Рақышев VS Назарбаев: дәрігердің сотталуына экс-президенттің інісінің қандай қатысы бар

Ulysmedia

Денсаулық сақтау саласының екі мәрте үздігі атанған білікті акушер-гинекологтың 200 мың теңге парамен ұсталуы 2019 жылы болған оқиға еді. Рақышев сол кезде айыпты деп танылып, 6 млн.теңге айыппұл төлеген. Елге белгілі дәрігер жайлы әлеумет ұмыта да бастаған. Алайда Ulysmedia.kz сайтының Бас редакторы Самал Берікқызына берген сұқбатында дәрігер Наурызбай Рақышев ағынан жарылды. Оның айтуынша, қылмыстық қудалау сол кездегі президенттің інісі Ербол Назарбаевтың тікелей араласуымен болған.

Коллаж Ulysmedia

Рақышевтің нұсқасы

2019 жылдың шілдесінде Алматының №1 перзентханасының бас дәрігері еңбек демалысында жүрген жерінен жұмысқа шақырылған. Оған себеп – перзентханада жүкті әйелдің қайтыс болуы. Н.Рақышевтың міндетін уақытша атқарып жүрген орынбасары Зәуре Датхаева аталған төтенше жағдайдың кесірінен өзінің басы шаталатынын біліп, таныстары арқылы Болат Назарбаевтан көмек сұраған. Ал ол бұл істі өзінің ұлы Ерболға тапсырады. Ербол Назарбаев сол кездері Алматыдағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті төрағасының орынбасары болып қызмет ететін. Оқиғаның бұдан кейінгі өріс алуы Голливуд фильмдерінен асып түспесе, кем болмайды. Рақышев Антикор сценарийінің басты қаһарманы болып шығатынын, әрине, сол кезде білмеген.

- Мен істі болдым, сотталдым, ал еңбек демалысы кезінде менің орныма қалған дәрігер осы оқиғадан кейін жауапкершілікке тартылудың орнына, керісінше, қызметі өсіп кетті. Мен жоқта перзентханада болған жас әйелдің өліміне кінәлі сол-тұғын. Айтпақшы, Назарбаевтардың көмегімен Зәуре Датхаева өзіне тағылған сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыпты жоққа шығартып, кінәні өзгеге аудара салған.

- Сыбайлас жемқорлық туралы толығырақ айтып беріңізші.

- 2015 жылы перзентхананың желдету жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек болатын.  Миллиондаған қаражат жұмсалған осынау тендерге қатысты кейін көптеген мәселелер туындады. Өйткені ол жұмыс істемеді. Осыған қатысты жоспарлы тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде мен жауапкершілікке тартылдым. Осыған қатысты бірнеше рет айыппұл төледім. Кейін осы мәселені жіті зерттеп көрдім, сөйтсем тендер ойнатылған, біреу ұтып алған, ал жұмыс жасалмаған.

Компрессор қойылмаған, ауа шығаратын құрылғылары жоқ. Бірақ пайдалануға беру туралы актіге қол қойылған. Мамандарды шақырып, байқалған кемшіліктерді, заңсыздықтар жайлы акт жасаттым. Бірақ бұл актіне Алматының Денсаулық сақтау басқармасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне жолдап үлгермедім, мен тұтқындалғаннан кейін ол құжаттар жоғалып кетті.

- Пара алды деген қайдан шықты?

- Мұның бәрін істеп жүрген – бұрынғы бас дәрігердің інісі. Ол менен қарызға деп ақша алды. Кейін қайтаруға келерде, антикорға арыз жазып, пара сұрап отыр деп мені айыпты қылған. Антикор мені қарызымды қайтарып алып жатқан кезде ұстады. Менің ісімді қолдан ұйымдастырған адамдар әлі күнге дейін Алматының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінде жұмыс істеп жүр. Тіпті тергеуші тергеуде мені келеке қылып, мазақ етті.

- Сонда қалай келеке етті, толығырақ айтып бере аласыз ба?

- Маған «сен ешкім емессің, кінәңді өздігіңнен мойында, Ербол Болатұлы (Назарбаев) бәрін шешіп қойған, сен бәрібір сотталасың» деді. Осындай сөздерді естіп тұрғанда шынында түңіліп кетесің.

- Сіз сол сөздерден қорықтыңыз ба?

- Мен анау-мынау әлімжеттіктен қорықпаймын. Тіпті «СИЗО-да кереуеттен байқаусызда құлап, жұлының үзіліп өлуің мүмкін, нанның қоқымына қақалып өлуің мүмкін» деген сияқты қорқытуларға да төзуге болады. Ал бірақ сенің туған-туыстарың, ет жақындарың арқылы қорқытқанда сен «сынып» қаласың. Себебі Болат Назарбаевтың, оның жандайшаптарының қылмысы туралы мен көп естігенмін. Ешкім маған қол жұмсап, ұрып-соққан жоқ. Бірақ жаңағыдай туған-туыстарыңмен қорқытқанда, моральдық-психологиялық қысым жасағанда, ол ұрып-соққаннан да бетер. Азаптаулар туралы Токио декларациясының анықтамасы бойынша, тергеушінің тергелушіден ақпарат алу немесе кінәсін мойындату мақсатында оған әдейі психологиялық қысым көрсетуі физикалық әдістерге қарағанда ауырлау тиетіні жазылған.

