«Астана» халықаралық қаржы орталығы - офшор емес, «ақ» юрисдикция

Ulysmedia

«Астана» халықаралық қаржы орталығы жақында Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитінен кейін тек экономистердің ғана емес, саясаткерлердің де назарын өзіне аударды. Бұған дейін ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында ұйым аясындағы жобаларды қаржыландырудың арнайы механизмдерін әзірлеуді ұсынған еді. Орталық жұмысына қатысты мәселелерді Ulysmedia.kz Бас редакторы Самал Ибраева «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровтан сұрап білді. Толығырақ материалда.

Коллаж: Ulysmedia.kz

"Астана" халықаралық қаржы орталығы кез келген медиаға сұхбат бере бермейді. Сондықтан шығар, көпшіліктің көкейінде күпті болған сұрақ көп. Ел президентінің пәрменімен бірқатар  стратегиялық маңызды нысандар өз жұмысы, алдағы жоспары жайлы халыққа ашық бола түсті. Ренат мырза, АХҚО-да біраз жұмыс атқарылды, бірақ оны көпшілік біле бермейді. Сондықтан бәрін басынан, АХҚО-ның құрылу тарихынан бастап айтып берсеңіз.

- Рахмет, Самал ханым. АХҚО жұмысына қызығушылық білдіріп, оның жұмысы туралы елге, көпшілікке айтып беруге мүмкіндік жасап отырғандарыңызға көп рахмет!

ТАРИХЫ

- АХҚО - Қазақстандағы ерекше құрылым. Олай дейтініміз, оның өз Конституциялық заңы, тәуелсіз Соты, Арбитражы бар. Яғни, өзіміздің қаржы, сот саласында бөлек заңдарымыз бар. Ол қалай құрылды? Әлемдік қаржы орталықтарының дамуы сауда-саттықтың дамуымен, сауда жолдарындағы қалалардың өсіп-өркендеуімен қалыптасқан. Сауда орталықтарында түрлі қаржы құралдары болады. Нью-Йорк, Амстердам, Лондон қалалары бар. Былай қарасаң, көбі портты қалалар. Бірақ біздің Орталық Азияда Жібек жолы бойында көне қалаларымыз көп болған. Оның ішінде Отырар, Самарқанд т.б. Сарапшылар қаржы құралдары осы Орталық Азияда да болған  дегенді айтып жүр. Кепілдік, қолхат т.б. қаржылық-заңдық шарттар сол кездің өзінде Ұлы Жібек жолы бойындағы қалаларда болған. Кейбір сауда орталықтары эволюциялық жолмен қалыптасты: мысалы, алдымен, қала пайда болды, оның ішінде банкирлер, түрлі ұйымдар, брокерлер пайда болды. Қазіргі ірі қаржы орталықтарының ТОП-3 айтсақ, ол: Нью-Йорк, Лондон, Сингапур, егер кеңірек айтсақ, Гонконг, Шанхай бар. Ұлы Жібек жолы теңіз жолының дамуымен өзінің маңыздылығын жойды, қазір қайтадан жаңғырып жатыр. Кейін осы орталықтар инвестиция тарту құралына айналды. Яғни, бүкіл инфрақұрылым, қатысатын ұйымдар болғаннан кейін, көп қаржы осы ұйымдар арқылы экономикалық акторларға, елдерге, компанияларға салынады. Кейін, мына біздің заманымызда, мемлекеттер өз экономикасын дамыту жолдарын қарастыра бастады. Соны мына араб елдеріндегі Дубай, Абу-Даби билігі "біз мына Сингапур, Лондон секілді болғымыз келеді" деп ойлана бастады. Қарап отырсақ, осы орталықтардың көбісі ағылшындық заң жүйесі бойынша құрылған. Өйткені, бұл, тұрақты. Себебі ағылшын заңнамасы 800-900 жыл бұрын әртүрлі жағдайға икемделіп жазылған. Соны ескеріп, Дубай да, Абу-Даби де, одан кейін Катар да өздерінің қаржы орталықтарын құра бастады. Өзіңіз білесіз, тәуелсіздік алғаннан кейін бізде банк жүйесі жақсы дамыды. 90-шы, 2000-шы жылдары үлкен банктер пайда болды. Олар үшін әлемдік қаржы орталықтары ашық болды. Яғни, банктер әлемдік банктерден капиталын әкеледі, фондтарын, облигацияларын шығару арқылы оны жергілікті бизнеске несие ретінде береді.

ДАҒДАРЫС - МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ

- Бәріміз білеміз, 2009 жылы әлемдік қаржы дағдарысы банк жүйесіне қатты соққы жасады. Біздің де көптеген банктеріміз осы кезеңде қиналып қалды. Сол кезде ел басшылығы ойлана бастады  «елімізге капитал келуі үшін басқа не істей аламыз» деп. Алматыда аумақтық қаржы орталығын құру идеясы бұрын да болған. Осы кезде соны жаңғырту керек болды.

