Құпиялар құлыпталған Telegram «кілті»: Дуровтың мессенджері бізге қауіпті ме?

Ілияс Бақыт

Өткен сенбіде Францияда Павел Дуровтың тұтқындалуы бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Мәселе ұсталған адамның жеке басы туралы емес, оның қолынан шыққан өнімдер – әлемнің көп еліне таралып үлгерген Telegram мессенджері мен TON криптовалютасы жайлы.

Бүгінде 8 миллионнан астам белсенді қолданушысы бар Қазақстан да шудан шет қалған жоқ. Интернеттің басқа сегменттеріндегідей қазнетте де бір сұрақ қызу талқыланып жатыр: Telegram коммуникациялар үшін ең құпия алаң болып қала ма?

Дәл осы сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстан Интернет ассоциациясының президенті Шавкат Сабировқа қойды.

Коллаж: Ulysmedia.kz

БҰЛТТЫ МЕССЕНДЖЕР

Шавкат Омарұлы, Telegram құпиялылығы неге негізделген?

 – Әрине, ақылға қонымды жағдай емес, бірақ әлемдегі барлық барлау агенттіктерінің Telegram қолданушыларының қауіпсіздік сертификаттарын алу үшін Дуровты қолға түсіруге деген ұмтылысын ескерсек, бұлай болары болжанған, – деді респондентіміз.

– Бұл жерде мәселе желі қолданушылары айтып жатқандай Павел өзінің мессенджерінің «кілттерін» құқық қорғау органдарына бере алатындығында емес. Бұл мессенджер ең заманауи технологиялар бойынша жұмыс істейді, өзінің дербес шифрлау протоколын, бұлттық қызметтерді және peer-to-peer сияқты бұрыннан белгілі әртүрлі технологияларды қолданады, яғни екі пайдаланушының телефондары арасындағы тікелей байланыс орнатылған.

Сонымен қатар, пайдаланушылар peer-to-peer функциясын өшіре алады, себебі ол қоңырау шалушының IP мекенжайын анықтауға мүмкіндік береді. Telegram бұлтқа негізделген қызмет технологияларын үлкен көлемдегі ақпаратты жіберуге мүмкіндік беретіндей етіп пайдаланады, ал WhatsApp-та видеолар мен суреттерге шектеу бар. Қарапайым тілмен айтқанда, Telegram-да барлық құрылғылар бір-бірімен жұмыс істей алатын жалпы бұлттық орта бар, бұл іздеу жүйесі сияқты әртүрлі арналардан ақпаратты іздеуге мүмкіндік береді. Құпия чат функциясы бар, онда ақпарат бірден құрылғылардан өшіріледі.

Сіз Telegram-дағы барлық ақпаратқа қолжетімділік жоқ дегіңіз келе ме? Сонда модераторлар заңмен тыйым салынған контентке қалай қол жеткізеді және оны қалай жояды?

–  Екі нақты пайдаланушының хат-хабарларын оқу үшін үшінші тұлға олардың біреуінің қауіпсіздік сертификатын алуы керек. Қарапайым компьютер сияқты. Сондықтан, менің ойымша, Дуровқа әлдебір ақпарат жөнінде жүгінген кезде, ол нақты сұрайды – аккаунт идентификаторы, заңсыз әрекетті растау және т.б. Сондықтан құқық қорғау органдарының сұраулары, менің ойымша, пайдаланушы атын емес, идентификаторды қамтуы керек. Дуровтың командасы контентті тексереді деп ойлаймын, мәселен, террористік әрекеттің элементтері бар екенін көрсе, айталық, бомбаны қалай жинау керегі үйретіліп жатса, ол құқық қорғау органдарына тиісті ақпаратты береді. Бірақ бүгінде құқық қорғау органдарының мүдделері терроризмнен әлдеқайда асып түсетіні белгілі. Қазір көп мәселе саяси сипат алды.

БАТЫС БАҚЫЛАУЫНДА МА?

Сіз Telegram-ға Батыс құқық қорғау органдарының назарын қазіргі геосаяси жағдаймен, АҚШ пен Ресей Федерациясының қарсыласуымен, санкциялармен және Украинадағы соғыспен байланыстырасыз ба?

– Иә, әрине. Менің ойымша, қазір Батыс құқық қорғау органдары жалпыға мәлім оқиғаларға байланысты Ресей азаматтарына тиесілі аккаунттардың «кілттеріне» көбірек қызығушылық танытып отыр. Осыны ескере отырып, мессенджер пайдаланушыларының алаңдауын түсінуге болады. Бүгінгі таңда Telegram – түрлі  тақырыптарда тыныш және қауіпсіз сөйлесуге мүмкіндік беретін жалғыз алаң. YouTube-та платформа саясатына қайшы келетін дүниені айтып көріңіз. Мысалы, пандемия кезінде YouTube  COVID-19 видеоларын қатаң модерациялады және бірден контентті бұғаттау туралы ескерту жіберіп отырды. Көп адам белгісіз себептермен видеоларының бұғатталатынына немесе көрсетілімдерінің күрт азайғанына шағымданады. Жалпы, 2022 жылғы оқиғалар Орталық Азиядағы интернет-ортаға кері ықпалын тигізді, қазақстандық сайттардың индекстелуі төмендеді, трафик пессимизацияланып жатыр және т. б.

Батыстың танымал әлеуметтік желілері Орталық Азиядағы қолданушыларын шектейді дегіңіз келе ме?

