"Қателікті мойындап, кешірім сұрамай достық құру мүмкін емес" - Польша Елшісі

Ulysmedia
Ulysmedia.kz

Құрметті Ұлыстың көрермені. Бүгін Ұлыстың алаңында өздеріңіздің сүйікті қонақтарыңыз, Польша Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда мырза келіп отыр.

Михал мырза осыған дейін, былтыр желтоқсанда Ұлыстың алаңында көлемді сұқбат берген. Біздің көрермендер, оқырмандар сізді көреді, таниды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 80 жыл толып отыр. Осы орайда менде сұрақтар өте көп. Неге бұл мерекеге қатысты халықтың пайым-түсінігі өзгерді, неге бұл мерекені біз Ресей пропагандасы арқылы қабылдаймыз? Михал мырза осы сұрақтарға жауап беруге келісті. Менің ойымша, бүгін айтылған мәселелер сіз бен бізге әсер етеді деген үміттемін. Михал мырза, қош келдіңіз! 

- Жеңіс күні құтты болсын! Қазақстандықтар үшін Жеңіс күні үлкен мерекелердің бірі, сондықтан шын жүректен құттықтаймын!

ЖЕҢІС КҮНІ ӘРТҮРЛІ КОНТЕКСТЕ 

Михал мырза, мен көзімді ашқалы біз үшін 9 мамыр – Жеңіс күні болды. Әрине, ол жерде кеңес өкіметі кезінде түсірілген фильмдер көрсетіледі. Біздің де қаншама аталарымыз соғысқа қатысты, жанын қиды. Ә.Молдағұлова, М.Мәметова сынды қыздар да соғысқа қатысты. 80 жыл өткеннен кейін осы мерекеге қатысты біздің көңіл-күйіміз неліктен өзгеріп отыр? Бұл күнді біз қалай қабылдауымыз керек? Оның ішінде қазір болып жатқан Ресей-Украина соғысы бар. Мүмкін бұның да әсері болған шығар. Қалай болғанда да бір диссонанс бар. Осы диссонанс неліктен? Оны қалай түсінуге болады?

- Бұл мереке Қазақстанда үлкен көлемде аталып өтілетін мереке екенін жақсы білемін. Бұл мерекені Полонияда қалай атап өтеді, бұл мереке Полонияға қандай қатысы бар деген мәселе бойынша ғана айта аламын. Себебі бізде мамырдың 9-ы жеңіс күні емес. 

Жеңіс күні емес?

- Жеңіс күні емес. 2015 жылы бізде арнайы заң қабылданды, 8 мамыр – фашизмге қарсы жеңіс күні. Неге мамырдың 8-і? Себебі ол тарихи оқиға, Германияның тізе бүгу туралы келісімге 8 мамырда сағат 22:47-де қол қойылды. Осы келісім 8 мамыр күні сағат 23:05-те күшіне енді. Полонияда, Германияда ол мамырдың 8-і болды. Бірақ уақыт белдеуінің айырмашылығына байланысты Мәскеуде ол мамырдың 9-ы болды. Және осы туралы хабар Мәскеуге мамырдың 9-да хабарланды. Сондықтан Кеңес одағында жеңіс күні мамырдың 9-ы болды. Бізде мамырдың 8-і жеңіс күні болып есептеледі. Бізде ресми түрде екі түрлі мемлекеттік мереке бар. Маңызды мемлекеттік мерекелер – мамырдың 3-і – Ата заң күні және тәуелсіздік күні – қарашаның 11-і. Осы мерекелер бізге мемлекетіміздің қадір-қасиетін түсіндіре алады. Басқа да мемлекеттік мейрамдар бар, олардың арасында 8 мамыр - фашизмге қарсы соғыстағы жеңіс күні және 15 маусым - 1410 жылы болған Грюнвальд шайқасы, 12 қыркүйек - 1683 жылдағы Осман империясымен болған шайқас. Бұл мейрамдар әскери мәнге ие мейрамдар. Біз бұл мерекелерді тойлағанда қандай да бір мемлекетке қарсы соғысты емес, керісінше, отан қорғау жолында жанын құрбан етуге дайын болған ерлерімізді дәріптеуге мән береміз. Мамырдың 8-і де біз үшін сондай күн, қазақтар да Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Сергей Луганский, Бауыржан Момышұлының батырлығын дәріптейді ғой. Бізде де солай.

Елші мырза, сонда Полонияда 8 мамыр қалай тойланады?