Қаржы ғылымында қаржы негізі екіге бөлінеді: делдалдар (банктер) арқылы (артық ақшамызды депозитке саламыз, керек болса, кредит аламыз) және тікелей қаржы жүйесі, бұл қор нарығы. Ол жерде біз қаржымызды делдалсыз тікелей біреудің акциясына, облигациясына саламыз. Айырмашылығы қандай? Делдалдық жүйеде олар (банктер) шешім қабылдайды, қандай жобаға қанша ақша салатынын, ал тікелей қаржы жүйесінде біз кімнің акциясына қанша салатынымызды өзіміз таңдаймыз. Міне, дағдарыстан кейін бізде осындай тікелей қаржы жүйесі жоқ, соны дамытуымыз керек деп ойлана бастады. Осыдан қаржы орталықтарын құру идеясы пайда болды. Осының негізінде 2015 жылы «» «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы Конституциялық заң қабылданды. 2018 жылдан бастап АХҚО-на компаниялар тіркеле бастады.

ОРЫНДАЛҒАН МИССИЯ

- Біздің басты мақсатымыз: Қазақстанға шетелдік инвесторларды көптеп тарту, оларға тиімді жағдай жасау. Не үшін керек десек, қаржысыз экономика өспейді. Сондықтан шетелдіктерге етене таныс, олар шетелде жұмыс істеп жүргенге ұқсайтын жүйе (орталық) құру керек болды. Бұл жерде екі нәрсе маңызды: қанша пайда табам және қандай тәуекелге барам деген. Келетін қаржының бағасы тәуекелге пропорционалды. Көбірек қаржы келуі үшін көбірек тәуекел ету керек. Сондықтан біз тәуекелдерді азайтып, қаржыны (пайданы) көбейту үшін жұмыс істейміз. Яғни, бұл жерде құқықтық тәуекел. Егер менің бизнесім дамып жатса, оны біреу тартып алмай ма деген құқықтық тәуекелдер болады. Шетелдіктер осы жағынан сенімді болсын деп оларға етене таныс ағылшындық жүйені алып келдік. Одан кейін жан-жағында инфрақұрылым керек. Сондықтан біз реттеуші комитетімізді құрдық. Олар өздері қызмет түрлеріне лицензия береді. Екіншіден, өзіміздің қор алаңы AIX биржасын құрдық. Өйткені компаниялар тікелей құнды қағаздарын нарыққа шығаруы керек. Әрине, бұл жаңа идея болғандықтан, бірден нәтиже бере қояды деп күткені де артық. Алдымен, инвесторлардың сеніміне кіру керек. Соңғы геосаяси жағдайларға байланысты біздің орталық басқаларына қажет бола бастады. Сондықтан оның беделі де өсіп келе жатыр.

СЕНІМ - БАСТЫ КАПИТАЛ

- Біздің орталыққа 2900-ге жуық компания тіркелген. Былтыр бізде рекордтық көрсеткіш болды. 670 компания тіркелді. Ал биыл алты айда 503 компания тіркелді. Сонда 1,5 жылдың ішінде 1200-дей компания тіркелді. Яғни, бұл 2900-дің 40 пайызы. Бұл тек менің ғана емес, маған дейінгі жылдары жасалған ортақ жұмыстың нәтижесі және Қазақстанның геосаяси жағдайға байланысты орта держава ретіндегі салмағының өсуімен байланысты. Біздің еліміздегі реформалар, саяси тұрақтылық – осының бәрі инвесторлардың елімізде бизнес жасауға деген сенімін арттырып жатыр. Биыл жаңа рекорд қоятын болармыз деп үміттенемін.

КІМ? ҚАЙДА? ҚАШАН?

- Орталығымызға тіркелген 2900 компания 81 мемлекеттің компаниясы. Әрине, бір мемлекеттерден көбірек, бір мемлекеттерден азырақ дегендей. 50 пайызға жуығы қазақстандық компания. Екінші орында 400-ден астам компаниясы тіркелген Қытай тұр. Үшінші орында 100-ден астам компаниясы тіркелген Ресей тұр. Әрине, географиялық жағынан жақын болғандықтан, бірлескен жобалар жүріп жатқандықтан, осы мемлекеттерден көп компания тіркелген. Ал Еуропалық Одақ елдерінен 160-тай компания тіркелген. Араб елдерінен, Катардан компаниялар көптеп келуде. Телекоммуникация, газ саласы бойынша катарлық компаниялар көптеген инвестиция салып жатыр.

