МӘМС-ті тығырыққа тіреген не? Елжан Біртановпен сұқбат

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кураторы ауысты. Енді қор қаражатына Қаржы министрлігі жауап береді. Мұндай шешім ірі заңбұзушылықтар әшкереленгеннен кейін қабылданды. Атап айтқанда, жалған тіркеулер, дүниеден өткен адамдардың атынан медициналық қызмет алуға берілген өтініштер және жылдар бойы қозғалыссыз жатқан жүздеген миллиард теңге анықталды.

Ulysmedia.kz МӘМС жүйесінің қалыптасуына тікелей қатысы бар бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен сөйлесіп, медициналық сақтандыру жүйесі қай тұста істен шыққанын, нақты не дұрыс болмағанын және енді қандай қадам қажет екенін анықтауға тырысты.

Қорды беру нені өзгертеді?

Біз экс-министрден МӘМС қорының Қаржы министрлігі құзырына берілуі шынымен жағдайды өзгерте ала ма деп сұрадық. Елжан Біртанов бұл шешімді дұрыс деп санайды.

– Қазіргі жағдайға қарасақ, Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселелерді шеше алмады. Менің ойымша, егер міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің және қордың жұмыс істеу қағидаты түбегейлі қайта қаралмаса, бір ведомстводан екіншісіне беру айтарлықтай нәтиже әкелмейді. Себебі заңға сәйкес қордың функциялары нақты белгіленген, ал бір министрліктен екіншісіне ауысу шын мәнінде тек директорлар кеңесінің құрамын өзгертеді.

Яғни заң жүзінде тек акционер ауысады. Ал басты мәселе өзге министрлікке берудің өзінде емес, не үшін жасалып отырғанында.

– Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік комитеті арқылы осы жылдар бойы акционерлер қатарында болды. Олар бәрін білді, бәрін көріп отырды. Қазір, әрине, таңғалған кейіп танытып отыр. Бірақ шын мәнінде банктерде қаражат орналастыру, сатып алу жоспары, қаржыны бөлу секілді барлық шешім директорлар кеңесінде бекітіледі. Сондықтан бұл жерде де түбегейлі өзгеріс бола қояды деп ойламаймын. Негізгі сұрақ: бұл қандай жағдайда және қандай себеппен жасалып отыр.

Менің есімде, бұл шұғыл кеңес болды. Әдетте Үкімет отырыстары аптаның басында өтеді, ал бұл жолы жұма күні, әрі түстен кейін ұйымдастырылған. Оның үстіне жауапты вице-премьер мен салалық министр іссапарда болған. Мұның бәрі отырыстың жоспардан тыс өткенін көрсетеді. Барлығы ірі қаржылық заңбұзушылықтармен байланыстырылып отыр. Тағы да қоғамды есеңгірететін сандар айтылды.

Бұрыннан бар мәселе

Қосып жазу мен қаржы жымқыру проблемасы жаңалық емес екенін экс-министр ерекше атап өтті.

– «33 тіс» туралы даулы оқиға есіңізде ме? Балаларға жасалмаған ем тағайындалды деп тіркелген. Осындай фактілер үш жыл бұрын да жарияланған. Бұл баяғыдан келе жатқан әңгіме. Қордың өзі бұл проблемаларды бірнеше рет көтерді. Тіпті сала ішінде дау да болған: бәрін жаппай ұры деп айыптай беруге болмайды, қаражаттың басым бөлігі нақты мақсатқа жұмсалып жатыр, адамдар ем алып жатыр деген пікір айтылды. Жалпы алғанда, мен мұнымен келісемін.

Біртановтың айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұр. Бірақ неге халық арасында «МӘМС пайдасыз» деген түсінік қалыптасқан?

– Жақында кардиоорталықта болдым. Мұнда жақыным шұғыл түрде түсті. Оған МӘМС аясында стенттеу жасалды, бұған дейін шунттау операциясынан өткен. Соңғы бір жылда бірнеше туысым жүрекке операция жасатты. Бірі химиятерапия алды, бірі толық компьютерлік тексеруден өтті. Мұның бәрі МӘМС есебінен.

Яғни, адамдар қымбат, күрделі медициналық қызметтерді шын мәнінде алып отыр. Бірақ жүйенің негізгі тұтынушылары, 60 жастан асқан азаматтар. Кәдімгі емханаға барсаңыз, пациенттердің басым бөлігі сол жастағылар. Одан бөлек, кішкентай балалары бар аналар, олар көбіне ЖРВИ-мен келеді.