Сіздерде де бюджет ақшасын шығындап, парад ұйымдастырып, отшашу шашыла ма?

- Бізде ең маңызды мемлекеттік мереке екеу екенін жаңа айтып өттім. Ал 8 мамыр күніне келсек, бұл күні бейтаныс сарбаз бейітінде күзет ауысады. Бірақ анау айтқандай қатты тойламаймыз. Неге? Себебі біз бұл күнді өз мәнінде толық қабылдай алмаймыз. Себебі екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, бізге 1939 жылы батыстан Германия, шығыстан Германияның одақтасы КСРО басып кірді. Яғни, екі жақтан оккупация болды. Және тағы бір есте сақтайтын мәселе: 8 мамырдан кейін біздің жерімізде еркін демократиялық мемлекет пайда болған жоқ. Ялта келісімі бойынша соғыстан кейінгі жылдары Полонияда еркін сайлау өткізу керек-тұғын. Және поляктар қандай мемлекеттік құрылым құратынын өздері шешуі тиіс еді. Бірақ Полонияға кірген КСРО мұндай шешімді қабылдауға біздің өзімізге мүмкіндік бермеді. Қызыл әскермен бірге Полония территориясына НКВД күштері кірді. Олар Кеңес билігіне қарсы шыққандарды не қамауға алған, не өлім жазасына кескен. Соғыс уақытында біздің үкіметіміз жұмыс істеп тұрды. Лондонда орналасты. 1945 жылы кеңес өкіметі біздің адамдарымызды келісімге Мәскеуге шақырды, 16 адам барған екен, оларды тыңшы деп соттаған. Алайда кеңестік сот жүйесі халықаралық нормаларды қатаң түрде бұза отырып, сот процесін өткізді. Оларға ешкім қарсы шыға алмады. Кейбір азаматтар кеңестік түрмелерде көз жұмды. Мұндай жағдай қазақтар үшін жақсы таныс, өйткені олардың да зиялы азаматтарын кеңес өкіметі атып тастады. Кеңес одағы бізді фашизмнен босатты. Полония территориясында 600 мыңдай кеңес сарбазы соғысқан. Өте көп адам қаза болған және біз шейіт болған сарбаздардың рухын құрметтейміз. Шығыс және орталық Полонияның әр қаласында шейіт болған сарбаздардың бейіті әлі бар. Біз оларды не үшін құрметтейміз, себебі олар бізді фашизмнен құтқару үшін келді. Басқа ешқандай саяси себеп, ниет болған жоқ. 

РЕСЕЙ ПРОПАГАНДАСЫ НЕМЕСЕ ЖЕҢІСКЕ КІМДЕР ҮЛЕС ҚОСТЫ

Яғни, біз Польшаны кеңес өкіметіне қарыздар деп айта аламыз ба? 

- Біз одақтас болдық. Бірақ қазіргі Ресей пропагандасында фашизмге қарсы тек Кеңес одағы ғана күрескен деген әңгіме айтылуда. Ол дұрыс емес. Себебі поляк армиясы болған. Олар да соғысқан. Сондықтан біз фашизмді бірге жеңдік. 

Қазақстан да тура солай.

- Қазақстан да тура солай. қазақстандықтар өз отаны үшін де, біздің бостандығымыз үшін де күрескен. Мысалы, кеше Президенттің әкесі соғыста қандай ерлік жасағаны туралы куәліктер көрсетілді.

Кемел Тоқаев? 

- Иә, қазіргі президенттеріңіздің әкесі. Және осындай адамдар өте көп болған. орыс, қазақ, поляк, т.б.

Яғни бұл соғыс идеологиялық тұрғыдан барлығын біріктіре білді ме? Дәл қазір ондай бірлік байқалмайды ғой.

- Өкінішке қарай, Ресей осы күресін саясиландырып алды. Себебі олар осы жеңіс біздің арқамызда ғана болды дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Катюша деген зымыран бар, ол Ленд-Лиз келісімі бойынша Мурманск арқылы Америкадан машина әкелген. Зымырандар сол машиналарға қойылған. Қарудың 12 пайызы соғыс уақытында Америкадан келген. Себебі Америка да, Кеңестер де бір бағытта болды, олар Германия, Италия, Жапонияға қарсы күресті. Бірақ есте сақтау керек бір жайт бар. Фашизмге қарсы бірігу 1941 жылдан басталды. Себебі 1939 жылдан 1941 жылға дейін Германия мен Кеңес одағы одақтас болған. 1922 жылы Рапалло қаласында Германия мен Кеңес одағы Веймар келісімін бұзып, өзара ынтымақтастық туралы келісті және Михаил Тухачевский деген генералды Германияның әскери академиясында оқытқан. Веймар келісімі бойынша Германияға қару-жарақ шығаруға тыйым салынған еді. Ал Кеңес одағы оларға сондай мүмкіндік берген. Көптеген зымырандар мен танкілер Германия үшін Кеңес одағында құрастырылды. 