САТУ ӨНЕРІ НЕМЕСЕ ИНВЕСТОРҒА ТАЛАС

- Әлемде инвесторға деген бәсекелестік өте жоғары. Бұл тек Орталық Азияда ғана емес, жанымызда Қытай, Корея, Жапония сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия нарығы бар, Вьетнам, миллиард жарым халқы бар Үндістанның өзі не тұрады. Ол да даму үшін инвесторларға мұқтаж. Латын Америкасы елдері бар, Африка мемлекеттері бар. Әлемде бұл бәсекелестік өте жоғары. Мен өзіміздің мемлекеттік активтерді арзанға сатып жатқан жоқпыз ба дегенмен келіспеймін, өйткені оны сату процесіне бірнеше мемлекеттік орган қатысады. Мәмілелерге келісім 1 жылдан бірнеше жылға созылады. Әсіресе бұл мемлекеттік еншілес компаниялар болса. Себебі құқықтық жағынан көптеген сұрақтар қойылады. Бағасына қатысты көптеген сұрақтар болады. Кейде алдын-ала айтылған келісімдер аяғына жетпей жатады. Өйткені жағдай өзгеріп кетеді, шешімдер өзгереді. Көптеген факторлар әсер етеді. Сондықтан арзан сатып жатыр дегенді мен өз басым кездестірген жоқпын. Барлық сатылып жатқан активтер нарық бойынша, нарық дегеніміз басқа мемлекеттердегі ұқсас активтермен, инвестициялармен салыстырылады. Қаржы жүйесінде көптеген модельдер, институттар бар. Сарапшылар жұмыс істейді.

“АХҚО-НЫҢ 50 ПАЙЫЗҒА ЖУЫҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОМПАНИЯЛАР…”

-  Кейбір қаржы саласындағы институттар, мысалы, брокерлер бізде AIX алаңы болғаннан кейін жеке компанияларын тіркейді, банктердің филиалы бар деген сияқты. ІТ саласындағы көптеген стартаптар АХҚО-да құрылады. Өйткені оларға шетелдік инвестиция тарту үшін біздің алаң ыңғайлы. Мысалы, сингапурлық венчурлық қор бар. Олардан инвестиция алу үшін не Сингапурда, не АХҚО-да тіркелген болуың керек. Сонда олар сенеді. Бізде құжат айналымының ағылшын тілінде болғанының өзі үлкен көмек, оны аударып, шығындалып, уақытын жоғалтып жатпайды. Сондықтан осындай көптеген ІТ компаниялар тіркелуде. Орталық Азия елдерінен де көптеп келуде.

САЛЫҚТЫҚ ЖЕҢІЛДІКТЕР

Салықтың жеңілдіктерге келетін болсақ, көптеген елдер инвесторлар үшін бәсекеге түсіп жатыр. Біз де оларды қызықтыруымыз керек. АХҚО-да тек қаржылық компаниялар ғана салықтан босатылған. Олар банктер, брокерлер, қорлар, басқарушылар. Біз арнайы лицензия береміз. 2900 компанияның 100-і ғана осындай қаржылық компанияға жатады, сондықтан олар салықтан босатылған. Нақтырақ айтсам, тек корпоративтік салық (КПН) төлемейді.

БАРЛЫҒЫ ТӨЛЕЙТІН САЛЫҚТАР ҚАНДАЙ?

- Осы 100 компания 2066 жылға дейін КПН-нан босатылған. Себебі олар осы орталықтағы қаржыны дамытып жатыр. Жұмысшыларының жеке салықтарын барлық компания төлейді. Екінші жеңілдік: Биржада акциясы саудаға түсіп жатқан компания болса, оның, яғни компания емес, оған инвесторлар өздерінің дивидендтері , пайыз түрінде немесе бағасы өскен кезде сатқан айырмашылыққа (табыс) салық төлемейді. Мысалы, сіз ҚазАтомПромның акциясын сатып алып, кейін оны жоғары бағамен сатсаңыз, одан түскен табысқа салық төлемейсіз.

2066 ЖЫЛ ҚАЙДА, 2024 ЖЫЛ ҚАЙДА?

- Жаңадан қабылданып жатқан Салық кодексінде "жеңілдік мерзімін 2066 жылға дейін созудың қандай қажеті бар еді" деген сарапшылар болды. Яғни, бұл дивидент бойынша. Қор нарығында саудаланған акциялар дивидент төлеген жағдайда одан инвестор салық төлеу керек пе, керек емес пе деген сұрақ. Біздің еліміздегі жеке бас табыс салығы 10 пайыз болса, біз 10 пайыз демей-ақ қояйық, 5-ақ пайыз болсын деген де пікірлер айтылған. Бұл жерде тек Салық кодексін ғана өзгерту жеткіліксіз. Бұған қоса АХҚОтуралы Конституциялық заңын да өзгерту керек. Өйткені ерекше салық режимі осы заңда жазылған. Енді бұл тек талқылау ғана, әлі шешім шыққан жоқ. Меніңше, АХҚО туралы Конституциялық заңын өзгертуге болмайды, өйткені бұл орталыққа, мемлекеттік жүйемізге деген сенімге нұқсан келтіреді. Біз 2066 жылға дейін деп заң қабылдадық, уәде бердік.

