Маңғыстауда бастысы мұнай емес, халқы - әкім Нұрдәулет Қилыбаймен сұқбат

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Маңғыстау – Қазақстанның батысындағы Каспий теңізіне тікелей шыға алатын мүмкіндігі бар жалғыз аймақ. Тұрғындарының мінез-құлқы табиғаты секілді қатал әрі ыстық. Себебі бұл жерді жайлап отырған елдің басым бөлігі Адай руынан. Шежірелі тарихын жырмен өрген, талай қырғынды көзімен көрген адайлардың тік мінезді болуы тарихи заңдылық па дерсің. Адайлар – еркіндікті сүйетін, не ісіңе, не сөзіңе риза болғанда, астындағы атын болмағанмен, қорасынан бір жандығын атап беретін жомарттығымен де көпке танымал ру. Олар тура сөйлейтін, ақиқаттың ақ туын желбіретіп, аттандап, ат ойнатып шыға келетін тік мінезділігі де бар халық. Сонымен қатар табандылығы да, өз дегенін жасатпай қоймайтын қырсықтығы да жоқ емес. Маңғыстау өңірінде ереуілдер аз болған жоқ. Әрісін айтпағанда, соңғы отыз жыл ішінде, нақтырақ айтсақ, 1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісі мен күні кешегі – 2011 жылы желтоқсанда болған ереуілдің өзі бұл аймақ тұрғындарының қаншалықты тік мінезді екенін аңғартса керек. Шетпедегі митингті де шет қалдырғанымыз жараспас. Содан бері қанша су ақты, алайда аймақтағы басты табыс көзі саналатын мұнай саласындағңы еңбеккерлердің наразылық акциялары тоқтаған емес, ауық-ауық «Аспанда – Құдай, жерде – мұнай, ортасында – Адай» дегенді биліктің есіне салып тұрады. Бүгінде де Маңғыстау – билікке ең жоғары талап қоятын өңірлердің бірі.

Өңірде жұмыссыздық, су тапшылығы және шикізат секторына тәуелділік – басты мәселелердің бірі. Ол өңірдің дамуын жылдар бойы тежеп келді. Облыс әкімі Нұрдаулет Қилыбай Ulysmedia.kz порталына берген сұқбатында Маңғыстауды жаңғыртудың жоспарымен бөлісіп, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін не істеліп жатқанын және неліктен бұл өңірде басты құндылық мұнай емес, адам екенін айтып берді.

БӘРІН БАСЫНАН БАСТАУ ЕМЕС, БАСТАЛҒАНДЫ ЖАЛҒАСТЫРУ КЕРЕК

– Басқа облыс әкімдерінен айырмашылығыңыз – сіз Маңғыстаудың тумасысыз. Сондықтан өңірді зерттеуге уақытыңыз кетпеген болар. Бір жылда не өзгерді?

– Мен бәрін нөлден бастау үшін келген жоқпын. Оның үстіне, менен бұрын басшы болғандардың бәрі дұрыс істемеді, тек мен жаңалық әкелдім дейтіндердің қатарынан емеспін. Бұрынғы басшылар да ел үшін еңбек етті, оларға хабарласып, ақылдасып тұрамын. Қазір аяқталып жатқан жобалардың көбі сол кісілердің тұсында басталған. Әсіресе, ұзақмерзімді, бюджет пен инвестиция салынған жобаларды аяқтауға аса мән беремін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мені облыс әкімі етіп тағайындаған кезде бірнеше бағыт бойынша нақты тапсырма берді. Біз сол бағыттар бойынша жұмыс істеудеміз. Оның ішінде ауыз су мәселесі, экономиканы әртараптандыру, мұнай мен газды өңдеу, туризм мен логистика бар.

Адамдар «жақсы әкім», «нашар әкім» деп айтып жатады. Мен онымен келіспеймін. Қай әкім болмасын, тағайындалғаннан кейін осы елге пайдасын тигізіп, өз ізін қалдыруға тырысады.

– Көптеген маңғыстаулықтар жұмыс жоқ деп шағымданып жатады. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Ресми статистика бойынша бізде 21 мың жұмыссыз бар. Бірақ 32 мың адам өзге елдерден, аймақтардан миграциялық жолмен жұмыс істеуге келеді. Түрлі салада еңбек етеді. Шетелдіктер де бар. «Квота беріңіздер, тағы да жұмысшылар әкелеміз» деп өтініш білдіретіндер көп. 40 мың квота берсек те, келгісі келетіндер табылады. Сонда жұмыс жоқ деп қалай айтасың?