ҚАТЕЛІК ТҮЗЕТІЛУІ КЕРЕК

“Немістер еврейлер алдында кешірім сұрады. Ал орыстар поляктар алдында әлі кешірім сұраған жоқ” деп бір форумда жазылып жатыр екен.

- Біз үшін кеңес уақытында бірқатар тақырыпты талқылауға тыйым салынған. мысалы, Хатынь қырғыны туралы бізге айтылмаған. 20 мың поляк офицерін немістер атып тастады делінді. Алайда 2013 жылы сол кездегі Ресей Федерациясының премьер-министрі В.Путин Хатыньдағы қырғынды НКВД жасады деп мойындады. Бірақ қазір сол шындық қайтадан бүркемеленуде. Қазақстандық тарихшы Петр Толстой Хатыньда поляктарды өлтірген немістер деп айтып жүр. ол мүлдем дұрыс емес. Яғни Ресей поляктардан кешірім сұрамады, бірақ өз қылмыстарын баяғыда мойындады. 

Бірақ бір форумда: “Неліктен поляктар Ресей алдында Лжедмитрий үшін кешірім сұрамайды” деп жазылыпты. 

- Бұл орайда көптеген талас-тартыс туындайды. 1831 жылғы көтерілісте неліктен Ресей империясы поляктарды қанға бояды деп те сұрауға болады. 1864 жылы қаңтар көтерілісін қанға бөктіргені үшін неге кешірім сұрамады? Неге поляк мемлекетін 3-ке бөлу ниеті үшін неге кешірім сұрамады? Бірақ Хатынь - әскери қылмыс. Себебі қандай соғыс болмасын, қарусыз адамды, тұтқынға алынған адамды өлтіру әскери қылмыс болып есептеледі. Риббентроп-Молотов пакті ешқандай негізсіз пакті болды. Ол тек Полонияға қарсы емес, ол Финляндия, Эстония, Латвия, Литваға қарсы келісім болған. Ол халықаралық және моральдық заңға қайшы. Және сол үшін кешірім сұрау, меніңше, дұрыс болар еді. Бірақ ол қазіргі уақытта мүмкін емес. 

Негізінде немістер тек еврейлер үшін ғана кешірім сұрады. Басқа қаншама ұлттар соғыста мерт болды.

- Немістер тек кешірім сұрап қана қойған жоқ, олар көп мемлекетке өтемақы төлеген. Полония үшін де өтемақы төлеуі керек еді, бірақ 1950-ші жылдардың басында осы өтемақының 85 пайызын Кеңес одағы өзіне алған. Яғни, Полонияға өтемақының 15 пайызы түскен. 

Жыл сайын 9 мамыр Мәскеуде өтетін парад Кеңес одағын насихаттау сияқты көрінеді. Сізге солай көрінбейді ме? Менің де атам соғысқа қатысқан, бірақ бәрібір мен ресейлік пропаганданы қабылдай алмаймын. Мүмкін мұның себебін сіз түсіндіріп берерсіз.

- Сіздің сезімдеріңізді жақсы түсінемін. Меніңше, Ресей соғыстағы жеңісті қатты саясиландырды. Осы күнді біз де еске аламыз. Бірақ немістерге қарсы негатив сезім бізде жоқ. Мысалы, Мәскеуде өткен шеруде Украинадағы соғысқа қатысып жатқан отрядтар болды деп естідім. Жеңіс пен Украинадағы соғыс екі түрлі нәрсе ғой. Б.Момышұлының “Отан үшін отқа түс, күймейсің” деген керемет сөзі бар. Иә, екінші дүниежүзілік соғыста бәрі Отан үшін күресті, біірақ қазіргі кезде Украинадағы соғыста бұл сөз кімдерге жарасады? Меніңше, өз Отаны үшін украиндықтар күйіп жатыр. Сондықтан екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер мен бүгінгі украинадағы соғыста соғысып жүргендерді қосу, теңестіру мүлдем дұрыс емес. 

