Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Қасым-Жомарт Тоқаевқа БРИКС саммитіне қатысқаны үшін алғыс айтып, оның сөзін жоғары бағалады. Үндістан басшысының айтуынша, Қазақстан Президентінің баяндамасы мазмұнды болып, онда бүгінгі күнге сай бірқатар бастама көтерілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Нарендра Модиді саммиттің сәтті өтуімен құттықтап, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Үндістанның әлемдік экономикадағы орнына, ғылым мен технология саласындағы жетістіктеріне және халықаралық беделіне де тоқталды.
– Үндістан Сіздің парасатты әрі тегеурінді басшылығыңызбен прогресс пен орнықты даму жолында алға қарай нық қадам басып келеді, – деді Президент.
Тоқаев Қазақстан мен Үндістан арасындағы байланыс көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда үнді капиталы бар 600-ге жуық компания жұмыс істейді.
Былтыр елімізге Үндістаннан шамамен 150 мың адам келген. Сонымен қатар Қазақстанда үндістандық студенттер де білім алып жүр.
Президент екі елдің халықаралық ұйымдар аясында да белсенді ынтымақтасып отырғанын атап өтті.
Нарендра Моди Үндістанның Қазақстанмен достық әрі сенімге негізделген қарым-қатынасқа үлкен мән беретінін айтты.
Кездесуде энергетика, цифрландыру, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Тараптар жоғары технологиялар мен креативті индустрияларға да жеке тоқталды.
Модидің айтуынша, Қазақстан мен Үндістанның бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі мол.
Ол Астанадағы Astana Hub пен Хайдарабадтағы Cyberabad технологиялық экожүйесі арасындағы ықпалдастықты болашағы бар бағыттардың бірі ретінде атады.
Үндістан премьер-министрі Қазақстан өкілдерін, әсіресе жастарды келесі жылы Мумбайда өтетін WAVES креативті индустриялар саммитіне шақырды.
Кездесуде Үндістан мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы байланысты дамыту мәселесі де сөз болды.
Тоқаев Қазақстан ЕАЭО-ға төрағалық етуші ел ретінде Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді қолдайтынын және бұл бағыттағы жұмысты ілгерілетуге дайын екенін айтты.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Нарендра Модиді елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.