– Бұл факті. Есіңізде болса, 2022 жылдың маусымында Facebook күтпеген жерден барлық пайдаланушылардың жазылушыларын теңестірді – 10 мыңға дейін.  Бір айдан кейін ол бәрін қайтарды. Алайда кейінірек белгілі болғандай, олар өздерінің барлық контентті шектеу алгоритмдерін 10 мыңға теңшеу үшін жасады. Менің ойымша, бұл үгіт-насихатпен күресу аясында жасалған. Іс жүзінде алпауыттардың бәрі өздерінің алгоритмдерін ресейлік үгіт-насихатқа қарсы күрестің бір бөлігі ретінде өзгертті. Интернетте жұмыс істеу әлдеқайда қиындады және жұмыс тиімділігі бірнеше есе төмендеді.

Қазақстандық БАҚ-тың Telegram-ға жаппай көшуі осыған байланысты деп ойлайсыз ба?

– Әрине. Бүгінгі таңда Telegram – бұл тәуелсіз медиа контенттерін жариялайтын жалғыз алаң. Қазақстандық қытайтанушы Әділ Кәукенов өзінің Telegram-арнасында жазғандай, Facebook пен Telegram-ды салыстыратын болсақ, алғашқысының бәсі төмен. Facebook жазбаларды еш түсіндірусіз жойып жібереді, постардың таралуына жол бермейді, ақы тқлеуді талап етеді. Ал Telegram-да, Кәукеновтің айтуынша, оның жазбалары 200 мың тікелей қаралым жинайды. Егер сіз сілтемелер мен репостарсыз жай қарап шыққандарды санасаңыз, онда 1 миллион қаралымға жетеді – бір ғана жазба. Сондықтан біздің барлық ақпарат құралдарымыз қазір Telegram-да. Өйткені бұл мессенджерде нақты, сауатты жарнама арқылы миллиондаған аудиторияға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Telegram-дағы және дәстүрлі әлеуметтік желілердегі тиімділік салыстыруға келмейді. Telegram бүгінде интернет алпауыттары үшін де, құқық қорғау органдары үшін де маңызды бәсекелес болып отыр.

АҚША, ИНТРИГА, ТЕРГЕУ…

 Бірақ Telegram-да күмәнді және тіпті ашық қылмыстық арналар да бар екенін жоққа шығаруға болмайды ғой.

– Ондайлар кез келген алаңда бар. Бірақ егер біз бүгін контентті модерациялау қызметін салыстыратын болсақ, ең ақылға қонымдысы Telegram-да. Мессенджерді қолдау қызметі бірден жауап береді. Онда боттар емес, тірі адамдар отырады, олар әрбір мәселені қарайды, зерттейді, реттейді. Әрине, Telegram-да қылмыстық арналар бар, олар мұндай байланыс құралын қалт жібермейді. Бірақ олармен күрес ондаған жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан қалта ұрыларымен күрес сияқты. Бұл күрес күнделікті қажырлы жұмысқа айналды. Бірақ мессенджердің артықшылығы азаймайды, керісінше, артады. Telegram-да модерация қызметінің сапалы екені айқын.

Дуровтың қамауға алынуы Telegram-ның өзгеруіне және оның Facebook, Insagram сияқты батыстық әлеуметтік желілермен біртұтас құрылымға айналдыруы мүмкін?

– Олай болуы екіталай. Менің ойымша, Дуров өз әлеуметтік желісінің «кілтін» ешкімге бере салмайды. Егер берсе, ол осы мессенджерден тапқан және әлі де табатын миллиардтарымен қош айтысады деген сөз. Бұл өте үлкен тәуекел. Содан соң, Дуров ВКонтактені құрған алғашқы күннен бастап әрқашан тәуелсіз болды. Бірақ үнемі мәмілеге келе білді. Әлемдегі барлық қызметтер ымыраға ұмтылады, жаға жыртысудан ешкім опа тапқан емес. Көп ел Дуровпен ортақ тіл табысып отыр. Кейбір елдер, мысалы, БАӘ, оның платформасына шамамен 200 миллион доллар инвестициялады және Дуров осы ел азаматтығын алды. Менің ойымша, олар Павел үшін күреске кіріседі, өйткені өте үлкен коммерциялық мүддесі бар. Сонымен қатар, олар өз контенттерінің әлдекімнің қолына түскенін қаламайтыны анық.

КІМ КІМНІҢ ЖАҒЫНДА?

Әзірбайжан телеграм-арналарында АҚШ-тың қысымымен Дуров Әзірбайжанда қамауға алынды, содан кейін өзінің жеке ұшағымен Францияға жеткізілді деген қауесет тарады. Қалай ойлайсыз, бұл шындыққа жанаса ма?

– Шынымды айтсам, білмеймін. Бұл қастандық схемасының негізі бар шығар, болмауы да мүмкін. Павел Францияда іздеу жарияланғанын нақты білді, бұл елге сапарының қалай аяқталатынын да білді, сөйте тұра өзінің жеке ұшағымен Парижге ұшты. Неліктен? Бізге бұл сұрақтың жауабы әлі беймәлім.

Павел Дуровтың тұтқындалу оқиғасы қалай аяқталуы мүмкін? Бұл жайт саяси сипат алып үлгерді емес пе.

– Ол осы алаңда жалғыз қалғанда бұл мәселе бірден саяси сипатқа ие болды. Бірақ, менің ойымша, мұндай деңгейдегі миллиардерлер түрмеге жайдан-жай отырмайды. Әлемде мысалдар жеткілікті. Біреуін адам зорлағаны үшін, екіншісін салық төлемегені үшін отырғызуға тырысады. Олардың өз заңы бар, бұл басқа әлем. Көріп отырғанымыздай, бүгінде бәрі Дуровқа жақтасып отыр. Дау Павелдің өзі үшін де, Telegram қолданушылары үшін де сәтті шешіледі деп үміттенеміз.