СИНГАПУР МЕН ДУБАЙДА...

- Салықтық жеңілдіктер Сингапур мен Дубайда бірдей деп айтуға болмайды.  Онда түрлі тетіктері бар. Дубайда салық төмен, бірақ оның жинау жүйесі де (әкімшілік) басқаша. Мен салық саласының сарапшысы емеспін. Кеше бір жерден оқыдым. Салық жүйесі бірнеше мың жыл бұрын Афины, Римде қалыптасқан екен. Егер Афины бір салық енгізсе, сауда Грекияның басқа қалаларына көшіп кететін екен. Сондықтан салықта балансты сақтау керек. Салықсыз да өмір сүруге болмайды. Себебі салық дегеніміз біздің өркениет игіліктерін пайдалануымыздың бағасы.

САЛЫҚТАН БОСАТЫЛҒАНДАРДЫҢ ПАЙДАСЫ

- Қазір Каспи аударымдарының өзінен салық төлеуді міндеттеп жатқаннан кейін салық жүйесі халыққа қызық тақырып. Сол себепті сұрап жатқаным ғой. Жеке өзім АХҚО туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізуге қарсымын. Ал КПН-нан босатылған компаниялардың инвестор ретіндегі құны қандай?

- Қаржы институттарының басты рөлі олар қаржы жүйесін құрады. Ол біздің ағзамыздағы тамыр жүйесі секілді. Ағзадағы органдар жұмыс істеуі үшін қан барып тұруы керек, сол секілді. Бизнестің, сауда-саттықтың өсуіне қаржы болуы керек. Бұлар экономиканың бойына қан жүгіртетін институттар. Олар елдегі ең үлкен салық төлеуші болмауы да мүмкін. Оған міндетті де емес. Олардың мақсаты басқа бизнес субъектілерінің транзакция жасауына мүмкіндік жасау. Экономикадағы бизнесмендердің бір мәселесі ұзақ мерзімді қарызды қайдан аламын деген мәселе. Қысқа мерзімді қаржының пайдасы азырақ, ол біздің күнделікті операцияларымызға керек. Ал ірі кәсіпорын ашуға, зауыт салуға ұзақмерзімді капитал керек- 5,10,15 жылдық. Тікелей қаржы жүйесінде тәуекел бір қаржылық институтқа түспейді, бүкіл жүйеде болады. Мысалы, инвестор ретінде менің 1000 теңгем бар дейік. Мен оны депозитке салам ба, бүгін салып, ертең алып кететін немесе өнімін алып, облигацияға салам ба 10 жылға? Мен 1000 теңгемді салған компания бұл ақшаны жоспарлай алады. Себебі оның 10 жылы бар. Акция болса, бұл мерзімі жоқ инвестиция. Мен акция алдым ба, енді мен сол бизнестің ішінде болам. Дамыса, пайда табам, құлдыраса, бірге шығынға ұшыраймын. Транзакция дегеніміз де осындай, ақша бір жерде тұрып қалмай, үнемі айналымда болуы керек. Сондықтан қаржы институттарының, қаржы орталығының басты бағыты – осы. Әрине, қосымша өндірістегі компаниялар тіркеліп жатыр. Ол былай қарағанда тұтас әлем, экожүйе сияқты.

ЖАЛТАРУ СХЕМАСЫ

- Сингапур, Лондондағы менталитет басқа шығар, бірақ бізде салықтан жалтару үшін түрлі айла-шарғыға барудан бас тартпайтын компаниялар бар ғой. Ондай әңгімелер де болған. Солар АХҚО-на тіркеліп, ертең салықтан құтылып кетпей ме?

- Айла деп айта алмаймын. Бұл әр компанияның қаржысын жоспарлаудағы шешімдері.  Оны орысша айтқанда «оптимизация налогов» дейді. Ол әлемдік тәжірибе. Естіген шығарсыз, ірі халықаралық компаниялар да бас кеңселерін салық деңгейі төменірек юрисдикцияға тіркейді және көп табысын сол юрисдикцияға жинайды. Кез келген брендті алсаңыз да, осындай жағдай. Кез келген қаржылық директор бизнесін жоспарлаған кезде мұны ойластырады. Әсіресе, бизнесің халықаралық болса. Өйткені рационалды бизнес өзінің шығын деңгейін төмендетуге тырысады. Әрине, қазақстандық компаниялар да осындай амалдарды көздейді. Бірақ АХҚО барлық қатысушыны салықтан босатқан жоқ қой, тек қаржылық институттарды ғана босатты.

АҚШАНЫ ЖЫЛЫСТАТУ

- АХҚО-ны оффшорлық аймақ ретінде қабылдау дұрыс емес қой сонда?