– Яғни жұмыс бар ғой?

– Егер жұмыс болмаса, ешкім келмес еді. Мысалы, фермерлер Өзбекстаннан жұмысшы әкелу үшін квота сұрайды. Құрылыс саласында кран жүргізушісіне жалақы – 500-700 мың теңге. Бірақ жұмысшы табу қиын. Кафелерде аспаз бен даяшы – 300-500 мың теңге алады, бірақ бұл салада да бос орын көп.

– Яғни, жергілікті халықтың көбі тек мұнай саласында жұмыс істегісі келе ме? Ал ертең мұнай таусылса ше?

– Иә, көбі тек мұнай саласына барғысы келеді. Бірақ мұнай таусылмаса да, оған деген сұраныс азаюы мүмкін. Жаңа технологиялар өте жылдам дамып жатыр. Мұнай әлі де керек болады, бірақ қазіргідей көлемде емес. Әлем алға жылжып барады.

КІМ КЕТТІ, КІМ ҚАЛДЫ

– Сіз әкімдіктегі команданы түгел ауыстырды дейді, сол рас па?

– Бұл сұрақты маған бірнеше рет қойды. Иә, біреулер кетті, біреулер қалды. Мен қызметке келгенде бәріне бірден ескерттім. Егер қарқынды жұмыс істеуге шыдасаң, онда бірге жұмыс істейік, ал, керісінше, жатып ішердің өзі болсаң, онда ренжіме деп айтқанмын. Жұмыстан шығарарда кейбірімен тікелей сөйлестім де, әрине, мұндай шешім қабылдау оңай болған жоқ. Себебі олардың ішінде тек әріптес қана емес, сонымен бірге бұрыннан ет жақын араласып жүрген таныстарым да болды. Бірақ жолдастыққа бола, жұмысты ақсатуға болмайды. Бір рет ауызша ескертесің, екінші рет айтасың, содай кейін  «жігіттер, одан да өздерің арыздарыңды жазыңдар» деп айтамын. Бұл адамдар – сырттан келгендер емес, жергілікті маңғыстаулық жігіттер еді.

– Сіз қатал басшысыз ба? Қателікті кешіре аласыз ба?

– Мұны әріптестерімнен сұрағаныңыз дұрыс. Қаталмын ба, жұмсақпын ба, солар айтсын. Қателікке келсек, иә, адамдар қателесуі мүмкін. Бірақ мен сатқындықты кешірмеймін.

Кейде жақын достармен де сондай жағдайлар болады. Адам ретінде кешіргің келеді, бірақ іштей кешіре алмайсың. Меніңше, әр адамның ішінде екі жыртқыш бар, оның бірі кешір деп тұрса, екіншісі кешірме дейді. Қайсысы жаныңа жақын, сол жеңеді.

– Сіз «президент резиденциясына орналасып алыпты» деген  айыптауларға жауап берген едіңіз. Енді ол жерді қандай мақсатқа пайдалануды жоспарлап отырсыз?

– Бұл – 225 гектар. Ақтау үшін бұл өте үлкен аумақ. Қазір бас жоспар дайындап жатырмыз. Егер бекітілсе, онда жаңа қала саламыз, мұнда модерн стиліндегі заманауи тұрғын үйлер бой көтереді.

РЕЗИДЕНЦИЯ МЕН ИНВЕСТИЦИЯ

– Инвесторлар бар ма? Мұның барлығын кім салады?

– Қазір үш компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Әрине, жергілікті құрылысшылар да қатысады, өйткені олар тәжірибе жинады. Олар қазір тек Маңғыстауда емес, басқа өңірлерде де жұмыс істеп жүр. Бірақ ірі инвесторлар да қажет. Аталған үшеудің бірі түрік компаниясы, қалған екеуі шетелдік және қазақстандық компаниялардан құралған концорциум. Ал үшіншісі – ірі қазақстандық құрылыс компаниясы. Олар келіп, жерді көріп кетті. Енді сәулетшілермен бірге келулерін күтіп отырмын.