Ал қоғамдық пікірді қалыптастыратын орта жастағылар әдетте дені сау, медицинаға сирек жүгінеді. Сондықтан оларда «мен жарна төлеймін, жалақымнан ұсталады, бірақ қызмет алмаймын» деген ой қалыптасады. Сөйтіп, «ақша қайда кетіп жатыр?» деген сұрақ туындайды. Ал шын мәнінде жүйе жұмыс істеп тұр.

Цифрлық бақылау жоқ

Соған қарамастан, Елжан Біртанов жүйеде күрделі кемшіліктер бар екенін жоққа шығармайды. Мәселен, былтыр Қаржылық мониторинг агенттігі 26 млрд теңгенің ұрланғанын анықтаған. Бұл қор қаржысының небәрі 1 пайызы.

– Иә, бір пайыз аз емес. Бірақ бұл барлық қаржы ұрланып жатыр дегенді білдірмейді. Қарапайым азамат тұрғысынан да, Үкімет тұрғысынан да тіпті бір пайыздың өзі жол беруге болмайтын жағдай.

Ал себеп өте қарапайым. Қорда да, министрлікте де қаржы ағындарын бақылайтын толыққанды цифрлық бақылау жоқ. Бар мәселе осында. Бұл туралы көп жылдан бері айтылып келеді: ақпараттық жүйелерді біріктіреміз деп уәде берілді. Бірақ іс жүзінде интеграция әлі жоқ.

Егер бірыңғай ақпараттық жүйе болса, мұндай операциялар автоматты түрде бұғатталар еді. Медициналық протокол бойынша бір жыныстағы пациентке екінші жынысқа арналған қызмет көрсету мүмкін емес. Ал егер мұндай жағдайлар тіркеліп жатса, демек, жүйелер бір-бірімен байланыспаған. Меніңше, негізгі түйін дәл осында.

Ericsson платформасы неге тоқтап қалды?

Біз экс-министрден цифрлық платформаны енгізу неге созылып кеткенін сұрадық: мүмкіндік болмады ма, келісім жасалмады ма, әлде уақытында ойланбады ма?

Бұл сұраққа жауап бере отырып, Елжан Амантайұлы ковидтен кейінгі кезеңді еске алды. Ол кезде өзіне қатысты сот процесі жүрген. Дәл сол іс медициналық жүйені біріктіруге арналған цифрлық платформаға бөлінген қаржымен байланысты болған.

Аталған интеграциялық платформаны 2020 жылдың басында іске қосу жоспарланған еді.

– Мұның бәрі мұқият жоспарланып, толық есептелген еді. Алайда ел күтпеген төтенше жағдай болды. COVID-19 пандемиясы кезінде, өздеріңіз білетіндей, маған және орынбасарыма осы платформаны құруға бөлінген қаражатты жымқырды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Кейін сот барынша ашық өтті. Егер куәгерлердің барлық сөзін қарасаңыз, техникалық мамандардан бастап сол кездегі министр Цойға дейін бәрі платформаның іс жүзінде дайын болғанын растады.

Әзірлеуші шведтік Ericsson компаниясының ресми ұстанымы да анық еді: олар барлық жұмысты толық орындағанын және жүйені Қазақстан мүддесі үшін іске қосуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда бұл ұсыныс ескерусіз қалды. Платформа іс жүзінде тоқтатылды. Тергеу органдары жобаға қатысы бар барлық адамды тергеді, ал қызметкерлердің басым бөлігі – жобамен тікелей айналысқандар жұмыстан кетіп қалды.

Кейінгі министрлер тек денсаулық сақтау саласында емес, цифрлық даму министрлері мен вице-премьерлер де, соның ішінде Тоғжанов пен Дүйсенова жаңа жүйе «жақын арада іске қосылады» деп жиі айтып келді. Егер сенбесеңіздер, БАҚ-тағы жарияланымдарды қарап шығыңыздар, бұл тақырып талай мәрте көтерілді, – дейді экс-министр.

– Жыл сайын «ертең іске қосылады» деген әңгіме айтылады. Бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермейді. Цифрлық министрлік бар, Денсаулық сақтау министрлігінде цифрлық технологиялар департаменті бар, Ұлттық электронды денсаулық сақтау орталығы жұмыс істейді, бірақ соның бәріне қарамастан, неге бұл платформа әлі жоқ? Неге балама жүйе жасалмайды?

2022 жылы уәде берілді, кейін 2023, 2024, 2025 жылдың соңына дейін деді, енді міне 2026 жыл. Біреу әдейі бұл жұмысты тежеп отырған сияқты. Оның кім екенін, не үшін істеп отырғанын білмеймін, бірақ салдарын анық көріп отырмын.

Сот кезінде мен тіпті жеке қаулы шығарып, дайын тұрған платформаны іске қосуға рұқсат беруді сұрадым. Әйтпесе денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруда міндетті түрде іркіліс болатынын айттым. Өкінішке қарай, солай болды да.

