ÓzgeEpic қандай өзгерісті қалайды – Мақпал Жұмабайдың өзге қыры

Мөлдір Бақыт

Бірер ай бұрын Астанада ÓzgeEpic креативті хабы ашылды.

ulysmedia

1500 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан шығармашылық кеңістік заманауи қазақ өнерін дамыту мен қоғамның мәдени санасын жаңғыртуды көздейді. Креативті хаб – Алматыда және Түркістан қаласында жұмыс істейді.

Оқырманға ÓzgeEpic-тің шығармашылық жетекшісі, белгілі ақын, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» республикалық ұлттық-ғылыми практикалық орталығының Бас директоры Мақпал Жұмабаймен едел-жедел жазылған сұхбатты ұсынамыз. Бұлай дейтініміз,  ÓzgeEpic-те өткен көрмелердің бірінде Мақпалды жолықтырып, табан асты көкейдегі сұрақтарды қойып, арадағы әңгімені телефонның диктафонына жазып алған едік. Айтпағымыз, спикердің бізден мұндай сұрақтарды күтпегені анық байқалды...

– Сіздің әдебиетке жақын екеніңізді, ақын екеніңізді білемін. Бірақ, мен бүгін сізді іскерлік қырыңыздан танығым келеді. Іскер, мықты әйелдерді көргенде бірден «Осы қыз бәріне қалай үлгереді?» деген ой келеді. Сіз қалай үлгеріп жүрсіз?

– Қазір уақытты басқаруды үйрететін, ананы, мынаны үйрететін көптеген әдіс-тәсілдер бар. Бірақ мен уақытты басқаруды өз тәжірибелерім арқылы үйрендім. Қазіргі уақыт – бәріміз білетіндей, қоғам қатты трансформацияланып жатқан, бүкіл әлем өзгеріп жатқан уақыт. Осыдан оншақты жыл бұрын маған мынадай ой келді: бізге бір адам болып өмір сүруге болмайды. Бізге мүмкіндіктерімізді ашып, лажы болса бірнеше адамның ғұмырын сүру керек. Өзімнің ішкі ойларымнан туған дүниені іске асырып көргім келді. Сондықтан мен көп сала бойынша экспертпін және кәсіби түрде айналысамын. Барлық салада өте жоғары нәтиже көрсетуге тырысам. Сол себепті уақытты тоқтатып қоюға болады деп санаймын. Бұл үлкен әңгіме, мен оны өзім зерттедім. Адамның мүмкіндіктері, қабілеті, әлеуеті қай жерге бара алатынын жастарға көрсеткім келеді. Өз балаларыма үлгі болғым келеді, басқа артық ойым жоқ.

– Жалпылама айтып тұрсыз ғой, құпиясын, егжей-тегжейін бөлісе аласыз ба? Мысалы, әр салада жақсы нәтиже көрсете аламын дейсіз. Бұл қабілет пе, әлде тәртіп пе?

– Ол ең біріншіден өте үлкен тәртіп, содан кейін өз бойыңда бар қабілеттер мен дағдыларды дамыту. Адам баласы дүниеге бірдей болып келеді, бірдей мүмкіндікпен туады дегенді көп естиміз ғой және мен соған сенем. Адам күнделікті көрген түрлі нәрсесін үйренуге қолданатын болса, оның мүмкіндігі шексіз.

– Ұйқы режиміңіз қандай?

– Ұйқы режимімді өмір бойы түзеуге тырысып келемін, бұл – менің орындалмас арманым, бірақ соған ұмтылып жатырмын.

– Таңғы 5-те тұру керек деген кеңес айтпайсыз ба?(күліп – ред.) Жетістікке жеткен адамдардың көбі таңмен таласа тұратындай көрінеді ғой...

– Жоқ, мен ұйқыны жақсы көрем. Сенбі күні ұйқымды қандыруға тырысам, сол маған бір аптаға жетеді. Бұл тексерілген. Мен соңғы 4-5 жылда тәжірибеге енгізген тәсіл.

– Жалпы, біздің елімізде креативті экономика жайлы әңгіме былтырдан айтыла бастады. Үкімет арнайы жоспар қабылдады. Сіздің креативті хабыңыз креативті экономикаға қалай үлес қоспақ?

