Таяу Шығыстағы АҚШ пен Израильдің Иранмен қақтығысының географиясы күн өткен сайын ұлғайып барады. Осыған дейін Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар немесе Кувейт зымыран мен дрондардың нысанасына айналса, енді ол Кавказға да жетті. 5 наурызда Әзербайжанның Нахичевань эксклавына Иран дрондары шабуылдағаны туралы ақпарат тарады. Осыдан кейін БАҚ пен әлеуметтік желіде Қазақстан әуе қорғанысы бұндай шабуылдарға қаншалықты дайын? Ирандағы қақтығыс одан сайын ушығатын болса, батыс облыстардағы қалалар мен мұнай кен орындарын қорғауға қаншылықты қауқарлы? Ираннан Каспий теңізі арқылы босқындар ағылатын болса не істейміз? деген сұрақтар қызу талқыланды. Бүгін Ulysmedia да осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Шиеленіс күшейіп келеді
5 наурыз күні күндіз Иран дрондары Әзербайжанның Нахичевань эксклавына шабуыл жасады. Дрондар әуежай маңына және мектеп жанындағы аумаққа құлаған. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Тегераннан түсініктеме мен кешірім сұрауды талап етті. Иран елшісі сыртқы істер министрлігіне шақырылып, Баку қажет болған жағдайда жауап беруге құқылы екенін мәлімдеді. Ал Тегеран бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға жасалған шабуылды айыптады. Бұған дейін ол Парсы шығанағы елдеріне жасалған шабуылдарды да сынаған болатын. Таяу Шығыстағы жағдай ушығып жатқан тұста Тоқаев үкіметке, күштік құрылымдарға, әкімдерге және ұлттық компанияларға стратегиялық маңызға ие барлық нысандардың қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды.
Нахичеваньдағы жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?
Қазақстанды Иранмен тікелей тек Каспий теңізі ғана байланыстырады. Теңіз арқылы екі елдің арасы шамамен 550-600 шақырым. Құрлық бойынша Қазақстан мен Иранды бір жағынан Түркіменстан, екінші жағынан Өзбекстан бөліп тұр. Әскери сарапшы, запастағы полковник Ермек Сейтбатталов дрондар үшін мұндай қашықтықты ұшып өту аса қиын емес дейді.
Сіздер Шахед-131 және Шахед-136 дрондары Әзірбайжан аумағына құлады деп айтып жатырсыздар. Алайда мұндай ұшқышсыз аппараттар Ресейде де бар. Олар Татарстандағы зауытта шығарылады. Осындай жағдай Қазақстанда да болуы мүмкін. Себебі Иран – Каспий теңізінің арғы жағында орналасқан. Ал құрлық арқылы Түрікменстан мен Өзбекстан бар. Мұндай ұшқышсыз аппараттар үшін бұл қашықтық аса алыс емес, яғни тез ұшып келу мүмкіндігі бар. Иранның шамамен үш мыңға жуық зымыраны бар. Бүгінгі таңда біздің әуе қорғанысы жүйеміздің нақты қандай деңгейде екенін айтпай-ақ қояйын. Менің ойымша, барлау қызметтері Иранда не болып жатқанын, әуе кеңістігінде қандай жағдай бар екенін бақылап отыруы әбден мүмкін. Сондықтан әскери жаттығулар өткізіп, дрондарға, зымырандарға, тіпті ұшақтарға қарсы әрекет ететін күштерді елдің батыс аймағына орналастырып, жаттығу жүргізу өте дұрыс болар еді. Жайбарақат отырмай, осы мәселені алдын ала ойластыру қажет, – дейді ол.
Ермек Сейтбатталов теория жүзінде дрондар немесе зымырандар Қазақстан аумағына кездейсоқ түсіп кетуі де мүмкін дейді. Оның сөзінше, Ақтауда белгілі бір әскери күш бар, бірақ ол жеткіліксіз. Аймаққа қосымша күштер шоғырландырып, басқа мемлекеттердің қандай шаралар қабылдап жатқанын бақылап, тиісті мәліметтер жинау қажет. Радарлар арқылы немесе ұшақтарды әуеге көтеріп, барлау мәліметтерін жинауға болады. Аймақта авиабаза мен ірі әскери ұшақтар бар.
Ақтау, Құрық, Жаңаөзен, Бейнеу сияқты елді мекендерге қауіп бар. Бұл аймақтар салыстырмалы түрде жақын орналасқан. Дрондар мен зымырандар үшін бұл қашықтық үлкен емес, сондықтан олар сол жерлерге жетуі ықтимал. Бұл әдейі жасалған арандату болуы мүмкін немесе кездейсоқ жағдай болуы да мүмкін. Қалай болғанда да, ол жақтағы жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар мұнай кен орындарының қауіпсіздігін күшейту керек. Біз бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауымыз тиіс, – дейді Сейтбатталов.
«Әуе қорғанысы жүйесі әзірге жеткіліксіз»
Ермек Сейтбатталовтың айтуынша, Қазақстанның әуе қорғаныс жүйесі жеткілікті деңгейде емес. Қазіргі соғыс тәсілі мен заман талабына сай қару-жарақ алу қажет.