Мәскеудегі шеруге әртүрлі мемлекеттердің басшылары қатысты... 

- “Z-пен” байланысты іс-әрекеттерге басқа мемлекет басшыларының қатысы жоқ, олар екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға, құрмет көрсетуге барды. 

САЯСИ САСЫҚ ӘДІС

Онда неге Ресей бұған Украинадағы соғысты араластырады? 

- Путин саясаткер ретінде мұны пайдаланады. Ол өте ұят тірлік. Себебі отанды қорғау үшін болған соғыс пен шабуыл жасау, басып алу соғысы екі түрлі нәрсе. 

Меніңше, Путин өз билігін созу, күшейту үшін Украинадағы соғысты бастап, оны өз мақсатына пайдаланып отырған секілді. “Отан үшін” деген ұранмен халқын біріктіргісі келетіндей. Жыл сайын өткізетін парадтары халықты алдағы соғысқа рухани тұрғыдан дайындау емес пе?

- Иә, Ресей екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарын пайдаланды, оларды пайдаланып, кейін ұмытып кетті. Әйтпесе неге Рахымжан Қошқарбаев Кеңес Одағының батыры атағын ала алмады? Себебі ол керек емес еді. Неге Момышұлы тек 1990-шы жылдары ғана қаһарман атағын алды? Себебі ол қазақ болған. Путинге осы шеру өз ықпалын нығайту үшін керек. Халықты біріктіру, ортақ “жауға” қарсы қою саясаты көпке созылмайды. Себебі оның “жемісі” ұзаққа созылмайды.  

Бұл соғыс қашан аяқталады? 

 - Путин 3 күнде жеңеміз деген, қазір үшінші жылдан асты. 

Трамп бір күнде тоқтата аламын деді. 

- Соғыстың барынша ерте аяқталғанын біз секілді демократиялық елдер дұрыс деп санайды. Бірақ бастысы украиналықтарға тиімді шарттармен аяқталуы керек. Қашан аяқталады, оны бір Құдай біледі. Бірақ тез арада аяқталады деп үміттенемін. 

Бірақ Украина қазір жер асты байлығын АҚШ игереді деген келісімге қол қойды ғой.

- Ол келісімшарттарды көргенім жоқ, сондықтан қандай шарттармен қол қойғаны туралы айта алмаймын. 

БӘРІМІЗ УКРАИНАҒА КӨМЕКТЕСЕМІЗ

Еуро Одақ украиналықтарға көмегін тоқтатпайды ғой?

- Тоқтатпайды. Біз Украина жеңгенге дейін көмек береміз. Соғыс біткеннен кейін де Украинаны қалпына келтіру керек. 

Сіз үшін Жеңіс деген не?

 - 2014 жылға дейінгі өз территориясын қайтарып алса. Ол, әрине, өте қиын болады. Ең жақсы шешім сол болар еді. 

Украина АҚШ-қа жерасты байлығын берсе, Ресей де өз үлесін қарпып қалуға тырысады. Меніңше, Украина өз жерлерін қайтара алмайды. Қаншалықты мойындау ауыр болса да, мен үшін солай болатын сияқты. Бұрын АҚШ-тағы демократтарға, Еуро Одаққа сеніп қалған Украина қазір Трамп билікке келгелі әр мемлекетке жалтақтап, көмек сұрап жүр. Путин өз бағытынан қайтпайтын түрі бар. Осының бәрін саралай келе Украина жеңеді деп айту өте қиын. 

- Ресей осы соғыста 1 млн адамынан айырылды. Ресейдің соғыс шығындары 200 млрд доллар. Сондықтан осындай шығынға батып отырып, ол соғысты ұзаққа соза алмайды. 1945 жылдан кейін біз еркін ел боламыз деген үмітіміз болды. Бірақ 1947 жылдан кейін біз оның әзір мүмкін еместігін түсіндік, себебі КСРО бодауында болдық. Бірақ түбі тәуелсіздік алатынымызға сендік. 45 жылдан кейін сол күн туды, яғни 1989 жылы бізде демократиялық өзгерістер болды және біз құдайға шүкір, мықты, демократялық елге айналдық. Поляктар үміт ең соңынан өледі деген мәтел бар. Қазір де сондай үміт болу керек. Украина біздің көмегімізбен қайтадан мықты мемлекетке айналалады деген үмітімізді өшірмейміз.