Дәрі-дәрмек, фармкомпаниялар және аутсорсинг

Елжан Біртанов дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, ең ірі қаржы дәл осы салаға кетеді және мұнда жиі жалған есептен шығару фактілері кездеседі.

Яғни препараттар шын мәнінде жоқ пациенттерге немесе мүлде алмаған балаларға рәсімделеді.

– Мұндай фактілерді біз сот кезінде-ақ тіркегенбіз, көптеген жалған шығынды анықтадық. Бұл қылмыстардың артында жеке-жеке «Остап Бендерлер» емес, ірі фармацевтикалық көтерме компаниялар арқылы құрылған тұтас жүйе тұр. Өкінішке қарай, оған ешкім нақты тосқауыл қойып жатқан жоқ.

Сол баяғы ойыншылар, сол баяғы фармкомпаниялар. Үкімет бұл туралы неге ашық айтпайды, ол жұмбақ. Ал дәрі-дәрмек есебіндегі жағдай кейде тіпті күлкілі деңгейге жеткен. Бұл бір жағынан өте өкінішті, бірақ кей сәттері шынымен күлкілі, – дейді ол.

Соған қарамастан, мұндай схемаларға қарсы нақты шаралар қабылданбай отыр. Мәселен, екі жыл бұрын Бәсекелестікті қорғау агенттігі фармкомпанияларды тендерлік келісім үшін айыппұлға тартқан. Бірақ айыппұл көлемі олардың бір күндік айналымына да жетпеген.  

– Екінші мәселе – медициналық қызмет көрсететін ірі жеткізушілер. Қазір барлық заңбұзушылық үшін жеке клиникаларды кінәлайды. Алайда бұған нақты дәлел жоқ.

Қазір МӘМС аясындағы медициналық қызмет көрсетушілердің шамамен 50 пайызы жекеменшік клиника. Ақшалай көлемде бұл шамамен 25 пайыз. Ал қалған 75 пайыз қаражат мемлекеттік клиникаларға түседі.

Мемлекеттік тапсырыс бөлінгенде негізгі, ірі қаржы ағындары дәл сол мемлекеттік мекемелерге бағытталады. Бірақ тереңірек қарасақ, олардың қанша қаражатты аутсорсингке, яғни зертханаларға, қосалқы орындаушыларға беріп отырғанын көресіз. Сонда сома бірнеше есе өседі.

Осы жерде ең маңыздысы – ақшаның нақты қайда кетіп жатқанын және түпкі бенефициар кім екенін адал саралау. Мысалы, 2,5 трлн теңгенің кемінде 1 трлн теңгесі жекеменшік секторға кетеді. Ол қандай қызметтерге жұмсалады? Дәрі-дәрмек пе, стоматология ма, зертханалар ма? Қандай клиникалар мен желілер тұр артында?

Міне, бұл объективті ақпарат болар еді. Ал қазір бәрін бірдей «ұрлық жасады» деп айыптай береді. Экономикалық ахуал күрделенген тұста дәрігерлерді «кінәлі» етіп көрсету үрдісі байқалады. Олар емдемейді, тек ұрлайды дегендей.

Ал шын мәнінде олар емдеп жатыр, әрі көп ем көрсетіледі. Бірақ заңбұзушылық та бар екені рас. Сондықтан кім, қалай және не үшін екенін нақты анықтау керек. Бұл терең тергеуді және ашық ақпаратты талап ететін өте маңызды мәселе. Қоғам шындықты білуге құқылы. Ал әзірге біз оны көріп отырған жоқпыз.

Бас прокуратураға шағым  нәтиже жоқ

Өткен жылы Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев Бас прокуратураға істі қайта қарау туралы өтініш жолдаған. Біз оның нәтижесін сұрадық. Іс жабылған.

– Біз сот үкіміне тікелей қайшы келетін деректерді таптық. Сот платформамен мүлде ештеңе жасалмаған деп шешті. Ал біз келісімшарт аясында орындалған кейбір элементтердің қазір Денсаулық сақтау министрлігінде нақты қолданылып жатқанын дәлелдедік.

Прокуратурада жұмыс басталды, куәгерлерден жауап алынды, мені де, Әбішевті де шақырды. Барлығын тексереміз деді. Бірақ кейін аяқ астынан «қайта қарауға негіз жоқ» деген жауап берді.

Менің ойымша, бұл шешім өте ықпалды адамдардың қысымымен қабылданды. Тіпті прокуратура қызметкерлерінің өзі кешірім сұрады. Олар істің анық екенін көрді, бірақ жоғары жақтан істі жабу туралы тапсырма келген. Өкінішке қарай, мәселе сол күйі шешілмеді.