– Жалпы елімізде әуе қорғанысы жүйелері жеткілікті деңгейде емес. Алыстан атып түсіретін зымырандарға қарсы қорғаныс жүйелері қажет. Екіншіден, нысандарды алыс шептерде, яғни шекараға жетпей тұрып жою мүмкіндігі болуы тиіс. Мұндай көпсатылы қорғаныс жүйесі қажет. Қазіргі таңда бізде дәл осындай толыққанды жүйе әлі қалыптасқан жоқ. Каспий теңізінде әскери кемелерді орналастырып, жағдайды бақылауға болады. Алайда олардың бортындағы радарлардың әрекет ету қашықтығы шектеулі. Сондықтан барлау жұмыстарын күшейту қажет. Сол аймақта тұрақты әскери жаттығулар өткізіп, бейқам отырмау керек. Әлсіз тұстары болғанымен, қысқа мерзім ішінде дайындық деңгейін арттыруға болады. Бірақ ол үшін еліміздің әуе кеңістігін қалай қорғайтынымызды айқындайтын арнайы стратегиялық жоба қажет. Әскери техниканы бейберекет сатып алу дұрыс емес, керісінше әуе қорғанысын күшейтуге бағытталған нақты жоспарға сәйкес қару-жарақ алу керек. Қазақстан бұл ахуалға жанама түрде тартылып кетуі де ықтимал. Өйткені елдің батыс өңірінде мұнай кен орындары орналасқан және ол жерде америкалық компаниялар жұмыс істеп жатыр, – дейді ол.
«Әуе қорғанысының негізгі күштері басқа бағытта шоғырланған»
Ермек Сейтбатталовтың сөзін тағы бір әскери сарапшы әрі заңгер Дәулет Жұмабеков те қуаттайды. Оның сөзінше, Қазақстанның әуе қорғаныс жүйелері көбінесе Қытаймен шекаралас облыстарда орналасқан. Ал батыс аймақта ол жоқтың қасы.
– Әуе қорғанысының кейбір элементтері ҰҚШҰ аясында да бар, бірақ олардың басым бөлігі оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан. Ал Каспий бағытына келсек, ол жақта қорғаныс іс жүзінде жоқ деуге болады, – дейді Дәулет Жұмабеков.
Алайда әуе қорғанысы жүйелерінің болуы да заманауи дрондардан толық қорғаныс береді деген сөз емес. Бүгінде қолданылып жүрген дрондар, әдетте, өте төмен биіктікте ұшады әрі көлемі жағынан шағын ғана. Сондықтан оларды анықтау қиын. Тіпті заманауи америкалық әуе қорғанысы жүйелері де соққы жасайтын дрондардан жүз пайыз қорғай алмайды.
Сарапшының айтуынша, әуе қорғанысының көпшілігі ұшақтар мен зымырандарға қарсы күресуге арналған. Яғни ірі әрі жылдам нысаналарды жоюға бейімделген. Ал шағын дрондар майдан даласында қауіпті күш ретінде енді пайдаланылып жатыр.
Қазақстан – негізгі нысана емес
Дәулет Жұмабековтің айтуынша, Иран дрондардарының Қазақстанға қарай ұшуы екіталай.
– Жалпы алғанда соққылар дәл Қазақстан аумағына жасалады деген ықтималдық төмен. Егер аймақты қарастырсақ, мысалы, Иран үшін Әзербайжан әлдеқайда ықтимал нысана болуы мүмкін. Әзербайжан – Израильдің серіктесі. Екі ел арасында әскери-техникалық ынтымақтастық бар, қару-жарақ сатып алынады, Израиль мамандары кейбір жүйелерді жаңғыртуға қатысқан.
Ал Қазақстан мен Иран арасында елеулі саяси қайшылықтар жоқ. Екі ел бір-бірінен едәуір алыс орналасқан. Оның үстіне Тегеран үшін әлдеқайда жақын бағыттар бар.
– Бұл ең алдымен Парсы шығанағы елдері. Мысалы, Сауд Арабиясы немесе Біріккен Араб Әмірліктері. Ол жерлерде америкалық әскери нысандар орналасқан, – дейді ол.
Соңғы соғыстардың басты сабағы
Жұмабековтің айтуынша, Қазақстан ірі соғысқа бтолық дайын емес. Соңғы қақтығыстар әуе қорғанысы жүйесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
– Соңғы жылдардағы оқиғалар, әсіресе Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы әуе қорғанысы жүйесінің маңызы қаншалықты жоғары екенін көрсетті. Зымырандар мен дрондардың жаппай қолданылуы әуе қорғанысын ұлттық қауіпсіздіктің негізгі элементтерінің біріне айналдырды, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, әуе қорғанысын дамыту қорғаныс саясатының басты басымдықтарының бірі болуы тиіс. Әйтпесе, тіпті кездейсоқ ұшқан дронның өзі ел үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін.
– 2017 жылы авиация мен аэромобильді күштерді басым бағыт ретінде дамыту туралы қабылданған шешім, менің ойымша, қате болды. Әуе күштері қарсылас айтарлықтай басым болған жағдайда тиімді әрекет ете алмайды. Жалпы алғанда, барлық бағыттан келетін қауіпке дайындалып, қорғанысты дамыту қажет, – дейді ол.
Президент тапсырмалары
Біз сарапшыларға “Қазақстан қауіпсіздікті нақты қалай күшейтпек?” деген сауалды да қойдық. Яғни президенттің тапсырмалары нақты қандай шараларды қамтиды.
– Ең алдымен сөз азаматтық қорғаныс шаралары туралы болып отыр. Бұл – құтқару қызметтерін дайындау, медициналық мекемелердің дайындығын тексеру, ескерту жүйелерін, жедел әрекет ету қызметтерін, эвакуация жоспарларын және төтенше жағдай салдарын жою жүйелерін тексеру. Мұндай тәжірибе – қалыпты стандарт, – дейді Дәулет Жұмабеков.
Ал Ермек Сейтбатталовтың айтуынша, әскери салада «жауынгерлік жарғы» деген ұғым бар. Күштік құрылымдар сол жарғыға сәйкес белгілі бір алгоритм бойынша әрекет етеді.