Журналистердің кәсіби мерекесіне орай Ulysmedia.kz өз бас редакторы Самал Ибраевамен сұхбат жариялайды. Ол Ақ үй жанындағы журналистер пулына қалай енгенін, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік сапарларында жұмыс істеуді неліктен маңызды санайтынын тарқатты. Сондай-ақ жаңа медиажобаларды қолға алу себебін, DDoS-шабуылдар мен түрлі қысымдардан қалай өткенін, бүгінгі қазақ журналистикасында өзін не алаңдататынын және аяқтан шалғысы келгендерге не үшін ризашылық білдіретінін айтты.
ДОСЫ ДА, ДҰШПАНЫ ДА КӨП САЙТ
Бес жыл бұрын Ulysmedia.kz-ті ашқанда оны қандай медиа ретінде елестеттіңіз? О баста көздеген мұратқа жеттіңіз бе, әлде жол-жөнекей жоспарды өзгертуге тура келді ме?
– Өте оптимист адаммын. Сондықтан жалпақ жұрт тегіс білетін, жарнама ағылып келетін, журналистер мен сарапшылар кезекке тұратын медианы көз алдыма елестеттім. Қысқасы, мақсатым – сапалы әрі ықпалды ақпарат құралының негізін қалау болды. Арнайы жоспар құрып отыруға уақыт та болған жоқ, бәрі тез өрбіді. Уақыт өте келе түсінгенім, сайт дегеніңіз – бір сәтке де тоқтауға болмайтын өндіріс орны секілді екен. Оған үнемі шикізат керек, жөндеу керек, жаңғырту керек, ең бастысы – кадр керек.
Мемлекеттік қызметте көп жыл жұмыс істеген тәжірибеңіз бұл бағытта көмектесті ме, әлде керісінше кедергі болды ма?
– Бұл тәжірибе маған сөзсіз көмектесті. Мемлекеттік қызметтің бергені көп. Ең бастысы – мемлекетшіл көзқараспен ойлауды үйретті.
Бес жыл ішінде сайттың танымалдығы өсті. Бүгінде Ulys-қа сілтеме жасаушылар көп. Кейде рейтингте ондаған жылдық тарихы бар сайттардың өзін басып озады. Мұны жетістіктің шыңы деуге бола ма?
– Мен мұны жетістіктің шыңы дей алмаймын. Иә, үздік бестікке де, үздік үштікке де еніп жүрміз. Ulys-ты жақсы көретіндер де, сынайтындар да бар, қадірлейтіндер де, даттайтындар да табылады.
Бірақ мен үшін ең үлкен құндылық – рейтинг емес, халықтың құрметі. Ақ үйдің, Біріккен Ұлттар Ұйымының және Президент Тоқаевтың медиа пулына аккредиттелгеніміз де, әрине, маңызды. Бірақ бұл арқаны кеңге салып, тоқмейілсуге себеп емес. Сондықтан әлі де биік мұраттарға ұмтыла бермекпін, командамнан да жұмыс өнімділігін арттыра түсуді талап етемін. Тек жетістікке жетіп қана қоймай, нақты басымдықтарға ие болуымыз керек. Мақсатымызға жететінімізге сенем.
ХАЛЫҚҚА ЕСЕП ЕМЕС, ЖАУАП КЕРЕК
Министрлерге өз жұмысы туралы жақсы материалдар мен есептердің жарияланғаны керек, ал оқырман мен көрерменге өткір жаңалық қажет. Билік пен аудитория арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыздар?
– Шын мәнінде мәселе министрлердің өздері жайлы жағымды дүние жазылғанын қалайтынында емес. Мәселе – көпшіліктің әлі күнге дейін бір нәрсені түсінбеуінде: адамдарға есеп үшін жазылған есеп емес, елде не болып жатқаны туралы ашық әрі мазмұнды әңгіме керек. Бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі біздің міндетіміз – қоғам мен мемлекет арасында көпір болу. Біз өз алаңымызды бәріне теңдей ұсынамыз: билік өкілдеріне, депутаттарға, қоғам белсенділері мен сарапшыларға, оппозицияға да. Біздің мақсатымыз – әлдекімді қаралау емес. Міндетіміз – түрлі көзқарасты көрсету және қорытынды жасау мүмкіндігін оқырманның өзіне қалдыру.