Менің бір танысымның жолдасы процессуалдық келісімге келіп, кінәсін мойындаған, себебі қысты күні әйелін көк мұзға жалаңаяқ тұрғызып, егер кінәңді мойындамасаң, ол осылай тұра береді деп қысым жасаған. Олар қалай болғанда да өз дегендеріне қол жеткізеді.

- Заң жүзінде жауапқа тартуға, өз құқығыңызды қорғауға болмады ма?

- Олар биліктің шыңына шыққан әулет. Оларға заң да, обал-сауап деген ұғым да әсер ете алмайды. Қазір қарап отырсам, Назарбаевтардың шеңгеліне тек мен ғана емес, жарты Қазақстан ілінген екен. Қарапайым адамдардың шиномонтаж жасайтын шағын бизнесіне дейін тартып алған. Осыған ұқсас жайттар бір емес, жүздеп саналады.

- Сіз сондықтан да процессуалдық келісімге келіскен екенсіз ғой?

- Солай жасайық деп менің қорғаушым да қоймай қойды. Кейін білдім, ол да Антикордың дегенінен шыға алмапты. Түсінесіз бе, сіз қамауда отырсыз, сізге келіп, мынау мынадай болып жатыр дейтін басқа адам жоқ. Тек қорғаушыңыз ғана келіп-кетеді. Сен оған сенесің. Қол қой деген құжаттарға қол қоясың.

- Былай жасайық, бәрі перзентханада қайтыс болған жас келіншектің оқиғасынан басталды ғой. Әрі қарай не болды осы оқиға?

- Жүкті әйелдің қайтыс болуы – үлкен проблема. Мені еңбек демалысымда жүрген жерімнен шақырып алды. Барлық дәрігерлер бригадасы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен қызметтен шеттетіледі. Алматы Полициясы қылмыстық іс қозғайды. Қайтыс болған келіншектің әкесі ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкері – зейнеттегі полиция подполковнигі екен. Сондай-ақ ПД бастығымен жақын араласып жүрген. Ол тергеуді барынша қатаң жүргізуді тапсырған. Мұны маған мені тергеген тергеуші айтты.

- Ал пациент неден қайтыс болды?

- Өлім себебі - көп қан жоғалту. Мұны дер кезінде қолға алса, пациенттің өмірін сақтап қалуға болады. Сондықтан осы іске қатысты барлық медициналық қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Марқұмның әкесі бәрін соттатам деп шешкен. Менің орынбасарым Зәуре Датхаева бұл шуды бұдан да шулы мәселемен жауып кетем деген оймен танысы арқылы Болат Назарбаевқа шыққан. Бұл жағдайды кезінде миллиондаған тендерді біреуге алып беріп, жасалмаған жұмысқа қол қойған перзентхананың бұрынғы бас дәрігері де өз пайдасына жаратпақ болған. Нәтижесінде оның немере інісі Алмас Мұқаметовтың маған қайтаруы тиіс қарызы пара алу дерегі ретінде тіркелген. Оның (Алмастың) перзентхана ғимараты ішінде шағын ғана фотостудиясы бар-тұғын, ол қаржылық жағдайын айтып үнемі ақша сұрап келетін. Алған қарызын уақытында қайтаратын. Кейін осы 200 мың теңге пара алды дегенге себеп болды.

- Ақшаны бейтаныс адамнан сұрай алмайды ғой. Соған қарағанда сіз оны жақын танығансыз ғой.

- Мен оның апасын – перзентхананың бұрынғы бас дәрігерін жақсы танимын. Сондықтан қарыз сұрағанда қайтармай қояды деп қорықпай беретінмін.

- Қарызды қайтару сәті пара алды дегенге себеп болды ма сонда?

-  Иә, маған қарызын қайтарған. Сондықтан мен ол ақшаны еш қорықпастан алдым.

- Сіздің ойыңызша, қылмыстық іс Ербол Назарбаевтың бұйрығымен қозғалды ма?

- Соның әрекеті екеніне еш күманым жоқ. Қылмыстық істе Ербол Назарбаев куәгер ретінде түсініктеме берген. Мен туралы арыз 2019 жылдың 1 тамызы күні сағат 23:00-де қозғалған. Ал келесі күні сағат 15:00-де мені «пара алу» кезінде ұстады. Яғни, арыз жазылғаннан кейін бір тәулік те өтпей жатып, ұстау операциясы ұйымдастырылған. Және маған тергеушінің өзі де айтты, бұл іс Ербол Болатұлының жеке бақылауында деп.

- Неге сіз сотта өзіңіздің кінәсіз екеніңізді дәлелдеуге тырыспадыңыз?