БҰРМАЛАНҒАН ИДЕЯ

“Бессмертный полк” дегенді білесіз. Қазір бірнеше ел мұндай шеруді өткізуге тыйым салды. Қазақстандықтар да бұған қарсы болып жатыр. Бірақ ресейліктер арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, олар бұған аса зор мән береді. Қолдайды. Біздің елде мұның сипатын өзгертіп, “Батырлар шеруі” деп атады. Георгиевская лентаны да қазақстандық тудың түсімен шығарып жатыр. Биыл жасанды интеллектінің көмегімен Бессмертный полкты қолдаймыз деп танымал блогерлердің видеосын шығарып жатыр, оның ішінде бізді де пайдаланған. Мұны жасап отырған Ресейдің саяси технологтары деген болжам бар. Бұл қаншалықты мүмкін? 

- Меніңше, “Бессмертный полктың” бастапқы идеясы жаман болған жоқ. Бірақ кейін путиншіл жүйе оның ізгі мақсатын өз арам ойларына пайдаланып, қозғалысты саясиландырып алды. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы өз саясатын жүргізуге тырысып жатыр деген болжамға мен де сенемін, себебі олар мұндай қадамға бара алады. Олар бізге қатысты қандай жалған ақпараттар айтты? Мысалы, “Полонияда кеңес сарбаздарының бейітін қиратады” деген қауесет таратты. Біз өркениетті елміз. Ол тарихымыз. Оны сызып тастай алмаймыз. 

Бір тарихшы: “қалай болғанда да ресейліктер мен поляктар бір-бірін жақсы көрмейді” деп айтқан еді. Бұл теория қаншалықты рас?

- Рас, өйткені 20-шы ғасырдағы ең үлкен соғыстарды немістер бастады және ең бірінші құрбандары поляктар болған. бірақ неміс ұлты қатты өзгерді. Қазір екі ұлттың қарым-қатынасы өте жақсы. Олар біздің ең жақын одақтасымызға айналды. Бірақ осындай қарым-қатынас болу үшін өткен, кеткен қателіктерді мойындау керек. Лжедмитрий саяси жағынан қате болған, біз мойындаймыз. Бірақ ол біздің мемлекеттің емес, белгілі бір бай-манаптардың әрекеті. Ал Ресей үкіметі Хатынь қырғынын мойындамаса, поляктарды Полонияның шығыс аймағынан Сібірге, Қазақстанға көшіру акциясы болғанын мойындамаса, бір-бірін кешіру және болашақта бірге өмір сүру өте қиын болады. Қазір олар украиндықтармен соғысып жатыр. Оны ұмыту бір ұрпақ ауысса да өте қиын болады. 

Ұрпақ та, билік те ауысар. Болашақта Ресей кешірім сұрай алады деп ойлайсыз ба?

- Болжай алмаймын, бірақ үмітім бар. Әрине, достықта өмір сүру жақсы. 

Жалпы саясатта қателікті мойындау дұрыс па, әлде бұл әлсіздік пе? 

- Мен саясаткер емеспін, дипломатпын. Осы жерде де Б.Момышұлының “Өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық” деген сөзін мысалға келтіремін. Яғни, ақиқатты мойындау керек. 

ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ӘДЕП

Полония елінің мықтылығы неде? 

- Жақсы қасиет ретінде бірлігімізді айтар едім. Себебі біз қиын уақытта бір-бірімізге деген өкпемізді ұмытып, біріге аламыз. Екіншіден, біз тарихымызда болған кемшіліктерді қайталамауға тырысамыз. Үшіншіден, біз басқа халықтарға ашықпыз. 

Кез келген поляктың бойынан табылатын қандай қасиеттер бар? 

- Біздің санымыз 40 млн-ға жуық. Әр поляк өзінше қасиетке ие, біреу ерте тұрады, біреу кеш тұрады. Сондықтан полякты көргенде оның бойында мына қасиеттер бар деп айту қиын. Әркім өзінше әртүрлі. 

Біздің ұлттың бойынан қандай жақсы қасиеттерді байқадыңыз?

- Қазақтар өз дәстүрін сақтайды. Болашаққа сеніммен қарайды. Олар басқалардың да жақсы жақтарын бойларына сіңіре алады. Қазақтардың бойынан жақсы қасиеттерді көптеп байқауға болады. 

Қазақтардың әлсіз тұстарын байқадыңыз ба? 