Өкінішке қарай, көптеген мемлекеттік органдардың коммуникация сапасы әлі де көңіл көншітпейді. БАҚ сауалдарына берілетін жауаптар ресми сипаттан аспайды, министрлер мен әкімдер көбіне ашық әңгімеден қашқақтайды. Ал сенім дәл осындай ашық диалог арқылы қалыптасады.
Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы талай мәрте айтты. Меніңше, бұл – өте дұрыс идея. Бірақ мемлекет әдемі ұрандардың емес, шенеуніктердің қолайсыз сұрақтарға ашық жауап беруге, қабылданған шешімдерін түсіндіруге және қоғаммен тұрақты диалог жүргізуге дайын болуының арқасында ғана халықтың үнін еститін мемлекетке айналады. Меніңше, дәл қазір осы бағытта жұмыс істеу керек. Өйткені журналистер мемлекетке қарсы күш емес. Керісінше, біз билікке халықтың жанайқайын естуге көмектесеміз.
БАС РЕДАКТОРҒА ОҚИҒА ОРТАСЫНДА ЖҮРУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Сіз – Ulysmedia-ның бет-бейнесісіз. Осындай ірі басылымның басшысы бола тұра оқиға ортасында жүру – мәжбүрлік пе, әлде кәсіби қызығушылық па?
– Бұл – таза кәсіби қызығушылық. Оның үстіне, жайлы орындықта отырып қана басшылық ететін заман әлдеқашан өтті. Сондықтан журналистермен де, SMM мамандарымен де, дизайнерлермен де, SEO мамандарымен де қатар жұмыс істеймін. Қажеттілік туса, кейіпкерге өзім барып, сұхбат та жазам. Шынымды айтсам, жұмыс істеп шаршағанды ұнатамын.
Біздің бүкіл команда дәл осындай қарқынмен жұмыс істейді. Таңның қашан атып, күннің қашан батқанын, тіпті демалыстың қашан келгенін де аңғармай қаламыз.
Тағы бір маңызды нәрсе – үнемі үйренуге тура келеді. Өзім түсірілім жасауды да, монтажды да меңгердім, соны әріптестерімнен де талап етем. Қазір видеосыз материал кімге қызық?
Әріптестеріңіз Қазақстанның ойқы-шойқы жолдарымен селкілдеп жүргеніңізге таңғалмайтын шығар, бірақ Тоқаев пен Трамп секілді әлемдік деңгейдегі саясаткерлер негізгі ньюсмейкер болатын халықаралық алаңдардағы жұмысыңыз көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны рас.
– Мен ауылдың қызымын ғой, ауылда туып-өстім. Сондықтан ойқы-шойқы жолдармен жүріп, аймақтарды аралау – өз стихиям. Адамдарға, қарапайым халыққа жақын болу керек. Олардың қалай өмір сүріп жатқанын, неге алаңдайтынын, елде не болып жатқанын өз көзіңмен көріп, түсіну маңызды. Сондықтан мұндай сапарлардан ешқашан бас тартқан емеспін.
Қызылорда облысы, 2025
Семей орманы, 2026
ТАМЫР-ТАНЫСТЫҚ ПА?
Ақ үй жанындағы журналистер пулына қалай қабылдандыңыз? Бұл әлдекімнің қолдауының арқасы ма? Тағы бір сұрақ: Қазақстан президентімен жеке таныссыз ба?
– Президентімізбен алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы сессиясында таныстым. Сол кезде Тоқаевтың өте зиялы адам екеніне көзім жетті. Жанына барып, өзімді таныстырғанымда, ол күзет қызметіне «қалай өткізіп жібердіңдер?» дегендей қабақ шытқан жоқ. Сабырмен қарсы алып, бірден Ulysmedia-ны білетінін айтты. Президент ақпаратты түпнұсқа дереккөздерден, әлемдік медиадан оқитыны көпке мәлім. Сол тізімде біздің де болуымыз – мен үшін үлкен жауапкершілік.
