыландырған жобаларына аудит жүргізесіздер ме?

– Оған аудит жүргіземіз. Әр жобаның аржағында тұрған қожайындарын білеміз. Кім акционер екенін білеміз. Олардың бәрін қолға ұстап, қарастырып отырмыз. Ел дамып келеді, «Бәйтерек» те елмен бірге дамып келеді. Сондықтан, даму ретінде біз кедергі құралдарды енгізіп жатырмыз.

– Аудиттің қорытындысы қашан шығарылады?

– 2023 жылдың аудитке келер болсақ, әр нәрсенің қадамы бар. Сондықтан, бұл қадам бойынша жақын уақытта басқарма төрағасынан, содан кейін директорлар кеңесінен өтеді. Содан кейін жарияланады.

Банк қызығын кімдер көрді?

Қазақстанның Даму банкінің (ҚДБ) құрылғанына 23 жыл толды. Осы аралықта ҚДБ елімізде шамамен 174 жобаны қаржыландырды. Бұл ретте қаржыландыру қалай жүргізіледі деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені қаржыландыру тәртібіне қатысты түрлі мемлекеттік органдардың өз шағымдары бар. Ulysmedia.kz ҚДБ кімнің мүддесін көздейтінін анықтап көрген еді. 

ҚДБ-ны тек мемлекеттік органдар ғана сынап жүрген жоқ, президент те бірнеше рет сын айтты.. Осы банктің қаржыландыруға рұқсат берген жобаларына мұқият қарасаңыз, тізімнен таныс фамилияларды көресіз.

Қарағойшин жайлы

Еске сала кетейік, Forbes тізіміндегі Рүстем Қарағойшин биыл ақпаннан бастап «Бәйтерек» холдингін басқарады. 2019 жылдан 2021 жылға дейін Қарағойшин "Бәйтерек” басқарма төрағасының орынбасары болған. Рустам Қарағойшин Forbes 2023 нұсқасы бойынша Қазақстанның беделді 50 бизнесменінің қатарына кіреді.

Рустам Қарағойшин - "Қазақстанның Зерновой консорциумы" ЖШС басшысы, "Ushtobe Et" ЖШС иесі, "QZQ Development" ЖШС, "KTK Group" ЖШС және Kazakh Agro Production жеке компаниясының тең иесі.