- Бізде “сен қонақта болғанда иесін сынама” деп айтады. Себебі ол да мәдениет. 

Қазір кеңес кезеңін ностальгия ретінде көрсету әдеті байқалады. Ретро видеолар салады. Ол кезде бәрі жақсы еді дегенді көрсеткісі келеді. Ондай дүниелерді байқайсыз ба? 

- Путиннің мақсаты Ресейдің ықпалын күшейту. Біз басқа уақытта өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан Кеңес одағын қайта құру мүмкін емес. Өбекстан, Қазақстан деген дербес мемлекеттер, Балтық елдері де Ресей мүддесіне қосылмайды. Бұл мемлекеттер баяғы 1917 жылғы мемлекеттер емес, олардың өз күш-қуаты бар. Путин мұны Украина мысалынан жақсы білуі тиіс. Үш күнде басып аламын деген ойы быт-шыт болды. 

Айтпақшы, Ресей-Украина соғысына байланысты Аустрия, Бельгия, Дания, Ирландия, Чехия, Румыния, Нидерланды, Норвегия, Швеция, Ұлыбритания және т.б. елдер Жеңіс күніне арналған шеруге қатысудан бас тартты. 

 - Біз осы соғысқа қатысқан сарбаздардың рухын құрметтеп, оларды еске аламыз. Оны 8 мамырда атап өтеміз. 

Мұны тойлайтын басқа да мемлекеттер де бар ғой. Қомақты қаржы шығарып дегендей. Мұндай дәстүр бар ма Еуропа елдерінде? 

- Біз осы сәуір айында бірінші патшамыздың тәж кигеніне тура 1000 жыл толғанын атап өттік. Әрине, бұған мемлекеттің біраз ақшасы жұмсалды. Бірақ осындай маңызды оқиға болса, меніңше, жөнімен жұмсаған дұрыс. Мың жылдыққа мың дрон ұшырылды. Мен осы көріністі көріп, қатты қуандым. 

АДАМЗАТ ҮШІН ТАРИХ - ЕҢ МАҢЫЗДЫ ПӘН

Келер жылғы сұқбатымыз Украинаның жеңісін атап отыратындай жағдайда болсын деп тілеймін. Израиль-Палестина, Ресей-Украина, т.б. соғыстар, жанжалдар көбейіп кетті. Біз Ұлы отан соғысына 80 жыл деп жатқанда, жанымызда қаншама адам қырылып жатыр. Біз соғысты ескі кинолардан көріп өссек, қазір оның бәрі реалды өмірде болып жатыр. 

- Бірінші және екінші соғыстың арасы 20 жыл. Адамдар тарихтан сабақ ала алмады. Өкінішке қарай, елдер арасындағы түсінбеушілікті шешудің жолы тек соғыс болып тұр. 

Сіз Израиль мен Палестина арасындағы соғысты да бақылап отырған шығарсыз. 

- Бақылап отырмын. Бірақ мен маман емеспін, өз пікірім бар, алайда ол туралы ештеңе айта алмаймын. Қазір Үндістан мен Пәкістан арасында да жанжал болып жатыр. Қазір соғыс өрті тұтанбаған жер қалмады.

Трамп саясаты таң қалдырады. Әсіресе, Украинаға қатысты ұстанымы. Украинаға жаны ашыған азаматтардың неге палестинадағы халыққа жаны ашымайды деген сұрақ туындайды. 

- Полония тарихында екі әйел патша болған. Осы Ядвига деген патша: бүкіл адамзаттың қайғысы үшін менің көз жасым жетпейді” деп айтқан екен. Әрине, Палестинада қаза болған адамдар үшін де жаным ашиды. Суданда да болып жатқан соғыс өте қайғылы. Бірақ бүкіл қайғы үшін менің көз жасым жетпейді. Неге біз Украина туралы көп айтамыз? Себебі ол бізбен тікелей байланысты. Себебі ол көршіміз. 

Қазақстан “Екінші Украина” болуы мүмкін бе?

- Путиннің айналасындағы адамдардың ойында не барын білмейміз. Путин 2010-шы жылдары өзі де: “Қырым ол Украинаның бір бөлігі, оған ешқандай талаптарымыз жоқ” деп айтқан. Бірақ кейін не болғанын көрдік. 

Елші мырза, сұқбат бергеніңізге көп рахмет! Келесі сұқбатымыз позитивті жағдайда өтеді деп сенеміз.