Ал Ақ үй мен БҰҰ-ның журналистер пулына кездейсоқ тап болған жоқпын. Аккредитацияға мақсатты түрде өтініш бердім. Бірнеше ай бойы арнайы тексерулер жүргізілді, ақырында менің кандидатурама келісім берілді. Ешқандай тамыр-таныстық жоқ. Әрине, бюрократиялық рәсімдер болды, бірақ бәрі ресми сайттарда көрсетілген тәртіп бойынша өтті. Еш қиындығы жоқ, мұны Қазақстандағы кез келген БАҚ жасай алады.
Франция, 2026
БІЗДІҢ МҮДДЕМІЗ
Қанды қақтығыстарға қатысты болмаса, халықаралық тақырыптар аудиторияны онша қызықтыра қоймайды. Сонда да сайтта Қазақстаннан тыс жерде болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат неге көп?
– Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы оқиғалар – мұның бәрі қаласақ та, қаламасақ та экономикамызға да, күнделікті өмірімізге де тікелей әсер етеді. Мен бір нәрсені жақсы түсінем: егер біз өзіміз шешім қабылдамасақ, біздің орнымызға өзгелер шешеді. Сондықтан бүгінгі күні өзгенің жаңалығын көшіріп басумен шектелмей, мүмкіндік болса, әлемде болып жатқан оқиғаларды өзіміз баяндап, оларға Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан қарау маңызды.
Иә, мұндай тақырыптар миллиондаған қаралым жинамауы мүмкін. Бірақ адамдарға мұнайымыз қайда кетіп жатқанын, жаһандық саясаттың Қазақстанға қалай әсер ететінін және геосаясаттың бүгінде әрқайсымызға тікелей қатысы бар екенін түсіну маңызды деп білем.
Меніңше, жұрт енді ғана әлемде өте күрделі үдерістер жүріп жатқанын, олардың бәрі түптің түбінде Қазақстанға да әсер ететінін ұғына бастады. Біз халыққа болып жатқан жағдайды бүкпесіз жеткізуге міндеттіміз. Ақты – ақ, қараны – қара деу керек және оқиғаларды әлдекімнің мүддесіне қарай бұрмалауды доғару қажет.
Бейжің, 2026
Президент Тоқаевтың сапарлары жайлы неге соншалықты егжей-тегжейлі жазасыздар?
– Біз жоғары деңгейдегі кездесулерді көбіне ресми хабарламалардан аспайтын, қызықсыз әрі формалды шара ретінде қабылдауға үйренгенбіз. Ал мені үлкен шешімдердің қалай қабылданатыны, келісімдердің қалай жасалатыны және ресми мәлімдемелердің тасасында не қалып қоятыны қызықтырды. Сөйтсем, бұл – өте қызықты процесс екен. Брюссельден әзірленген репортаждар жақсы оқылды. Демек, бұл тақырып мені ғана емес, оқырмандарымызды да қызықтырады.
Біз қазіргі аумалы-төкпелі уақытта ұлттық мүддені өзіміз қорғауымыз керек екенін енді түсіне бастадық. Қазақстанның мүддесін біздің орнымызға ешкім қорғап бермейді. Сондықтан мен үшін қорытынды мәлімдемелерді ғана емес, көбіне тасада қалып қоятын дипломатиялық жұмысты көрсету маңызды. Мұндай келіссөздердің қалай өтетінін, жеке байланыстардың қаншалықты маңызды екенін, президенттің әлем көшбасшыларымен ешбір делдалсыз тікелей сөйлесе алуының мәнін өз көзіммен көрдім.
Бірақ бұл біз тек халықаралық тақырыптарды ғана қозғайды деген сөз емес. Біз елдегі ең резонансты сот процестерін, жемқорлыққа қатысты тергеулерді, әлеуметтік жанжалдарды, әскер мәселесін, экономика, білім және өңірлердегі түйткілдерді тұрақты түрде жариялап келеміз. Біз үшін «жабық тақырып» деген ұғым жоқ. Халықаралық дипломатиядағы оқиғаларды да, қазақстандықтарды күн сайын алаңдататын мәселелерді де бірдей көтереміз.
Сондықтан мен үшін журналистика – билікті қолдау мен сынаудың арасынан таңдау жасау емес. Журналистиканың басты міндеті – болып жатқан оқиғалардың толық көрінісін көрсету және адамдар өз қорытындысын жасай алуы үшін барынша объективті ақпарат ұсыну.
