Ұлыстың түсірілім тобы Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірі Qarmet-ке арнайы барып келді. Біз осы сапарымызда кеншілермен кездесіп, қожайыны ауысқан кәсіпорынның бүгінгі ахуалымен танысып қайтқан едік.
Қазақстандық ірі кәсіпорынның тарихы сан қатпарлы, ал соңғы кездері қайғылы оқиғалардан, жұмысшылардың наразылық шеруінен көз ашпады. Оның үстіне, үнді инвесторы Лакшми Митталдың өз міндеттемесіне салғырт қарауы мен биліктің дәрменсіздігі бұл кәсіпорынның бағын аша алмады.
Енді комбинат қожайыны ауысқалы бері қазір мұнда қандай өзгерістер бар? Жұмысшылардың талаптары орындалып жатыр ма? Теміртау көк түтіннен бас көтере ала ма? Дәл қазір миллардер Митталдың бизнесін отандық кәсіпкер дөңгелетіп отыр. Осыған орай, біз Qarmet-тің қазіргі басшылығымен кездесіп, үлкен сұхбат жазған едік. Көре отырыңыздар.
Тарихы
Соңғы жылдары жиілеп кеткен қайғылы оқиғалардың әсері шығар, ақпараттық айдында шахталардың жай-күйі көп айтылды, бірақ кәсіпорын, ең алдымен, металл шығарумен айналысатынын ұмытып та кеткендейміз. Тәуелсіздік алған жылдардан бері 183 кенші жер астында қаза тапты. Былтыр қазан айында болған қайғылы жағдайда 46 азаматымыздан айрылдық. Осы оқиға ел үкіметінің Л.Митталмен ат құйрығын біржолата кесуіне себеп болды. Сөз орайы келгенде айта кетейік, жаңа қожайын комбинат жұмысымен танысуды бірінші күннен-ақ бастап кеткен көрінеді. Жер астындағы шахталарда болып, цехтарды өз көзімен көріп қайтқан, осы арқылы нені жөндеу керек, жұмысты неден бастау керектігін ойына түйіп қайтқан.
«Карметкомбинат» құрылысы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында - елге танк жасауға металл қажет болғанда басталған. Осы мақсатқа Қарағанды әбден сай келетін. Өйткені мұнда темір рудасы да, көмір де бар. Өндіріс алыбы ретінде Qarmet соғыс жылдарынан кейін бой көрсете бастады. Себебі сол жылдары алғашқы қазақстандық шойын өндірілді.
- 1964 жылы 3 шілдеде алғашқы шойын өндірілді. Бұл ерекше әрі елеулі оқиға болды. Ол кезде бұл жер жаңа технологияларды пайдаланатын озық кәсіпорын болатын. Айтпақшы, кейбір жабдықтар әлі де жұмыс істеп тұр, мысалы, электр станцияларындағы қазандықтар енді ғана ауыстырыла бастады, - дейді 1985 жылы Қарметке келген және отандық кәсіпкер басқарса қалай болатынын, шетелдік инвестор басқарса қалай болатынын жақсы білетін Вадим Басин.
Неліктен 2017 жылы зауыттан кеттіңіз? Оған Митталмен келіспеуіңіз себеп болды дейді, бұл рас па?
- Иә, келіспей қалған сәттер болды. Бірақ, әрине, Митталдың өзімен емес, кәсіпорынды басқарған басшылармен. Мән беріп қарасаңыз айтылған жайттардың көбісі іс жүзінде не орындалмай қалды, не сапасыз жасалды. Тиімділігі төмен шешімдер қабылданды, өндіріс пен қауіпсіздік саласында қиындықтар туындады, сонымен қатар өзге де салаларда жетілдіру, бақылау және басқару жағынан ақсап жатты. Осыларды үнемі айта бергеннен кейін жанжал болмады емес, болды, сондықтан компаниядан кетуге мәжбүр болдым.
Миттал неге өз міндеттемелерін орындамады деп ойлайсыз? Бұған әсер еткен Митталдың сараңдығы ма, әлде біздің жүйеміздегі кемшілік пе?