- Дұрыс емес. Біз қаржы жүйесін дамытқымыз келді, сондықтан елу жылға салықтан босаттық. Бұл ұзақмерзімді саяси шешім. Бұл орайда біз жалғыз емеспіз, басқалар да осыны істеп жатыр. АХҚО оффшор аймақ па деген сөз ақпараттың аздығынан пайда болған. Оффшор дегеніміз заң тұрғысынан, география, экономика жағынан әртүрлі түсіндірмесі бар. Заң тұрғысынан алсақ, оффшор дегеніміз салығы төмен, жергілікті экономикаға пайдасы жоқ ұйымдарды тіркей беруді айтады. Көбінесе аралдар. Сіз ол аралға бизнесіңізді тіркеп қоясыз, бірақ ол жерде сіздің бизнесіңіз жоқ. АХҚО бұндай емес. Салық жағынан келсек, біздің кейбір қызмет түрлеріне салық деңгейі нөл болғанымен, Еуропадағы ынтымақтастық және даму ұйымы (әрі қарай – ЕЫДҰ) бізді салық жағынан нұқсан келтірмейтін юрисдикция деп таныған (мойындаған). Екіншісі, бұл ашықтық. Былтыр ғана біз Қазақстандағы АФМ, АРРФР бар, басқа да мемлекеттік ұйымдармен бірге осы ЕЫДҰ-ның ішінде FATF (Ақшаны жылыстатуға қарсы қаржылық әрекет жөніндегі жұмыс тобы. - Ред) деген топ бар, солардың тексеруінен (бағалауынан) өттік. Солардың қорытындысы бойынша біздік юрисдикция «ақ юрисдикция» деп танылды. Біз әрбір тіркелген компанияның артында кімдер тұрғанын жіті тексереміз. Әсіресе, санкция заманында бұл үлкен мәселе. Үшіншіден, біз АХҚО-на тіркелген компаниялардың Қазақстанда немесе осы аймақта бизнесі бар ма, жоқ па, осыны тексереміз. Мысалы, Джерси аралынан көшкен «Polymetal» компаниясы туралы айтып кеттіңіз. Олардың Қазақстанда екі кен өндіріс орталығы бар, ол жерлерде 3000 мыңға жуық қазақстандық еңбек етіп жатыр. Қазір көшіп келген Fix Price компаниясын алып қарайық. Тоғыз елде 6000-нан астам дүкені бар. Қазақстанда 300-дей дүкенінде 1000-нан астам адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Сондықтан олардың біздің елімізде экономикалық мүддесі бар. Қай критерийге салмасақ та, АХҚО-ын оффшор деп айтуға келмейді.

БӨЛЕК СОТ, БӨЛЕК ТӨРЕЛІК

- АХҚО Сотының судьялар қатарында қазақстандық судьялар жоқ. Неліктен?

- Дұрыс айтасыз. Кез келген бизнесте дау-дамай болмай тұрмайды. Сондықтан АХҚО Англия мен Уэльстің жүйесіне негізделгендіктен, біз өзіміздің сот және төрелік институтымызды (арбитраж) құрдық. Яғни, дау болған жағдайда осында шешілуі керек. Қазір біздің сотымызда 10 судья бар. Барлығы ағылшындар. Өйткені олардың білімі де, білігі де, жұмыс тәжірибесі де, шешім қабылдау жүйесі де осы ағылшын жүйеге құрылған, репутациясы бар. Бізге олардың тәжірибесі мен абыройы маңызды. Бұндай бедел жасауға ондаған жылдар кетеді. Сондықтан біз оны сырттан әкелдік. Оларға халықаралық инвесторлар сенеді.

- Біздің судьяларға сенбей ме?

- Олардың әлі ондай тәжірибесі жоқ қой. Біздің АХҚО-ның құрылғаны күні кеше. Біз мұны алдымен білімнен бастауымыз керек. Университеттерде ағылшын құқығын үйретуіміз керек. Екіншіден, оны іс жүзінде қолданатын юристер болуы керек. Олар да пайда болып жатыр.

- Бізде де мықты заңгерлер бар…

- Дұрыс айтасыз, мықты заңгерлер бар. Халықаралық деңгейдегі дауларға қатысып жүрген заңгерлер бар. АХҚО-да өзінің комьюнитиі бар. Солардың ішінен болашақта судьялар шығады деп күтеміз. Бірақ қазір дайын судьялардан ондай мамандар жоқ болып тұр. Өйткені олар қазақстандық сот жүйесінде жұмыс істеп үйренген. Жалпы 2018 жылдан бері 120 іс қаралған және олардың шешімі шығарылған. Бұл мына Дубайдағы, басқа да соттарға қарасақ, қарқыны әлдеқайда жоғары. 2018 жылы бізде бірде-бір іс болған жоқ. Екінші жылы бір-екеуі болды. Қазір жылдың басынан бері 30 шақты іс қаралды.