– Соңғы екі жылда өңірге 2 трлн теңге инвестиция тартылды деген рас па?

– Иә. Оның бір бөлігі отандық инвесторлардан, қалғаны – квазимемлекеттік және шетелдік компаниялардан. Мысалы, жуырда инвесторлар келіп, ыстық минералды бұлақтар жобасын бекітті. Мүмкін көпшілік білмейтін шығар, бірақ Ақтаудағы Rixos қонақүйінің сыртында термалды су табылды. Біз су үлгілерін Чехия мен Ресейге жібердік, нәтижесінде бұл су «Ессентуки-4»-ке ұқсас екені анықталды. Айырмашылығы: біздің су жер астынан 60-70 градус температурамен шығады. Бұл – шипажай салуға таптырмас ресурс. Жоба мақұлданды, енді құрылысқа кірісу керек.

ТУРИЗМ ТУРАЛЫ

– Сонда ол кімдер үшін салынады? Мәселен, Rixos – инфрақұрылымы мықты, сервисі жоғары деңгейде, бірақ қарапайым халық үшін бұл қолжетімсіз ғой.

– Мұнда бәрі сұранысқа байланысты. Оны әуе билеттерімен салыстыруға болады: неғұрлым ерте алсаң, соғұрлым арзан, күн жақындаған сайын қымбаттай береді. Егер 100 орынның 95-і сатылып кетсе, қалғандары қымбат болады. Бұл – нарық заңы. Тағы бір мәселе: адамдардың аузында тек Rixos жүреді. Бірақ бізде басқа да, бағасы қолжетімді демалыс орындары бар.

Мысалы, «Ақбота» саябағы. Оны 5-6 жыл бұрын Президенттің өзі сынға алған. Қазір оны қайта жаңғыртуға кірісіп жатырмыз. Келісімшарт жасау үстіндеміз. Қаржыландыру бюджеттен емес, мұнай өндіруші компания есебінен. Екіншісі – жағалау аймағы. Көпшілік оны жақсы көреді, бірақ жеке өзіме ондағы көптеген нәрсе ұнамайды. Сол себепті жаңа жобаны қолға алдық, сұнда бассейндер, субұрқақтар болады. Құжаттар дайындалып жатыр. Үшінші жоба – Әбіш Кекілбаев ауылының қайта жаңғыртылуы. Осы үш бағыт бойынша келісімдер параллель жүргізіліп жатыр.

СУ МӘСЕЛЕСІ

– Ал су мәселесі қалай шешіліп жатыр? 27 мың текше метр су жетіспейді дейді ғой.

– Жазда қиындықтар туындайтыны рас. Ыстықта бәрі жуынғысы, душ қабылдағысы келеді. Ал су тек түнде берілсе, адамдар ренжиді. Қазір су күндіз де беріліп жатыр, бұл мәселе қазір шешілді.

– Яғни, су тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түсті ғой?

– Жалпы алғанда, иә, мәселе күн тәртібінен түсті. Бірақ апаттар болып тұрады: бір жерде құбыр жарылып, бір жерде жөндеу жұмыстары жүреді. Мұндайда су уақытша тоқтатылады. Әлі де су желісін салу қажет бірнеше ауыл бар.

– 59 ауыл кесте бойынша су алады деген рас па?

– Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Бірнеше ауыл бар, оларға су автоцистернамен жеткізіледі – бұл рас. Бірақ барлық 59 ауылда жағдай мүшкіл деу өтірік. Егер ауыл теңізге жақын болса, теңіз құбыры тартылады, ал алыс болса, скважина қазып, су жеткіземіз. Қазір әр ауылда су тарату пунктін орнатып жатырмыз. Проблема 100% шешілген жоқ, бірақ алға жылжып келеміз. Тұщыту зауытының жанынан 60 мың текше метрлік резервуар салу жоспарда бар, құжаттардың мақұлдануын күтіп отырмыз. Қазірдің өзінде 24 мың текше метрлік резервуар салынған. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасымен жаңа су тарту нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның қуаты 12 мың текше метр. Қазір сынақ режимінде, жазда 12,5 мың текше метр су тұрғындарға беріледі.

– Облыс орталығы МАЭК-ке қатты тәуелді дейді. Бұл мәселе де күн тәртібінде бірінші тұр ма?