- Бұл сұраққа жауап беру өте қиын, өйткені ол аз ғана уақыт ішінде болат өндірісі бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы компанияны құра білген дарынды менеджер. Барлығы бірнеше кәсіпорыннан басталды: біздің комбинат сол кездегі "Испат Кармет" құрамында болды, содан кейін "Миттал Стил" және "Арселор Миттал" құрамына кірді. Біздің комбинат толық циклді қамтитын ірі кәсіпорын болды. Одан кейін ауқымы жөнінен екінші орында тұрған "Арселор" компаниясын сатып алды. Оның құрамында еуропалық бірнеше зауыт пен Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы зауыттар болатын. Мүмкін осыдан кейін біздің комбинатқа деген қызығушылығы жоғалған шығар. Нақты айта алмаймын, бірақ бізге инвестиция салуға құлықсыз болды. Біз де сол кездері "Арселор Миттал" құрамында болғанымызбен, өгей баланың күйін кештік. Не болса да, бәрі өтті, кетті. Енді кәсіпорын отандық инвестордың қолында.
Өндірістегі мәселелер өз алдына, экологиялық мәселелер де шаш етектен ғой. Теміртауға кірмей жатып, ауаның ластығынан басың айналып, атыңнан ауып кете жаздайсың.
- Біз табиғи газсыз толық циклда жұмыс істейтін жалғыз металлургиялық кәсіпорынбыз. Үкімет бізге көп көлемді бөліп отыр, сонда да ол мәселенің тек 30 пайызын ғана шешеді. Біз жылына 1,2 млрд.текше метр газ жеткізе алатын газ құбырын тартып жатырмыз.
2025 жылдың үшінші тоқсанында бізге газ келеді, бірақ оның көлемі аз болғандықтан, біз он өндірісімізге кезең-кезеңмен қосамыз деп отырмыз. Домна пештерге газ бірінші кезекте қосылады. Өйткені біздің домна пештер мазутпен жұмыс істейтін әлемдегі санаулы пештердің бірі. Біз оны шойын өндіру процесінен шығарып тастап, табиғи газбен алмастырмақшымыз.
Бірақ біз газға ғана сеніп, арқамызды кеңге салып отырғанымыз жоқ. Жаңа технологияларды енгізу керек, өйткені бұл біздің кәсіпорынның, инвестордың көрінетін жері және "Карметте" жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығы.
Толық цикл деп жатсыз, түсіндіріп беріңізші?
- "Кармет" тау-кен компаниясында 3 департамент бар. Олар: кен, көмір және болат өндірісі. Кен өндірісімен айналысатын департаментке 3 кен орны мен Батыс Қаражал шахтасы қарайды. Мұнда темір қазылып, байытылады. Көмір департаментіне Қарағанды облысындағы 8 көмір шахтасы кіреді. Бұл шахталар бұрынғы "Қарағанды-көмір" бірлестігіне тиесілі болған. Ол да бір кездері Кеңес Одағының көмір өнеркәсібіндегі мақтанышына айналған кәсіпорын еді. Бұл шахталар зауытты кокс батареяларының жұмысына қажетті кокстелетін көмірмен қамтамасыз етеді. Ал кокс домна пештерінде шойын алу үшін қолданылады. Яғни, толық металлургиялық цикл деп шикізатты қазып алудан бастап, оны өңдеп, нарыққа өткізуге дейінгі жұмыстарды айтады.
Өнімді дайындау ісі тек металды өндірумен шектелмейді, оның сыртын мырышпен, полимермен, қалайымен, болатпен қаптаймыз. Яғни, бізде шығарылатын өнім түрлері өте көп, ол Қазақстанның көптеген өндірістік орындарында қолданылады және артылғаны шетелге экспортталады.
Барлық өнім Қытайға экспортталады деген ақпарат бар.
- Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Біз Қытайға соншалықты көп мөлшерде жібермейміз, Үрімшіге жіберетін көлем үлкен емес. Иә, 2005 жылға дейін біз Қытайға өз өнімдеріміздің 60-70% экспорттап жүрдік. Бүгінде Қытай болат өндіру бойынша әлемдегі алпауыт елдердің бірі, мұнда миллиардтан астам тонна болат өндіріледі. Мысалы, әлемде жылына өндірілетін болаттың көлемі 1,9 млрд.тонна болса, соның 1,3 млрд.тоннасы Қытайда өндіріледі. Біз мынаны түсініп алуымыз керек: Қазақстан екі бірдей металлургия алпауытының ортасында орналасқан. Бұл болат өндірісінде алда келе жатқан Ресей мен Қытай. Міне, осы екі алпауыттың ортасында жылына 4 млн.тонна болат өндіретін біздің Қарағанды металлургиялық комбинаты тұр. Сондықтан бізге де оңай емес, өніміміздің сапасына ерекше мән бермесек болмайды, бағасы да не жоғары, не төмен болмауы тиіс.
Басты мәселе неде?
- Біз қара металлургия өнімдерін тасымалдайтын дәстүрлі арна - порттардан алыс орналасқанбыз. Ең жақыны 2840 км қашықтықта орналасқан - бұл Ақтау порты, 4000 км - Новороссийск және 6000 км - Владивосток. Және біз өз металлымызды тасымалдау құнымен шектелеміз, өйткені теміржол көлігі өте қымбат, ал бұл металды әрі қарай тасымалдаған сайын оның шығыны да арта береді, бәсі де қымбаттай түседі. Сондықтан бұл жағдайда металымыз нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін шығындарды азайтуымыз керек.
Вадим Борисұлы, өзіңіз де жақсы білесіз, Миттал мен үкімет арасындағы келісім жүзеге асса, оны ресейлік инвесторлар алып қояды екен деген әңгіме болды ғой.
- Мен бұл туралы әлі естіп келемін, бұл ақпаратты тарату кімге керек болғанын білмеймін. Кәсіпорын қазақстандық инвесторға берілгенін және мұнда жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі Қазақстан азаматтары екенін білесіз. Ол жергілікті тұрғындар, Қарағанды облысының 14 мың адамы. Олар бұл жерде ұзақ жылдар жұмыс істеген, зауытты білетін, ыстығына күйіп, суығына бірге тоңып жүрген жандар.
Лакшми Миттал қауіпсіздік жүйесін реттеймін деп уәде берген еді, бірақ жасай алмады, сіз нені өзгертесіз?
- Біздің міндетіміз – көптеген процесті жетілдіру және жүйенің нақты жұмыс істеп, нақты нәтижелерге әкелетініне көз жеткізу: жарақат алу жағдайларын азайту және адам өліміне соқтыратын қателіктерге жол бермеу. Міне, біз автоматтандыруды енгізбекшіміз. Мысалы, домна пештерін тиеу процесі, шойын өндірудің әртүрлі кезеңдері және оны тасымалдау видеобақылау арқылы қадағаланады, ал сканер- жүйе домна пешінде болып жатқан барлық процесті көруге және барлық өлшемдерді бақылауға мүмкіндік береді.
Жоспарларыңыз жақсы екен, бірақ мұның бәрін орындап бітеміз дегенше, жер астындағы кен байлығы таусылып қалмай ма? Болжам бойынша, 360 жылға жететін қор бар дейді.
- Иә, көмір қоры бойынша осынша жылға жететін қор бар. Тек бізде ғана емес, қазіргі тұтыну көлемі бойынша алсақ, жер бетіндегі көмір қоры адамзатқа 300 жылға кәміл жетуі тиіс. Темір рудасын айтар болсақ, өзіңіз ойлап көріңіз, бізде 6 миллиард тоннадан астам кен қоры бар Лисаковское кен орны жұмыс істейді. Оның қорының жартысынан астамында теңгерімдегі темір мөлшері 34% және жартысындағы темір мөлшері 17% болады. Бұл да ештеңе емес, екеуі де байытылуы мүмкін және жақсы сапалы концентрат алуға болады. Тағы бір мәселе, бұл кенде фосфордың мөлшері көп, егер фосфордың мөлшері көп болса, ол болаттың қасиетін жояды, сапасын нашарлатады.
Басқа қорытпаларды немесе болаттың басқа маркаларын шығару жоспарда бар ма?
- Иә, нарыққа байланысты өнімдеріміздің маркасын өзгертуге мәжбүр боламыз. Бұл үшін инвестиция мен оны жасай алатын мамандар қажет.
Сізді "жасыл" энергетикаға көшу туралы әңгімелер уайымдатпай ма?