Біз соттың ісіне араласпаймыз. Ол толығымен тәуелсіз. Бірақ сот шешімдері ашық. Ал төрелік орталығы басқаша. Сот алдына барғанда, дауласушы екі тарап алдағы уақытта енді бірге жұмыс істей ме, жоқ па, белгісіз. Ал арбитражда дауласқан екі тарапқа үшінші тарап төрелік айтады. Бұл жерде 2018 жылдан бастап 2600-ден астам іс қаралды. Ол жабық есік жағдайында өтеді. Себебі олар бір мәселеге келіспей қалады, бірақ оны төрелікпен шешеді, себебі бір мәселеге бола бизнесті құлдыратпайды ғой. Арбитрлардың ішінде қазақстандықтар бар. Жалпы 27 мемлекеттің арбитры бар.

“БОЛАШАҚ” - МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ

- Сіз де, Ренат мырза, «Болашақ» түлегісіз. Лестер университетін үздік бітірген екенсіз. Жалпы көп сын айтылады. Болашақ бағдарламасымен бітіріп келгендерге үлкен қызмет сеніп тапсырылады. Қолдарынан келмей жатады деген стереотип бар. Сіздің де түрлі жастағы әріптестеріңіз бар. Ұжыммен жұмыс істеу деген оңай емес. Басшылыққа келгелі қандай қиындықтар, кедергілер болды?

- Мемлекет жастарға үлкен мүмкіндік жасап отыр. Алдымен, мектепті «Алтын белгіге» бітірдім.

- Қай жерден бітірдіңіз?

- Талдықорғандағы мектепті «Алтын белгімен» бітіргем. Ол кезде талап та басқа. 24-ші экономика және бизнес лицейін бітірдім. 1992 жылы тәжірибе ретінде Талдықорғанда ашылған. Кейін осы тәжірибенің негізінде «Дарын» мектептер жүйесі ашылған. Одан кейін ҚазҰУ-ге оқуға түстім. Оны қызыл дипломмен бітірдім. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасымен оқыдым. Лестер университетін үздік аяқтадым. Қазір біздің орталығымызда шетелде оқыған қызметкерлер өте көп. АХҚО әкімшілігі қызметкерлерінің 40 пайызы шетелден білім алып келгендер. Президенттік кадрлық резервтегі 7 адам қызмет етеді.

- Сіз де кадрлық резервте бар екенсіз...

- Жастарда идея көп. Олардың өмірге деген көзқарасы басқа. Олармен де жұмыс істеп үйрену керек. Себебі біздің болашақ кадрларымыз да осылар. Бірақ аға буынның да тәжірибесі өте керек. Өзім жайлы айтсам, мен де осы орталықта 2016 жылдан бері жұмыс істеймін. Іштен шыққан кадр ретінде орталықты басқару жеңілірек. Сенім білдірген мемлекет басшысына рахмет айтамын.

“ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ СҰРАНЫС БАР, ҰСЫНЫС АЗ…”

Қызметте өсу үшін қазақ тілін білу міндетті емес деген стереотип бар. Жеке пікіріңіз қандай?

- Отбасында қазақша тәрбиелендік. Мектепті де, бірінші жоғары оқу орнын да қазақша оқыдым.  Бірақ қаржы саласындағы көптеген терминдер тіпті орыс тілінде ғана емес, ағылшын тілінде. Жұмысымыз да ағылшын тілінде болғаннан кейін көптеген жолдастарым қазақ тіліне мән бермеуі мүмкін. Бірақ біз мұнымен шектелмеуіміз керек. Білуге талпынуымыз керек. Және қазақ тілінің бизнес тіліне айналуы үшін көбірек көңіл бөлінуі керек деп санаймын. Соның ішінде креативті индустрияның өнімдері арқылы да насихаттау керек. Мысалы, кино арқылы. Егер тіліміздің қолдану аясын кеңейтеміз десек, онда саяси тұрғыдан да, мағыналы фильмдер, кітаптар шығару өндірісін күшейту арқылы да жұмыстану керек. Қазір өзім де кітап оқи қояйын десем, салалық кітаптар жоқтың-қасы. Кейбірі шетелден аударғаннан кейін де оқуға тартпайды. Сапасы нашар. Әрине, әр саланың білгірлері кейін кітап жазса, ол шынайы әрі түсінікті болар ма еді?! Мүмкін, біз де кейін кітап жазармыз. Меніңше, қазақ тіліне сұраныс бар, бірақ ұсыныс аз.

- Ренат мырза, бес баланың әкесі екенсіз. Жеке басқа өтті демеңіз, бала тәрбиесіне қатысты сұрағым келіп отыр. Өйткені осы сұрақтарға жауап беру арқылы сіздің де портретіңіз ашыла түседі. Қазір кейбір отбасылар балаларын орыс тілді сыныптарға бергісі келеді. Сондай стереотип бар. Бала тәрбиесінде қандай принциппен жүресіз? Балаларыңыз қай тілде оқиды?