– МАЭК – Маңғыстаудың жүрегі, ол жылу мен энергия береді. Бірақ тек соған сеніп отыру қауіпті. Қазір жаңа энергия блогы салынып жатыр және газ, жел мен электр энергиясын біріктіретін 247 мегаватттық жоба қосылады. Алғашында зауыт тәулігіне 20 мың текше метр су тұщытса, кейін тағы 20 мыңға көбейді. Биыл қаңтарда жаңғырту аяқталды. Қазір зауыт кейде тәулігіне 43 мың текше метрге дейін су шығарады. Күлкілі естілуі мүмкін, тіпті сенбеуіңіз де мүмкін, бірақ бізге «резервуарлар толып қалғандықтан, су беруді азайтыңыздар» деген хат келді. Бұрын су жетпейтін, енді артылып қалып жатыр.

ӘКІМНІҢ МІНДЕТІ

– Мектеп оқушыларының жаппай улануына байланысты даулы жағдай болды. Бармақ басты, көз қысты өтетін тендерлер мен күмәнді схемелер туралы да ақпарат тарады. Бұл мәселелердің ақ-қарасын анықтай алдыңыз ба?

– Иә, бұл менің тікелей міндетім. Мұндай жағдай Мұнайлыда да болды. Өте өкінішті. Президент үнемі «балаларға қамқор болу керек» деп айтады. Ал бізде осындай сорақылықтар орын алды. Барлық мектепті тексердік, көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Оның ішінде антисанитарлық жағдай, жалған құжаттар, дайындықсыз персонал. Кейбір жерде шұжық тоңазытқышта емес, қорапта сақталған. Бәрі құжатпен тіркелді, суреттері бар. Барлық дерек бойынша шара қабылданды, кінәлілер жазаланды.

– Қандай шаралар қабылданды?

– Біріншіден, талап күшейтілді. Бұл секілді жағдайларды мемлекет кешірмейтінін көрсеттік. Екіншіден, бәріміз адамбыз, бір жерде қателік болуы мүмкін. Осыған байланысты пилоттық жоба бастадық. Яғни, бір мектептің асханасына бейнебақылау камераларын орнаттық. Оған тамақ дайындау аймағы, ыдыс жуу орны мен асхана кіреді. Бұл камералар түсірген бейнежазбаны білім басқармасы, прокуратура және білім сапасын бақылау департаменті көре алады.

ӘУЕДЕГІ ӘУЕ БИЛЕТТЕРІ

– Қазақстандықтар Ақтауға әуе билеттері өте қымбат әрі тапшы деп шағымданып жүр. Бұл туризмнің дамуына кедергі емес пе?

– Иә, бұл рас. Қымбат болса бір сәрі, билеттер жоқ. Қазір, мысалы, Астана немесе Алматыдан Ақтауға жақын күндерге билет таба алмайсыз. Қазір бұл мәселемен Туризм комитеті айналысып жатыр, біз мастер-жоспар әзірлеп отырмыз. Бірақ әзірге нақты шешім жоқ. Сұраныс ұсыныстан асып түсті. Теміржол вагондары да жетіспейді. Әрине, әуе рейстерінің санын арттырса, бұл қалыптасқан жағдайға оң әсер етеді.

БАСТЫСЫ, САПА

– Сіз әдетте халықтың пікіріне құлақ асасыз ба?

– Әрине. Меніңше, кез келген әкім халықтың үнін тыңдай білуі тиіс. Тыңдамаса, онда ол не үшін жұмыс істейді?

– Қазақтың күші неде деп ойлайсыз?

– Былтыр еліміздің бірнеше өңірін су басқаны есіңізде шығар. Құлсарыны су шайғанда, қатты уайымдадық, көмектестік. Міне, біздің күшіміз адамгершілікте. Иә, біз шындықты бетке айтамыз, қатты да айтуымыз мүмкін. Бірақ ешкім артыңнан пышақ сұқпайды. Егер «Маңғыстау қандай?» деп сұрасаңыз, менің жауабым – осы. Бізде бәрі реттеліп келе жатыр, ең бастысы, адамдардың тұрақты жұмысы бар, өңір дамуда, біз мұнайға тәуелділіктен арылуды үйреніп келеміз. Мен Маңғыстаудың болашағы бұдан да мықты боларына сенемін.

Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz-тің YouTube арнасынан көре аласыз.