БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясында Қазақстан халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану, Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы жағдай, су ресурстары және жасанды интеллект мәселелеріне қатысты ұстанымын таныстырды. Астана БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалап, Азия, Африка, Латын Америкасы мен дамушы елдердің, соның ішінде орта державалардың өкілдігін кеңейтуді ұсынды. Сонымен қатар ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогті қайта жандандыруға дайын екенін мәлімдеп, БҰҰ қамқорлығымен халықаралық су ұйымын құру бастамасын алға тартты.
Осы мәселелердің Қазақстанның сыртқы саясатындағы орны, Украинадағы соғысқа қатысты Астананың ұстанымы, АҚШ-пен байланыс және алдағы дипломатиялық басымдықтар туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында айтып берді.
СЫРТҚЫ САЯСАТ – ІШКІ САЯСАТТЫҢ ЖАЛҒАСЫ
– Мұхтар Бескенұлы, Қазақстанның орта держава ретіндегі халықаралық рөлін күшейту тұрғысынан БҰҰ мінберінде көтерген бастамаларыңыздың маңызы қандай? Оларды нақты іске асыру үшін қандай қадамдар жасалуы керек?
– Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясына Қазақстан делегациясының басшысы ретінде қатыстым. Бас Ассамблея мінберінде елімізде болып жатқан өзгерістер туралы баяндадым. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, сыртқы саясат – ішкі саясаттың жалғасы. Мемлекетімізде президент жүргізіп отырған саясатты сыртқы бағытта да жалғастырып, оның негізгі ұстанымдары мен стратегиялық басымдықтарын халықаралық аренада ілгерілетіп келеміз.
Биыл БҰҰ аясында әлем бойынша «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Бұл бастама Қазақстанның ішкі саясатымен ғана шектелмей, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа да әсер етеді.
АРАЛ МЕН КАСПИЙДЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СУ ҰЙЫМЫНА ДЕЙІН
– Қазақстан үшін өзекті су мәселесін БҰҰ аясында көтеріп, Арал мен Каспийге қатысты бастамаларды халықаралық деңгейде ілгерілету бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Халықаралық су ұйымын құру туралы бастама бар. Қазіргі таңда осы мәселені алға жылжытып, өзге мемлекеттермен консультациялар өткізіп, оларды біздің бастамаға қосылуға шақырып жатырмыз. Мен бірнеше елдің министрлерімен кездесіп, бұл бастаманың мән-маңызын жеткізіп жүрмін.
Әрине, басқа аймақтарда да суға байланысты мәселелер өте көп. Африка, Латын Америкасы дейміз. Сондықтан көптеген мемлекеттер бұл бастаманы түсініп, қолдап жатыр. Ең біріншіден, Халықаралық су ұйымы БҰҰ-ның бір бөлігі болуы керек деген ойдамыз. Қазіргі таңда UN-Water деген платформа бар. Соны толыққанды ұйымға айналдыру мәселесін өзге әріптестерімізбен ақылдасып жатырмыз.
– Жаһандық мәселелерде Қазақстанның ұстанымын ескерсек, президенттің геосаяси бастамаларын жалғастыруда алдағы басымдықтарыңыз қандай?
– Әлемде дағдарыстар өте көп. Соғыстар жүріп жатыр. Ең біріншіден, біздің жүргізіп жатқан саясатымыз бейбітшілікке бағытталған. Әрине, біз барлық тараптарды диалогқа шақырамыз. Әр мәселені тек қана келіссөздер арқылы шешу керек деген ұстанымымыз бар.
УКРАИНА МӘСЕЛЕСІ: ҚАЗАҚСТАНДА КЕЛІССӨЗ ӨТУІ МҮМКІН БЕ?
– Ресей және Украина сыртқы істер министрлерімен кездесулер өткіздіңіздер. Украина тарапы Астанада келіссөз өткізуге дайын екенін білдірді. Осыған байланысты Қазақстанның ұстанымы қандай?
– БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысудағы мақсатымыз тек қана мәлімдеме жасау емес. Бұл жерде көптеген делегация басшыларымен кездесіп, көпжақты жиындарға қатысып, ұстанымдарымызды жариялап, ілгерілетуді көздедік. Әрине, екіжақты кездесулер барысында көптеген елдің сыртқы істер министрлерімен кездестім. Олардың арасында өзіңіз атаған Лавров мырза мен Сибига мырза да бар. Болып жатқан қақтығысқа байланысты олармен қарым-қатынасымызды талқыладық.
Ең біріншіден, Украина тарапымен Қара теңізде біздің кемелерімізге дронмен жасалған шабуылдарды бұдан былай болдырмау туралы сөйлестік. Лавровпен кездесуде соғысты тезірек аяқтау үшін Украина тарапымен келіссөздер жүргізуге шақырдық. Екі тарап келіссөздерді Қазақстанда өткіземіз деген ниет білдіріп жатса, біз оған қарсы емеспіз. Бірақ біздің ойымызша, бұл мәселе тек екі елдің арасында шешілуі керек. Өйткені жауапкершілік өте жоғары. Бұл мәселені ешбір медиатор араласып, сырттан шешіп бере алмайды.
– БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясын қорытындылайтын болсақ, Қазақстан үшін негізгі нәтиже қандай?
– Өздеріңіз білесіздер, қазір талқыланып жатқан мәселе өте көп. Бұл бағыттағы ең үлкен мақсатымыз, президенттің басымдық беріп отырған негізгі бағыты – цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту. Мысалы, АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллектіні алға ілгерілетіп, оны «супер интеллект» деп атауды ұсынып жатыр. Оның дамуын еш тоқтатуға болмайды деген ұстанымда. Ал БҰҰ Бас хатшысы Гутерриштің көзқарасы басқа. Ол тек жасанды интеллектке барлық күшті салып, соған ғана сеніп отыруға болмайтынын айтты. Басқа мемлекеттердің де ұстанымын біліп, өзіміз үшін қандай жаңа тәжірибе, қандай жаңа сабақ аламыз деген тұрғыдан алғанда, бұл сессияға қатысуымыздың мәні зор.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ӨТЕ ЖОҒАРЫ
– АҚШ сенаторы қазан айында Трамп мырзаның арнайы өкілі Стив Уиткофф Қазақстанға ресми сапармен келетінін айтып қалды.
– Қазіргі таңда тек ол кісі ғана емес, көптеген америкалық делегациялар келіп жатыр. Олармен талқыланатын мәселелер жан-жақты. Бұл цифрландыруға да, жасанды интеллектке де байланысты. Мұнай және металлургия салалары бойынша да бізге салып жатқан инвестициялары бар. Біз олар үшін тиісті жобаларды дайындауымыз керек. Олардың тарапынан қызығушылық өте жоғары.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев желтоқсанда G20 саммитіне қатысады. Бұл саммиттен не күте аламыз?
– Ең біріншіден, президентіміздің G20 саммитіне шақырылғанының өзі бізге көрсетілген сый-құрмет қана емес, Президентіміздің, мемлекетіміздің халықаралық қатынастарда атқарып жатқан рөлінің, абыройының мойындалғаны деп есептейміз. Әрине, президент шақыруды қабыл алды, қатысатынын айтты. Сол шараға қатысуына байланысты біз белсенді жұмыс атқарып жатырмыз. Әрине, тек барып, қатысып қайту емес, мемлекетіміздің әртүрлі мәселелерге қатысты ұстанымын білдіріп, талқылау барысында тиісті ұсыныстар мен бастамаларды енгізуіміз қажет.