 - Қазіргі балалар еркін тәрбиені қалайды. Себебі оларды баса беруге де болмайды. Өйткені олар жан-жағындағы балаларды көреді. Тұңғышымызға көп көңіл бөлдік. Сондықтан болар, қазақы тәрбиемен өсті. БИЛ, НЗМ-не өз күшімен түсті. Екінші қызымыздың тілі орысша шықты. Ютуб әсер етті. Дегенмен қазақтілді сыныпқа бердік. Биыл төртінші сыныпты бітірді. Қазақы ортаға барғаннан кейін қазақша сөйлеп кетті. 3-4 балаларымыздың тілі орысша шықты. Бірақ әйелім оларды оқытып-тоқытып, тілін сындырып жатыр. Бұйырса, қазақтілді сыныпқа барады. Өкінішке орай, қазақ тілді контенттен гөрі орыс тілді контент жасаған тиімдірек. Себебі еліміздегі 20 млн. адамның бәрі қазақша сөйлемейді. Орыс тіліндегі контентті, Ресейді қосқанда 100 млн.-нан астам қолданушы пайдаланады. Қаржыгер ретінде мұның тиімді екенін түсінемін. Нарық болғаннан кейін сұраныс болады, сұраныс болса, ұсыныс болады. Экономика заңы осындай. Олар табиғат заңдары секілді, жұмыс істейді, бірақ табиғат заңдары секілді бірден емес, біраз уақыт алады. Сол себепті сұранысты жоғарылату керек.

АХҚО СТРАТЕГИЯСЫ

АХҚО-ның алдағы стратегиялық жоспары қандай? Өзіңізге қандай міндет қойып отырсыз?

- Біздің заңымызда жазылған: Елдің қаржы нарығына қолдау көрсету, инвестиция тарту, жаңа қаржы қызметтерін арттыру. Инвестиция тарту бойынша мемлекет басшысы үлкен жұмыстар істеп жатыр. Әр сапарында осыған жіті мән береді. Кеше өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде де айтылды: экономикалық ынтымақтастық керек деп. Біздің мақсатымыз инвесторлар АХҚО туралы көбірек білсін, осындай қаржы орталығының жұмысымен таныссын деген шаруалар. Керек жерінде мемлекет пен инвестор арасында делдал болу, түсіндіру. Екіншіден, қаржы нарығын дамыту дегеніміз – біздің биржамызды дамыту, тек биржа ғана емес, соған қатысты қор жүйесін дамыту. Инвесторлар ақшамен келіп, оны қандай да бір жобаға салуға дайын болғанда, біз оларға лайықты активтерді табуға көмектесеміз Кейін ол жобаларды өсіріп, IPO-ға шығару жұмыстары бар. Бұдан бөлек, «Жасыл» экономикаға қаржы салу жайы да бар. Әр жоба «Жасыл» ма, экология талаптарына сай ма, жер шарының болашағы қалай болады деген сияқты мәселелер бар. Бұл тек қаржы табу деген сөз емес, жауапкершілікті де көтеру дегенді білдіреді. «Жасыл» қаржы саласын дамытуды біз 2018 жылдан бастадық. Үкіметпен бірге таксономиясын жасадық. Жалпы «жасыл» деген қандай жоба дегендей. Өзіміздің «жасыл» қаржы орталығы бар, осылар үлкен қызмет атқарып жатыр.

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА ТРЕНД ПЕ, ӘЛДЕ ШЫНЫМЕН КЕРЕК ПЕ?

- Сөзіңізді бөлейін, жақында Брюссельге барып келдім. ЕуроОдақ елдері Қазақстанның «жасыл» экономика жобаларына қызығушылық білдіріп отыр деген ақпаратты естіп, таң қалдым. Егер мүмкіндік берсе, біз келуге дайынбыз деп отырған көрінеді.