Істі қолдан жасаған адамдар тергеу және прокуратура органдарында әлі де жұмыс істеп жүр. Бұл оларға тиімді. Біз сотқа да, үкіметке де жүгіндік, мұның ел халқына зиян екенін түсіндірдік.

Экс-министрдің айтуынша, платформаның іске қосылмауы қазірдің өзінде апатты салдарға әкеліп отыр. Бірақ ешкім мәселені мойындағысы келмейді.

– Мен, ең болмаса, осы жүйенің баламасын жасап шығаруға ақыл жетер деп ойладым. Өйткені әртүрлі уақытта, әртүрлі стандартпен, әртүрлі бағдарламалау тілінде жасалған ақпараттық жүйелерді платформа болмаса біріктіру мүмкін емес. Бұл бүкіл әлемде бар проблема.

Өзге елдер мұны деректер алмасу мен интероперабельдік платформалар арқылы шешеді. Бұл суперкомпьютерлер немесе ядролық реакторлар секілді ауқымды технологиялық нарық. Оны әр мемлекет өз бетімен жасай алмайды.

Бізге жаңа жүйе ойлап табудың қажеті жоқ еді. Дайын платформа бар. Ол Oracle негізінде жасалған бұл интероперабельдік саласындағы әлемдік көшбасшы. Келісімшарт мерзімсіз, лицензия да мерзімсіз. Ericsson немесе басқа вендорды шақырып, жұмысты жалғастыру жеткілікті болатын. Бұл жаңа платформа жасаудан әлдеқайда арзан әрі жылдам.

Ал қазір министрлік тағы бір «жаңа шешім» уәде етіп отыр. Бұған дейін сондай 150 нұсқа айтылды. Өзін-өзі алдауды қашан қоямыз? Бес жыл бойы бір сөзді қайталап келеміз. Ескі платформа баяғыда-ақ жұмыс істеп тұруы керек еді. Міне, жағдай осындай. Мен үшін бәрі анық.

Медициналық сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттар бойынша құрылған және көптеген елде табысты жұмыс істеп тұр. Қазақстанда да ол жұмыс істей алады, тіпті әлдеқайда тиімді болар еді. Бірақ біреулер қаламайды, біреулер кедергі келтіреді, біреулер қорқады. Соның салдарынан бар мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз.

Контекст

Соңғы жылдары міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап келеді. Жуырда Қаржы министрлігі тексеріс нәтижесінде өрескел заңбұзушылықтарды жариялады.

2020 жылдан бері қор 588 млрд теңге инвестициялық табыс тапқанымен, бұл қаражаттың басым бөлігі медициналық қызметке жұмсалмай, активтерде қалып отыр.

Тексеріс кезінде тағы не анықталды? Мысалы, бір дәрігер бір күнде 1 442 пациент қабылдаған, ал норма бойынша бұл сан 24 адамнан аспауы тиіс. Ер адамдар әйелдерге арналған скринингтен өткен, тіпті жатыр мойны обырына тексерілген жағдайлар анықталған.

Салықтық бақылау кейбір жекеменшік клиникалар басшыларының шамадан тыс көп жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алғанын көрсетті, бұл да күдік тудырған.

Яғни қаражаттың қалай пайдаланылып жатқанын ешкім нақты бақыламайды, ал қордың бюджет үнемдеуге ешқандай ынтасы жоқ. Сондықтан Үкімет басшысының шешімімен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры енді Денсаулық сақтау министрлігінің емес, Қаржы министрлігінің қарамағына өтті.

Денсаулық сақтау министрлігі неден қорқады?

Елжан Біртановтың пікірінше, Үкімет барлық қиындыққа қарамастан бұл мәселелерді шешуге міндетті. Бірақ кедергілер бар.

– Олар мұны жасамайды, себебі менің басымнан өткен жағдайды өздері де бастан өткереміз деп қорқады. Бәлкім, солай шығар.

Қазіргі министр мен оның командасына тек сәттілік тілеймін. Алдарында өте ауыр міндеттер тұр. Олар жағдайды жақсы түсінеді. Бірақ ар-ожданмен дұрыс шешім қабылдамайынша, ештеңе өзгермейді. Қорқуды доғарып, кейінге қалдырмай, айналма жол іздемей, жауапкершілікпен әрекет ететін уақыт келді, –  деп түйіндеді экс-министр.

Бәлкім, енді Қаржы министрлігі батыл қадамға барып, МӘМС жүйесіне ауадай қажет цифрлық платформаны іске қосар.

Айта кетейік, МӘМС жүйесіндегі ахуалды Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға Айдын Құлсейітов түсіндіруге тырысқан еді. Алайда ол бұл қызметке тағайындалғаннан кейін небәрі тоғыз ай өткен соң қор басшысы қызметінен босатылды.