МЕДИА ИМПЕРИЯ ҚҰРУ БАСТАМАСЫ МА?
Сіз іскерлік бағыттағы NBK сайтын аштыңыз, сондай-ақ жастарға арналған Masa Media-ны өз қанатыңыздың астына алдыңыз. Бұл медиа империя құрудың бастауы ма?
– National Business Kazakhstan – менің іскерлік журналистикадағы алғашқы жобам. Бұл бағыттың да өзіндік қиындығы бар. Биыл Ulysmedia.kz-тің құрылғанына тура бес жыл толады. Ойланып қараңызшы, бес жыл! Мен үшін бұл уақыт көзді ашып-жұмғандай өте шықты. Осы аралықта DDoS-шабуылдар да болды, сайт бұзылды, анонимді шабуылдарға тап болдық, тіпті менің атымнан «Қыздарнет» сайтында хабарландыру да жарияланды. Бірақ бір нәрсені анық айта аламын: мұның бәрі мені шыңдады, қайраттандырды және өмір сүруді үйретті.
Жауларыма да, күндеушілеріме де ризамын. Олар мені жігерлендірді, бір емес, екі-үш қадам алға жылжуыма түрткі болды.
«Ақшаны қайдан аласың?» деп сұрайтындар көп. Мен оларға үнемі қанша адамды жұмыспен қамтып отырғанымды, мемлекетке қанша салық төлейтінімді қарауды ұсынамын. Ал салық мәселесі – өз алдына бөлек әңгіме. Біз қосылған құн салығының жаңа жүйесіне көштік. Бұл шағын және орта бизнес үшін оңайға соққан жоқ. Соған қарамастан, жұмысымызды жалғастырып келеміз.
Сондықтан іскерлік журналистикада да өзімді сынап көруге бел будым. Оның да оңай емес екеніне көзім жетті. Мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлініп, субсидия беріліп немесе әлдебір олигарх демеушілік жасап отырса, медианың жұмысын дөңгелету оңай шығар. Ал тәулігіне жиырма төрт сағат бойы өзің дамылсыз жүгірсең – бұл мүлде басқа әңгіме. Қалай болғанда да, әр жобам, әр бастамам үшін өзім жауап берем.
Сондай-ақ жастарға арналған ағартушылық бағыттағы Masa Media-ны қанатымның астына алдым. Бұл жобаны жас журналист Әсема Ғұмарова басқарады. Ол – зумерлер буынының өкілі. Сондықтан бұл жобаның қалай дамитынын бақылау маған өте қызық.
Қазір менің үш бірдей жұмыс істеп тұрған бұқаралық ақпарат құралым бар. Демек, елімізде жағдай соншалықты жаман емес. Мұны да айту керек, мойындау қажет.
Брюссель, 2026
Анталья, 2026
БӘСЕКЕ ТУРАЛЫ
БАҚ арасындағы қызу бәсеке сізді шаршата ма, әлде жаңа жетістіктерге жетелей ме?
– Мен үнемі жан алып, жан беріскен бәсеке туралы айтып жүрем. Уақыттан қалмау үшін бізге үнемі жүгіруге, үйренуге, жаңа дүниені меңгеруге қажет. Сайтқа жасанды интеллект жазған мәтіндер жарияланса, қатты ренжимін. «Жаны» жоқ материал адам тартпайды. Журналист өзінің көргенін өзі жазуы тиіс. Әуелі соны үйреніп алайық, ерлік жайын содан кейін сөз етерміз.
Кәсіби мерекемізде барлық журналистерге сұрақ қоюда еркін, жауап беруде адал болуды тілеймін. Әрбірімізде күмәндануға, ақпаратты қайта тексеруге, қателікті мойындауға және шындықты айтудан қорықпауға күш-жігер болсын.
Әріптестеріме тың тақырыптар, сенімді дереккөздер, қызықты кейіпкерлер, кәсіби құлшыныс және бейбіт аспан тілеймін.
Журналистика тек жаңалық тарататын кәсіп емес, адамдарға мына әлемнің сырын түсінуге көмектесетін мамандық болып қала бергей.