- Бұл, негізінен, саясиландырылған мәселе деп ойлаймын. Иә, Батыс елдерінің барлығы көмірден бас тартуға шақырып жатыр және олардың барлығының экономикасы дамыған, табыс деңгейі жоғары – модернизация мен жасыл технологияларға ақшасы бар. Олар мұны табанды түрде талап етіп, көмірге түрлі шектеулер енгізеді. Соның ішінде электр станциялары үшін де шектеулер бар. Көптеген әлемдік банктер көмір энергетикасын дамытуға капитал қажет болса, оны жайдан-жай бере салмайды. Осыншама көмір қоры бола тұра, біз оны әлі де пайдалануымыз керек деп есептеймін. Бірақ оны ауаға зияны аз болатындай етіп пайдалану керек.
Qarmet-те 60-65 жыл болған цехтар бар екен, олар әлі жұмыс істеп жатыр ма?
- Қайта құру жұмыстары жүргізілуде, инвестор қазірдің өзінде цехтарды жаңғырту үшін жаңа жабдықтарға шамамен 300 миллион долларға өтінімдер пакетін дайындады. Сондай-ақ модернизацияға тағы 1 150 миллион доллар инвестициялау жоспарлануда. Кейбір жобалар кен департаментінің фабрикаларын жобалау кезеңінде басталады. Көмір және металлургия департаменттеріне қажет кейбір жабдықтарға тапсырыс беріледі. Біз тағы екі полимерлі жабын цехын және мырыштау желісін жоспарлап отырмыз. Бұл көптен жоспарланған, өкінішке қарай, орындалмай қалған іс еді.
Миттал да қомақты қаржы салды дейсіз, бірақ нәтиже болмады. Себебі неде? Сыбайлас жемқорлық па?
- Жемқорлық жергілікті деңгейде болды, бірақ анау айтқандай ауқымды емес. Ал инвестиция уәде етілгендей көлемде болған жоқ. Мәселен, экологияға келсек, бастапқыда сапасыз құрал-жабдықтар сатып алынды. Тек шетелдік менеджерлер кінәлі немесе жергілікті билік сапасыз жұмыс істеді деп біржақты айта алмаймын. Енді бұл мүлдем басқа мәселе, айтпақшы, инвестордың бір ай ішінде барлық 8 шахтаға барғанын, оның ішінде тоннельдер мен өндіріс орындарын аралағанын мен бірінші рет көріп тұрмын.
Миттал өндіріс жұмыстарына қызығушылық танытпады ма?
- Оның империясы ұлғайған сайын мұнда келуін сиретті. Қазір жағдай басқаша, Андрей Сергеевич барлық сегіз шахтаға, барлық өңдеу кәсіпорындарына, Батыс Қаражалдағы кенішке өз аяғымен барды. Бізде қазір мүлде басқа мотивация, жұмысқа деген көзқарас мүлде басқа, өйткені ол барлық процестерге жіті мән береді. Ол металлург емес, бірақ жан-тәнімен беріліп жасап жатқаны сезіледі. Ол бізді тыңдайды, ақылдасады, тек талап қоюмен шектелмейді, ұсыныстарымызды жан-жақты талқылайды.
Жалақы туралы не айтасыз, жұмысшылар риза ма?
- Инфляцияның жоғары болуына байланысты жалақы көтерілді. Соңғы 2 жылда ұжымдық шарттың осы тармағы бойынша ғана еңбекақы 34 пайызға өсті. Салыстыратын болсақ, бұл көрсеткіш бойынша біз тек Магнитогорск металлургиялық комбинатынан кейінгі екінші орындамыз. Компаниядағы орташа жалақы - 671 000 теңге. Енді біз кесімді еңбекақы төлеуге көштік.
Бізде жалақы қоры 540 миллион доллар. Бұл ақшаны табу үшін не сатуды көбейту керек, не өндіріс шығындарын азайту керек, сонда жөндеуге, кенді игеруге, кенді байытуға керек шикізатты сатып алуға, модернизацияға, инвестициялауға қаражат жеткілікті болады. Демек, бұл жерде тепе-теңдік болуы керек, өйткені компанияның кірісі мен шығысы бір-бірімен тәуелді.