– Бұл дүниенің бәрінің басында менің туған әпкем, арт-менеджер Тоғжан Құрманжанқызы да тұр. Әрине, біз құстың қос қанаты секілді қатар талпынбасақ, мұның бәрі жүзеге аспас еді. Бұл біздің елде креатив деген сөз қолданылмай тұрып пайда болған құрылымдар, алғаш рет ресми түрде 2019 жылы жұмыс істей бастады, ал бейресми түрде бұл кеңістіктердің тарихы тіпті әріден бастау алады. Біз өзіміз ғимараттарды жалдап, концепциялар құрып, стратегиялар жасап, қазақ жастарына ыңғайлы болатын, өздерінің қабілетін шыңдай алатын, өнерлерін ортаға сала алатын кеңістік керек екенін сездік. Ал енді уақыт өте келе біздің жұмысымыздың бір ұшы креативті экономикаға келіп тірелетінін, бізден күтілетін нәтиже сол болуы керек екенін түсініп жатырмыз. Уақыт алға қойып отырған жаңа талаптар, жаңа ережелерге ілесу оңай болып жатқан жоқ, бірақ біз тырысып жатырмыз.

– ÓzgeEpic-тің заңды иесі кім?

– Тоғжан Құрманқызы. 100% cол кісінің атында. ÓzgeEpic – қоғамдық қор.

– Қазір сонда 1500 шаршы метр ғимаратты жалға алып отырсыздар ма?

– Иә, жалдап отырмыз.

– Бизнеси ойлау болмаса, мұны басқару қиын ғой...

– Жалпы, біздің санамызда өнер ақшамен байланысты болмауы керек деген түсінік бар және осы дүние өнер адамдарының, мәдениеттің ақша таппауына әкелді. Бұл әлі де зерттеуді қажет ететін дүние. Бірақ дәл қазіргі кезде адамның миы, қабілеті, зияткерлік әлеуеті – әлемнің ендігі қазба байлығы, мұнайы мен газы. Соны ұтымды пайдалану керек, оның әдіс-тәсілдері бар, бүкіл әлем одан өткен, жаһан соған ұмтылып отыр. Алысқа бармай-ақ, Голливудтың тәжірибесін алайық немесе Оңтүстік Кореяны көп айтамыз. Одан бері жүздеген мемлекеттер жүзеге асырып отырған жол. Соның бәрін зерттеп, өз жолымызды табуымыз керек.

– Сонда сіздердің араларыңызда бизнеси ойлау жүйесі әпкеңізге тәнірек пе?

– Біз бәрін жығылып жүріп үйрендік. Сондықтан жұмысымыздың бәрін қадағалап, жол сілтеп, соның бәрін реттеп отыратын – әрине, Тоғжан. Өйткені менің әлеуметтік бастамаларым, негізгі жұмысым бар, соларды қатар ала жүріп команданың қасында болуға тырысам.

Суретте Мақпал Жұмабай мен әпкесі Тоғжан Құрманжанқызы 

– ÓzgeEpic бюджеттен ақша ала ма?

– Жоқ, ешқашан бюджеттен ақша алмаған.

– Сонда сіздер табысты қайдан табасыздар?

– Табысты өнер туындыларына билет сату арқылы, үлкен, кіші, орташа – түрлі деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру арқылы, әрбір қолданушыға қызмет ұсыну арқылы табамыз.

– Ғимаратты жалдау құны құпия ма?

– Құпия. Өйткені келісімшарттар бар.

– Әкімдіктен жалға аласыздар ғой?

– Иә.

– БҚО-да филиалдарыңыз ашылғалы жатыр. Ол франшиза ретінде жұмыс істей ме?

– Жоқ, оны да өзіміз құрып жатырмыз. Бірақ бұл жоба Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге аспақ. Біз аймақтарда креативті хабты дамыту жобасы аясында грант ұтып алдық.

– Осы уақытқа дейін бірнеше қызметте болдыңыз. Жаныңызға қайсы жақын: қызмет пе, әлде ÓzgeEpic пе?

– Өз өмірімнің бір кезеңінде маған сұрақ басқаша қойылатын. «Саған қызмет жақын ба, әлде өнер, өлең жақын ба?» деп сұрайтын. Мен сондай таңдау үстінде ұзақ уақыт жүрдім. Аяғымнан нық тұрғанша көп сыннан өттім. Қазір мен өзіме ондай сұрақ қоюға рұқсат етпеймін. Ол адамның сан қырлылығы, әр алуандығы сияқты. Қалаған салаларын қатар алып жүруге барлық адам қабілетті. Біз қазір біреуге үлгі болуға тырыспай-ақ қояйықшы. Мен басқа емес, өз балаларыма үлгі болғым келеді және олар өз аналарының өз идеялары үшін және жас буын үшін қалтқысыз қызмет етіп жатқанын түсінуі керек.

– Білуімізше, сіз Президент жанындағы жастар кеңесінің мүшесісіз. Бұл кеңес немен айналысады, оған қалай өттіңіз?

– Кеңеске қатысу жөнінде ұсыныс түсті және мен түрлі салада басымнан өткен тәжірибемді ескере отырып, Отаныма, халқыма бір пайдам тиеді деген оймен келісім бердім. Үлкен, кешенді бағдарламаларды жасауға, я болмаса заңдарды қабылдауға қатысты пікірімді айтуға мүмкіндігім бары үшін және өз атымнан ғана емес, көптеген қауымдастықтардың атынан ұсыныс бере алатыным үшін жақсы алаң деп есептеймін.

