Нұртілеу ісі, сөз бостандығы және АЭС құрылысы: Қажыгелдиннің сұқбатындағы негізгі ойлар

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин BILD басылымына орыс тілінде сұхбат берді. Ulysmedia.kz ішкі және сыртқы саясатқа қатысты ең маңызды тұстарын іріктеп ұсынады.

Парламент реформасы туралы

Сенатты тарату ұсынысына қатысты пікір білдірген Қажыгелдин бұл идеяны қолдады. Оның ойынша, палата «болашақ саясаткерлердің дайындық алаңы» болып қала берді.

– Сенат тек формалды рөл атқарды. Сенат төрағасы белгілі бір жағдайларда 100 күннен кейін президент бола алатын. Тоқаевтың Сенат төрағасы болып тағайындалуы да Назарбаевтың билікті беруге дайындалуымен байланысты еді. Бәлкім, Тоқаев мұндай билік транзиті енді мүмкін емес екенін түсінетін шығар. Қоғам бұл жобаны қабылдамайды, әсіресе 2022 жылдан кейін, – деді ол.

Бұрынғы премьер референдумның 2026 емес, 2027 жылы өтетініне таңғалды. Оның пікірінше, қазақстандықтар бұл мәселені бірнеше ай ішінде шешіп тастауға қауқарлы.

Ресеймен қарым-қатынас туралы

Саясаткердің пікірінше, Қазақстанға қатысты санкциялар туралы жаңалықтар елге ауыр соққы болуы мүмкін.

– Бұл кейінге қалдырылған мәселе… Егер Батыс елдері Қазақстанның қаржы жүйесіне соққы берсе, аман қалуды айтпағанда көтерілудің өзі қиын болады, – деді ол.

Сол себепті Қажыгелдин Тоқаевтың Украинадағы соғыс жөніндегі саяси мәлімдемелердегі сақтығын орынды деп санайды. Оның ойынша, бұл – президенттің тікелей конституциялық міндеті.

– Мен Ресей басшылығы оның ұстанымын құрметтейтініне сенімдімін. Бұл шамамен мынадай: егер біреу Кремльге келіп, «Камчаткаға біреу көз тігіп отыр» десе, бұл да егемендік мәселесі ғой. Мұндай тақырыптағы даулар орынсыз. Осы тұрғыда мен оны толық қолдаймын. Мен әрдайым орыс достарыма: «Мен – қазақпын, орыс болмаймын. Мұны құрметтеу керек. Қаласаңдар – құрметтемеңдер, ол сендердің таңдауларың. Бірақ мен сендерді құрметтеймін. Тарихи уәждер мүлдем орынсыз», – деп айтамын, – деді ол.

Сонымен қатар, Қажыгелдиннің айтуынша, екі ел әрқашан бір-біріне мүдделі болады. Бірақ ынтымақтастық тәсілі өзгеруі мүмкін.

– Егер негізгі басымдық саясат болып, экономикалық мүдде екінші орынға шықса, онда одақтық институттардан үлкен болашақ көрмеймін. Кедендік одақтың да үлкен даму перспективасына сенбеймін. Ресей ең басты ықпал құралдарын – ақша, технология және артықшылықтарды жоғалтып жатыр. Ақша бар болса, алға жылжи бересің, ал ақша жоқ болса – күтуге мәжбүр боласың. Әлемнің барлығы дамуды қалайды. Кіші мемлекеттер үлкендер арқылы дами алатынын түсінеді. Қазір Орталық Азия әлемдік экономикадағы екінші «пілдің» қасында тұр. Қытайдың ықпалы артып келеді. Ол – экономикалық мүмкіндіктерге байланысты. Алдағы 15-20 жылда Қытай экономикасын дамытады, ал Орталық Азия мен Ресей – оның сату нарығына айналады, – деді саясаткер.

Қаңтар оқиғасын тергеу туралы

Қажыгелдиннің пікірінше, 2022 жылғы қаңтар оқиғасын тергеу – Тоқаев үшін әлі де өзекті міндет.

– Бұл оқиға – бұрынғы режимнің мұрасы. Ал онымен күресу – Тоқаевтың тікелей мұрасы. Тергеу дұрыс жүргізілмеді. Көбіне ұйымдастырушылар емес, басқа адамдар жазаланды. Бұл – сәтсіздік. Егер ол 2029 жылға дейін осыны шешуге күш таппаса, мұнымен болашақ билік айналысуына тура келеді, – деді ол.

Қазақстандағы сөз бостандығы туралы

Бұрынғы премьер Қазақстандағы сөз бостандығы мәселесінде «абсурд болып жатыр» деп есептейді. Дегенмен режим «қысымды күшейту бағытын» ұстанбайды.