- Мен басқарған перзентхана қаладағы ең үздік перзентханалардың алды болды. Тамыр-танысым да көп еді. Мына оқиға қалай басталды, мен оларды жоғалтып алдым. Хабарласа алмадым. Мен тұңғиыққа батып бара жаттым. Оның үстіне тергеушілер де егер кінәңді өзің мойындасаң, жеңілдік болады деді. Маған сол кезде қалай болғанда да бостандықта қалу керек болды. Сол үшін құжаттарға қол қойып бердім.

- Егер сіз сол кезде тергеу амалдарымен процессуалдық келісімге келмегеніңізде, істің барысы қалай болар еді деп ойлайсыз?

- Қандай жағдайда болмасын, мені бәрібір түрмеге отырғызатын еді. Бірінші сот отырысы Алматының Алмалы аудандық сотында өтті. Процессуалдық келісімге келу жазаны жеңілдетеді. Заң бойынша айыпталушы алған пара сомасының 30 еселенген мөлшерінде айыппұл төлеуі тиіс. Алайда прокурорлар жазаны қатаңдатуды сұрады. Қазір судьяларға дүрсе қою сәнге айналды емес пе? Бірақ менің ісімді қараған судьялар айыппұл көлемін сол 30 еселенген мөлшерінде қалдырды.

- Сіз процессуалдық келісімге келгеніңізге өкінесіз бе?

- Жарты жылдан кейін өз-өзіме келген соң Антикордағы тергеу барысына есіме түсірдім. Олар мені кешке дейін ұстады, жауап алуды кешіктірді, заң бойынша ұсталған сәттен бастап 6 сағаттан кешіктірілмей ғимараттан шығуым керек еді. Ал қылмыстық іс бойынша тергеу материалдарында жыл, ай, күн жазылған, бірақ қай сағатта екені жазылмаған. Бұл ҚР Қылмыстық кодексін бұзу болып саналады.

Адвокаттарым қайта-қайта ауысты. Өйткені істің артында кімдер тұрғанын білген кезде, олар менің ісімді алуға қорықты, тіпті байланысқа шықпай қойды. Алматы қаласының Тергеу сотында да (адвокаттың өтініші бойынша Бас прокуратураның тексеруі болған), Антикорда да санкциялардың қолданылу уақыты жазылған құжаттар жойылғаны белгілі болды. Мұны менің үшінші қорғаушым анықтап білді. Сондай-ақ ол қылмыстық іс бойынша көптеген заң бұзушылықтарды анықтады, мысалы, менен тәркіленген банкноттардың тізімі жоқ, бұл ақшаны тәркілеу туралы акт жоқ және т.б. Әрбір анықталған заң бұзушылық қылмыстық істі қайта қарауға және менің ақтауыма негіз болуы керек еді.

- Назарбаевтар енді жоқ, былайша айтқанда қорқатын дәнеңе жоқ. Бірақ сіз ақталуыңызға неліктен БАҚ-дарын араластырғыңыз келеді?

   – Біз барлық құқық қорғау органдарына хабарластық, арыз жаздық, ол 4 жылға жуық уақытқа созылды. Қылмыстық істі қайта қарауға қол жеткіземін деп ойлаймын. Оның үстіне Президентіміз  «Жаңа Қазақстан» дегенді айтып жатыр. Құқық қорғау органдары заң талаптарын қатаң сақтауы керек және заң бұзушылыққа төзбеу керек дегенді алға тартып отыр Қ.Тоқаев.

- Енді нәтиже бар ма осыдан?

 - Әзірге жоқ. Менің ісіммен депутат Абзал Құспан жеке танысып шықты, оның айтуынша да, бұл іс қолдан әдейі ұйымдастырылған.

- Ол (Абзал Құспан) тіпті осыған ұқсас оқиғалар бойынша арнайы комиссия құруды ұсынған жоқ па еді? Сіз секілді зардап шегушілер көп. Неге барлығы ақталып шықпайды?  

- Сіз адамдардың қандай қысымда болғанын білмейсіз ғой, Болаттың жандайшаптары шаш ал десе, бас алатындардың нағыз өзі. Бұрынғы бір кәсіпкерді білемін, оның табысты бизнесі бар еді, Болаттың адамдары келіп, бизнесіңді бізге өткіз деген талап қояды. Ол бас тартады. Содан кейін не болды дейсіз бе? Оның ұлы мектептен үйге оралмайды, бәрі жанұшырып іздейді. Келесі күні баланы тапты, оның аяғын сындырыпты. Кейін аяғы іріңдеп, оны кесіп тастады. Жаңағы бизнесмен бүкіл кәсібін сатып, қазір таксист болып жүр. Әлі күнге қорқады. Әбден қорқытып тастаған.

- Сіз президентке жүгіндіңіз бе?

- Біз президент әкімшілігі жанындағы жеке тұлғалардың өтініштерін қарау бөліміне хабарластық - олар менің арызымды кері қайтарды. Мен президентке видеоүндеу де жасадым. Қазірдің өзінде ол TikTok-та 250 000-нан астам қаралды. Айтпақшы, менің парақшама жазылушылардың арасында Антикор қызметкерлері де бар.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube арнасынан көре аласыз.