– Қазіргі қоғамдағы ең басты үш проблеманы атай аласыз ба? Мысалы, өзіңіз айтып отырған кеңесте көтеретіндей қандай мәселелер бар?

– Өте күрделі сұрақ. Сіз тезірек жауап алғыңыз келеді, бірақ сауал көп ойлануды қажет етеді. Жауапты барынша ықшамдап, адамға қатысты проблеманы айтайын. Ең бірінші – жауапкершілік, екінші – тәртіп, үшінші – өз қадамдарына деген сенім. Осы үшеуі болса, өзгермейтін нәрсе жоқ деп ойлаймын. Ал үлкен проблемаларға бойламай-ақ қояйын. Мен сөзден гөрі істі жақсы көрем, сондықтан әр қадамым арқылы жұмысымды көрсетіп жүрмін.

– Креативті хабта қандай жастардың тоғысқанын, қандай жастардың ашылғанын қалайсыз? Жалпы, қазақ креативті ұлт па?

– Халқымызда «Әу демейтін қазақ жоқ» деген сөз бар. Бірақ оның интерпретациясын біз түрлі-түрлі ән айтуға апарып тіреп жүрміз. Бірақ «әу деу» адамның шығармашылық мүмкіндіктерінің жалпылама атауы деп ойлаймын. Толық сенетін бір дүнием – біздің халық креативті ойлау арқылы жаңа сапаға көтеріле алады. Бұл жерге әр түрлі жастар келеді. Мұнда біздің қоғамның, жастардың сан алуандығын көруге болады: қазақша сөйлейтіндер де, орысша сөйлейтіндер де, шетелден келген қандастар да, елімізге қоныс аударған басқа халықтар да келеді. Біз құндылықтарымызды интеграциялау арқылы ең қастерлі дүниелерімізді дамытқымыз, тереңдеткіміз келеді.

– Қателеспесем, шілденің ортасында ашылдыңыздар, иә? Соңғы үш айда тапқан табыстарыңыз жалдау құнын жапты ма?

– ÓzgeEpic-тің табысы қай кезде де, басқа қалаларда да жалдау құнын жабуға жеткен. Одан бөлек, қызметкерлеріміздің жалақысын төлеуге де мүмкіндігіміз бар. ÓzgeEpic-те ондаған театр, ондаған резидент бар. Барлығының шарттары бар, табыс табу мүмкіндіктері зор. Былайша айтқанда, кішігірім зауыт сияқты – мәдениет зауыты, өнер зауыты.

– Ол қандай театрлар сонда?

– Астананың өзінде ÓzgeEpic-тің 25 резиденті бар. Оның ішінде суретшілер, әдеби қауымдастықтар, қолөнер бұйымдарын өндіретін үлкен құрылымдар, баспалар бар. Олардың бәрі креативті хабты өздерінің туындыларын ұсынатын алаң ретінде пайдаланады. ÓzgeEpic-тің құрылымы үлен инкубатор секілді: бұл жердегі қимыл-қозғалыс осы кеңістіктегі адамдардың өз қарым-қабілеті арқылы табыс табуына бейімделген. Біз оларды дамытамыз, өсіреміз, бірге жоба жасаймыз.

– Forbes биыл бірінші рет Қазақстандағы ықпалды әйелдердің тізімін жасады. Осы басылым рейтингіне енетін ойыңыз, жоспарыңыз бар ма?

– Рейтинг егер ақшамен эквивалентті болса, оны ешқашан қуып жете алмайтыным анық. Ал бірақ істеп жүрген ісіміз арқылы ықпалды деп танитын болса, несі бар? Әрине, маған ол қажет емес, бірақ өзіне үлгі болар кейіпкер іздеп жүрген жас қыздар үшін маңызды болуы мүмкін.

– Мемлекетшілдік деген не?

– Менің ұғымымдағы мемлекетшілдік – өз мемлекетіңді қалтқысыз сүю және қайтарымсыз қызмет ету.

– ÓzgeEpic қандай өзгерісті қалайды?

– ÓzgeEpic – өнер арқылы өзіңе жайлы қоғам құру. Өнер арқылы проблемаларды айту, жаныңдағы дүниелерді сараптау, адам ретінде жаңа сапаға көтерілу.

P.S. Интеллектуал контент ұсынушы ÓzgeEpic жақында тағы бір жоба бастады: ÓzgeAdebiet stand up. Қазақ әдебиеті бұған дейін сахнаға кейде ән боп, кейде жыр боп, бірде кино, бірде спектакль боп шығып жүрсе, енді міне жаңа заман жанры – стендапты да жатсынбады.