– Кейде 3 мың оқырманы бар блогерлерді сынайды. Оларға ұзақ мерзім тағайындайды, ойдан шығарылған қаржылық заңбұзушылықтар жүктейді. Меніңше, бұл – артықша көзге түсуге тырысатын арнайы қызметтердің әрекеті. Оларға бюджет қажет, ол үшін «жаулар» керек. «Шпиондар» керек. Қазақстанда ешқашан Кеңес уақытындағыдай көп «шпион ұсталған» емес, ол кезде бұған негіз де көбірек еді. Әлеуметтік тұрақтылықты бұзушылар да ешқашан мұншалықты көп болмаған. Байларды сынау жиі «әлеуметтік араздық қоздыру» ретінде бағаланады. Бұл – өткеннің сарқыншағы. Тоқаев мұны бақыламайды, осыдан ұтылып отыр. Ал миллиондаған жазылушысы бар блогерлерді әзірге қозғамайды. Тек қорқытады, хабарласады, үйреткісі келеді. Бірақ олар да өзін-өзі цензуралайды, «жанды жерлері» қайда екенін біледі, – деді ол.

Саясаткердің айтуынша, елде сөз бостандығы көбейгенімен, әлі де атқарылар жұмыс көп.

– Мысалы, азаматтар алаңға жинала алмайды. Конституцияда рұқсат бар, бірақ әкімдіктен рұқсат сұрауға мәжбүр. Бұл – қоғам мен билік үшін үлкен қателік. Себебі бұл – қорқыныш. «Билікті босатуға болмайды, бәрін бақылауда ұстау керек» деп ойлайды. Ал бұл бүліктерге алып келеді. Уәде етілген реформалар іске аспай жатыр, – деді ол.

Мұрат Нұртілеуге қатысты іс туралы

Қажыгелдин сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жайлы пікір білдірді. 4 қыркүйекте БАҚ-та министрдің, кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің және бірқатар жоғары лауазымды ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің ұсталғаны туралы ақпарат тараған.

– Министр сөзсіз парламенттің қос палатасының бірлескен отырысына қатысуы керек еді. Тоқаевтың халыққа Жолдау жасаған күні ол жерде болатынын білдім. Оны өткізіп алмау мүмкін емес еді. Нақты не болғанын айта алмаймын. Бірақ ақпараттың әдейі тарағанын, істі жауып тастамауды қалағандар жасағанын ойлаймын. Бұл негізінен күштік құрылымдарға қатысты болған. Мұрат Нұртілеудің бұл іске қалай байланысы бары әлі түсініксіз. Бірақ ол сол күндері өзі сөз сөйлемегендіктен, шынында да бірдеңе болған. Қазан айында көресіздер: егер ол «вице-премьерсіз» министр болып қалса, демек бұл экономикаға ықпал етуге байланысты қате әрекеттер болған. Егер тіпті министр де болмай қалса, оны құрметті елші етіп жіберуі мүмкін, – деді ол.

АЭС құрылысы туралы

Саясаткер ресейлік мамандардың қатысуымен атом электр станциясын салуды қолдады.

– Егер халыққа дұрыс түсіндірсе, мен бұған барар едім. Халыққа: технология бар, ақша бар, бізге бермекші, біз пайдаланамыз деп айтар едім. Бұнда тұрған не бар? Керісінше, энергияның бір бөлігін өздеріне сатып, «рубильникті» қолымда ұстауым мүмкін. Мен мұны экспансия не отарлау деп санамаймын. Бізде технология жоқ, ақша жоқ, өзіміз сала алмаймыз. Тек Ресейдің мұны салуға ақшасы боларына күмәнданамын. Жоба ұзаққа созылады деп ойлаймын. Бірақ мұнда отарлау не тәуелділік көріп тұрғаным жоқ, – деді Қажыгелдин.

Әкежан Қажыгелдин кім?

Әкежан Қажыгелдин – Қазақ КСР Мемжоспарда, кейін министрлер кеңесі құрылымдарында еңбек еткен. 1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаев оны Қазақстан премьер-министрі етіп тағайындады. Үкімет басшысы ретінде Қажыгелдин жекешелендіру, баға либерализациясы, шағын бизнесті қолдау сияқты нарықтық реформаларды жүргізді. 1997 жылы денсаулығына байланысты отставкаға кетті. 1998 жылы Республикалық халық партиясын құрып, президент сайлауына түсу ниетін білдірді, бірақ билік оны сайлауға жібермеді. Содан кейін елден кетті. Қазақстанда оған қарсы қылмыстық істер қозғалып, кейін сот сырттай 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Қажыгелдин – Назарбаевқа ашық қарсы шыққан алғашқы жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі саналады.