Ал жалақыдан бөлек қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?
- Ұжымдық келісімшарт бойынша бұған 12 млрд.теңге қарастырылған. Бұл жұмысшыларға әжептеуір көмек.
Кеншілер тәуекел етіп, қиын жұмыстарды атқарады. Ал егер олар өндірісте көз жұмса, олардың отбасына қандай көмек көрсетіледі?
- Компания жерлеуге арналған барлық шығынды өз мойнына алады, 10 жылдық орташа табысы төленеді; 18 жасқа толмаған балалары болса, жәрдемақы алады. Егер ол Қазақстандағы жоғары оқу орнына түссе, оның оқу ақысы төленеді. Балалар қамқорлықты сезінуі үшін мерекелерге арналған сыйақылар, Жаңа жылда сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар, қайтыс болған кеншінің отбасына белгілі бір сома деңгейінде Қарағанды және Шахтинск қалаларынан пәтер берілді. Сондай-ақ әрбір отбасының несиесі өтелді.
Ал жұмыс орнындағы қауіпсіздік бойынша қандай шаруалар атқарылды?
- Біз еңбек қауіпсіздігі үшін позициялау жүйесін енгізіп жатырмыз. Біз адамдардың, механизмдердің қалай жұмыс істейтінін, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жағдайын және т.б. мұқият бақылаймыз. Біз барлық ақпаратты толық жинақтап, стационарлық жабдықты бақылай аламыз. Бұл дегенің желдеткіштер, газдан қорғау жүйелері, механикаландырылған кешендер, көтеру-түсіру құралдары.
Параметрлерден қандай да бір ауытқу орын алса, жүйе ескерту береді, ал диспетчер шұғыл жағдайды жоюға қатысты шараларды қабылдайды. Біз қазірдің өзінде шахталарға бейнеқоңырауларды енгіздік. Бұрын тек сымды телефон байланысы болған. Қазір шахталарда жарылысқа төзімді заманауи портативті телефондар, бейнебайланыс және интернет бар.
Төтенше жағдайлардың қайталанбауына кепілдік бар ма?
- Кепілдік – жағдайды жақсарту және ең озық технологияларды енгізу жолындағы біздің жұмысымызға байланысты. Біз Кузбасс көмір бассейнінің шахталарын газсыздандырумен айналысатын екі ірі ресейлік компанияны тарттық. Біз жақсы нәтижеге үміттенеміз, біз үлкен тереңдікте туындауы мүмкін түрлі қиын жағдайларды болжай және талдай алатындай етіп, шахтаның үнемі бақылауда болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Мұның бәрі қазірдің өзінде жасалып жатыр, сіз 6 айда көп нәрсе жасалғанына өзіңіз де куә бола аласыз.
Ал маман мәселесі ше? Олар жеткілікті ме?
- Бұл мәселе түбегейлі шешілді деу ерте, тек инженерлер ғана емес, жұмысшылар да жетіспейді. Біз жақында көмір кеніштеріндегі еңбек қауіпсіздігімен айналысатын екі халықаралық компаниямен жұмыс істедік, олардың айтуынша, бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар. өндірісте жұмыс істеуге, оның үстіне ауыр өндірісте еңбек етуге екінің бірі бара бермейді. Бірақ бәрібір, осы салаға қызығатындар бар, біз бұған қатты қуанамыз, оларды қабылдап, дайындап, одан әрі оқытып, көмектесіп, тәжірибеден өткізіп, кейін жұмысқа орналастырып жатырмыз. Маған сенсеңіз, көмір және металлургия салаларында жұмыс істейтіндердің барлығы - патриоттар. Мен оларды романтик деп емес, патриот деп атаймын. Бұл жұмыстан ләззат алатын, қиын жұмыс жағдайына қарамастан, ондаған жылдар бойы жұмыс істеп, өз мамандығына адал болып келе жатқан адамдар, құдайға шүкір, бар.
Ulysmedia.kz қазақстандық металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтайды және оларға темірдей төзім мен болаттай мықты денсаулық тілейді!
Сіз Qarmet кәсіпорнын және оның Бас директоры Вадим Борисұлы Басинмен болған сұқбатты біздің YouTube-арнамыздан көре аласыз.