«Дипломатияға уақыт пен батылдық қажет»: Гутерриштің өкілі Украина мен БҰҰ реформасы туралы

Ulysmedia.kz коллажы

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің ресми өкілі Стефан Дюжаррик Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында әлемдегі қақтығыстарды тоқтатудағы дипломатияның рөлі, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау, ұйымның келесі Бас хатшысын сайлау және Украинадағы бейбітшілік мәселелері туралы пікір білдірді. Ол Қазақстанның халықаралық мәселелерді шешуде көпжақты ынтымақтастықтың маңызын өз тәжірибесімен көрген елдердің бірі екенін атап өтті.

«ӘЛЕМДЕГІ ЕШБІР МӘСЕЛЕНІ БІР ЕЛ ЖАЛҒЫЗ ӨЗІ ШЕШЕ АЛМАЙДЫ»

Стефан Дюжарриктің айтуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясында дипломатиялық келіссөздер қарқынды жүрді. Ол өткен аптада көптеген кездесулер өтіп, делегациялар арасында жабық келіссөздер жүргізілгенін айтты.

«Бұл БҰҰ-дағы қарқынды дипломатияға толы апта болды. Сіздер естіген барлық сөздер айтылды және біздің артымызда делегациялар құпия кездесулер үшін брондаған бөлмелер орналасқан. Бұл – дипломатияның ауыр жұмысы», – деді БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі.

Оның айтуынша, Бас хатшы Антониу Гутерриш Украинадағы, Парсы шығанағындағы және Газадағы қақтығыстарды тоқтатудың жолдарын іздеуге белсенді атсалысып келеді.

«Бірақ дипломатия уақытты, батылдықты және көп күш-жігерді қажет ететінін білесіздер.  Менің ойымша, Қазақстан мұны естіп қана қоймай, өз көзімен көрді: әлемдегі ешбір мәселені бір ғана ел жалғыз өзі шеше алмайды. Бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», – деді Стефан Дюжаррик.

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІН РЕФОРМАЛАУ ТУРАЛЫ

Гутерриштің ресми өкілі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау мәселесіне де тоқталды. Дюжаррик бұл тақырыптың осы аптада айтылған көптеген пікірлердің өзегінде болғанын атап өтті.

 «Бас хатшы Гутерриш мырза Қауіпсіздік кеңесі қазіргі уақытта 2026 жылғы әлемде емес, 1945 жылғы әлемге ұқсайтынын өте анық айтты. Әлем халқы, әлем елдері Қауіпсіздік кеңесінде тікелей немесе басқа елдер арқылы өздерінің мүдделері қорғалғанын көруі тиіс. Бірақ қазір олай болмай тұр», – деді ол

БҰҰ-НЫҢ КЕЛЕСІ БАС ХАТШЫСЫ КІМ БОЛАДЫ?

БҰҰ-ның келесі Бас хатшысын сайлау мәселесіне қатысты Дюжаррик әзірге нақты ақпарат жоқ екенін айтты. Ол бұл шешім алдымен Қауіпсіздік кеңесінде қабылданатынын түсіндірді.

«Келесі бастығымның кім болатынын білмеймін. Бұл шешім алдымен Қауіпсіздік кеңесінде қабылданады. Олар бір үміткердің атымен келісіп, содан кейін бекіту үшін Бас Ассамблеяға жібереді», – деді ол.

Дюжарриктің сөзінше, қазір бұл мәселеге қатысты көптеген талқылау жүріп, түрлі қауесет тарап жатыр. Алайда оның өзі келесі Бас хатшының кім болатынын білмейтінін айтты.

«Бірақ біз жай ғана күтіп, әліптің артын бағуымыз керек. Менде ешқандай инсайдерлік ақпарат жоқ. Көпшілік секілді мен де басшымыздың кім болатынын білуге өте құмармын», – деді БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі.

Ол қазіргі Бас хатшы Антониу Гутерриш пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарым-қатынасы жайлы да сөз етті.

«Біздің Бас хатшымыз Антониу Гутерриштің бұрын біздің қатарымызда болған, Женевадағы БҰҰ басшысы қызметін атқарған президент Тоқаевпен қарым-қатынасы өте жақсы екенін білеміз. Мен онымен жеке өзім жұмыс істегенмін. Бірақ келесі басшының кім болатынын білмеймін», – деді ол.

УКРАИНАДАҒЫ БЕЙБІТШІЛІК ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Украина мәселесі –  БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында талқыланған негізгі тақырыптардың бірі. Стефан Дюжарриктің сөзінше,  әлемдегі көптеген соғыстарда тараптардың барлығы бейбітшілікті қалағанымен, әркім өз шартының орындалуын көздейді.

«Көптеген соғыстарда барлығы бейбітшілікті қалайды деп ойлаймын. Бірақ олар бейбітшіліктің өз шарттарымен орнағанын қалайды. Ендігі басты міндет – шынайы бейбітшілікті табуды қамтамасыз ету», – деді ол.

Дюжаррик Украинада қандай бейбітшілік орнауы керегін айтты.

«Украинада әділ әрі тұрақты бейбітшілік орнауы керек. Ол Бас Ассамблеяның қарарларына негізделген, халықаралық құқыққа сүйенген және Украинаның егемендігіне негізделген болуы тиіс», – деп түйіндеді ол.