- Бар, келіп те жатыр. Қазақстанда тұрақты энергия көздеріне қатысты жобалар бар. Күн энергиясына қатысты саудиялық «Аква Пауэр» бар, БАӘ-нің, француздың, Қытайдың  компанияларымен істеп жатқан үлкен жобалар бар. Сонымен қатар Алматыдағы ТЭЦ-3-ті газға ауыстыру жобасы бар. Оны облигациялар арқылы қаржыландыру Еуразиялық даму банкімен бірге біздің АХҚО арқылы істеліп жатыр. Одан басқа да кішігірім жобалар бар. Мысалы, кейбір қаржы институттары, оның ішінде Қазақстанның даму банкі өзі «жасыл» облигация шығарады біздің биржамыздан. Жақында олар 200 млн. доллардан астам сомаға «жасыл» қаржы алып келді. Енді олар кішігірім «жасыл» жобаларға қаржы құяды. Мұндағы «Жасыл» қаржы орталығының рөлі қандай? Бұл халықаралық Капитал нарықтары қауымдастығы таныған (мойындаған) жалғыз верификатор. Яғни, «жасыл» облигация шығардық дейік. Оның шынымен «жасыл» екенін, экологиялық таза өнім екенін кім тексереді? Тәуелсіз ұйым болуы керек қой. «Жасыл» қаржы орталығы осындай тәуелсіз верификатор. Орталық Азия, ТМД аймағында танылған верификаторлардың жалғызы болмаса, бірі.  Тек «Жасыл» қаржы емес, әлеуметтік қаржы деген бар. Яғни, әлеуметтік жобаларға арналған. Бұлар да жеке сала болып саналады. Бұған да Еуропа мемлекеттерінің өз инвесторы болады. Ол аурухана, мектеп салу деген секілді. Бұдан бөлек, исламдық шариғатқа сай қаржылық құралдар бар. Елімізде мұсылмандар саны көпшілікті құрайтындықтан, олар дәстүрлі банктерден қаржы ала алмайды. Сондықтан олар өз бизнестерін дамыта алмайды. Сондықтан оларды шариғатқа сай қаржыландыру керек. Осы саланы дамытуға үлкен күш жұмсап жатырмыз. Жақын арада малайзиялық кеңесшілермен бірге аналитикалық материал (презентация) дайындадық. Мұндағы көздегеніміз біздің елде исламдық қаржыландыруға сұраныс қандай деген сұраққа жауап іздеу болды. Тіпті, бизнесті айтпай-ақ қояйық, жекелеген азаматтар арасында 6 млрд. теңге сомасында сұраныс бар екенін анықтадық осы исламдық банктерге. Оның сыртында сақтандыру деген де бар. Тағы бір үлкен бағыт цифрлық активтер, оның ішінде блокчейн, криптовалюта бар. Мұның бәрі АХҚО-да жасалып жатқан, жасалатын жұмыстар.

КРИПТОВАЛЮТА – ИНВЕСТИЦИЯ

- Криптовалютаға әр мемлекетте әртүрлі ұстаным бар. Бір мемлекеттер оны қаржы құралы және төлем құралы ретінде заңдастырған. Ондайлар аз. Кейбір елдер мұны инвестициялық құрал ретінде таныған, оның ішінде АХҚО да бар. Біз оны ақша деп емес, актив деп таныдық. Яғни, оған инвестиция жасауға болады деген сияқты. Сондықтан біздің юрисдикциямызда 9 криптовалюталық лицензияланған биржа бар,. Сонымен бірге АРРФР және Ұлттық банкпен бірге 1,5 жыл бойы пилоттық жоба жасадық. Ол жоба ақшамызды криптоға салу және шығару бойынша болды. Осы аралықта жалпы құны 240 млн. долларға 63 000-нан астам транзакция жасалды. Биылдан бастап ол пилоттан шықты, толығымен қызмет етіп жатыр. Біздегі барлық крипто биржалары клиенттерінің саны 75 мыңға жуықтады. Азаматтардың қызығушылығы жоғары. Криптоброкерлер, крипто активтерді басқарушыларға лицензиялар шығарып, бұл саланы көлеңкеден шығарып, заңдық жолмен жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отырмыз.

КРАУДФАНДИНГ

- Тағы бір айтайын дегенім – Краудфандинг. Мысалы, бизнеске қаражат керек кезде ол оны банктерден алады. Мысалы, сізде кішігірім дүкен бар. Банкке барсаңыз, кепілдік сұрайды. Сізге көп ақша емес, 20 мың доллар керек болды дейік. Бірақ бизнес жоспарыңыз бар. Сауда жүріп тұр. Арендада отырсыз деген сияқты. Бірақ келесі деңгейге жеткіңіз келеді, сол кезде краудфандинг алаңдары көмектесе алады. Бұл да 2000-шы жылдардың ортасында Америка, Англияда пайда болған құрал. Біз (АХҚО) оған да лицензия береміз деп шештік. Қазір 2-3 краудфандинг алаңдары жұмыс істейді. Олар 35 млн.-ға 200-300-дей бизнеске көмектеседі. Әрине, банкке қарағанда пайызы жоғары. Бірақ кез келген инвестиция бұл тәуекел екенін ұмытпауымыз керек.

- Жақсы, Ренат мырза, АХҚО туралы ақпарат бердіңіз. Ісіңізге сәттілік тілеймін. Сұқбат аясында халықтың қаржылық сауатын ашу деген ізгі ойымыз – бағытымыз бар. Сондықтан бүгінгі сұқбат көпшілікке пайдалы болады деген үміттемін.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан көріңіздер.