Назарбаевтарда қанша ақша бар немесе Қазақстан неліктен ұрланған байлықты қайтаруға асықпайды

Ulysmedia

«Бастығым не десе, соған бас шұлғып, басқалар үшін жауап бермей-ақ қояйын...» Әкежан Қажыгелдин осындай ұстаныммен өмір сүрмей, қазір ел үшін еңбек етер кез келді деп есептейді. Ulysmedia.kz порталының бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында бұрынғы премьер-министр алыста отырса да, елден көп жаңалықты бұрын білетінін дәлелдеп, ескі және жаңа Қазақстан неге «итжығыс түсіп жатқанын» түсіндіруге тырысты. Тоқаевтың пәрмені мен Назарбаевтың рөлі жайлы ойын ортаға салды.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Әкежан мырза, уақыт өтсе де, қанша мүмкіндік берілсе де біздің Үкімет неге түзелмейді? Қалай ойлайсыз? Президенттің тапсырмасына «ашық саботаж жасап отыр» деп министрлерге неліктен айып жиі тағылады?

– Үкімет басшысы мен Президент әкімшілігінің меңгерушісі аузын ашса, ең бірінші айтатын сөздері «Мемлекет басшысының берген тапсырмасымен қызмет атқарып жүрміз» дейді. Ол болмайды. Елдің бәрі, үкіметтің өзі соншама жай ғана таңертең тұрып, кешке жатып жүрген халық емес қой!? Әжептәуір қайшылықтары бар, үлкен алатын салықтары бар. Былайғы халыққа қарасаңыз, жағдайлары жаман емес. Олар жалғыз ғана таңертең тұрып алып, «бастық не деді?» дегенді орындайтын болса, онда біз бәріміз бишара болып жүре береміз. Үкіметтің ең біріншіден, өз бағдарламасы болуы керек. Сол бағдарламасымен үлкен кеңсеге барып, президенттің алдынан өтіп, барып «болмаса, бізді тоқтатыңыз, біз жеңетін болсақ, халықтың өзі бізге жасап жүргеніміз дұрыс па, жоқ па дегенді айтады» деуі тиіс. Дәл бүгін үкімет өз бетімен, басшылық өз бетімен жүрген жағдай. Сол себептен менің айтарым – мен де өздеріңіз сияқты қаңтардан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан сөздеріне өзімше терең қарап, қазақ айтпақшы, мұқият тыңдап, бүгін қарайтын болсам, бір жағынан ол кісінің ниеті бұрынғы сияқты, сөзіне қарасаңыз өзгерген жоқ. Ал жанында жүрген серіктері, командасы оның бәрі жеткізбей жүр.

Қысқаша айтсақ, әлеуметтік жағдай қиын. Жанымызда жүріп жатқан соғыс. Сол себептен біз жалғыз ғана «жағдайды санкцияға жеткізбейміз, соғысты қабылдамаймыз» деген сөздер ештеңеге жарамайды. Мысалы, бір жылдың ішінде Қазақстанға келіп, жаңадан компания ашқан компаниялар Ресейден 70 пайызға өсіпті. Олар, әрине, біздің экономикаға, біздің әлеуметтік жағдайға ешқандай себептер жасамайды. Олар бізден компания ашып, тіршіліктерін, кәсіптің бәрін Ресейге өткізіп жатыр. Сол себепті зияны бізге тиіп кетуі мүмкін. Оны қарап жатқан халық жоқ. Ол неден болып жатқан нәрсе? Неге десеңіз, бізде Еуразиялық экономикалық одақ бар ғой. Мәселе сонда. Сол өзіміз қол қойып, Парламенттен өткізіп, ратификацияға жеткізген келісімдердің бәрі қазір бізге қарсы жұмыс жасап жатыр. Онымен біз не істеуіміз керек? Оны жақсылап тұрып қарап, мұны тоқтату немесе бәсеңдету керек, немесе кейбір ашық жолдардың бәрін жауып тастау керек. Екіншіден, санкцияларға бәрі қарсы. Қазақстанның компанияларына санкция қолданатын болса, біздің жағдайымыз одан да құлдырап кетуі мүмкін.

– Бізде президенттің лауазымды қызметтерге басқа қоятын адамы жоқ дегендей пікір айтылады. Бір қызметке сеніп қоятын адамдары аз деген де әңгімелер тарап жүр.

– Халық алдында түбінде жауап беретін – Тоқаев. Ешкім Смайыловтың бар-жоғын қыстырмайды. Мен бір кездері Нұрсұлтан Әбішұлына «бүгінгі үкіметіңізді алты айлық іссапарға бір жерге жіберсеңіз, халық оны білмей де қалады, сезбейді де» деп қалжыңдап айтқан едім. Бұрынғы әңгімені бүгін де айтуға болады.

– Елде не болып жатқанын өте жақсы біліп отырғанға ұқсайсыз. Сізге ақпаратты кім беріп отырады?

– Ұлыстың жағдайы не болып жатқанын көбін білем. Бірге қызмет атқарған жігіттер көп. Қалай болса да біз шағын халықпыз ғой. Алыста жүрсең де қазақсың. «Ассалаумағалейкүм, қалыңыз қалай, амансыз ба?» дегеннен кейін жағдайды сұрасаң, бітті бәрін айтып отырады. Халық тозған. Қыс келе жатыр, оны қалай қарсы аламыз – белгісіз. Мұнай өндірісі қысқарса, азаматтар жұмыссыз қалады. Үкімет жағынан не министр бармайды, не вице-премьер бармайды, не үкімет басшысы Смайылов бармайды. Анау кісі айғайлап, біреуге ертең нұсқау беретін болса, мүмкін барып қалар. Сол себептен халықтың жағдайын тыңдамайтын болса, мұндай үкімет кімге керек?

– Үкімет оң-солын танып білмей жатып, Ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстан арасындағы тартыс бәлкім аяқталмаған шығар?

Менің жеке ойым мынадай: Ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанды ауызға алып айтар болсақ, ол – биліктегі жоғарыда жүрген жүйе. Халықтың өзі ескі де, жаңа да емес. Қарапайым халық өткен қарашада жаңадан сайланған Тоқаевқа көпшілік әлі сенеді. Олар әлі үміттеніп отыр. Бұл әңгіме – Астананың, Алматының, кейбір облыс орталықтарының әңгімесі. Мысалы, халықтың екпінімен өзінің ойымен Тоқаев бұйрық жасап, итергілеп, аппараттың бәрін жұмсап, ұрланған, шетте тығылып жатқан активтер мен капиталды қайтару бағдарламасын бастады. Сол заңды а дегеннен былтыр қарашадан 2023 жылдың маусымының соңына дейін бес рет өзгертіп жіберді. Оны жасап жүрген – Ескі Қазақстанның екпіні, өздерінің адамдары. Прокурор шындыққа апарам дейтін болса, олар тергеудің бәрін баяғыда дұрыстап өткізіп, президентке ең бірінші баяндамасын берсе, онда біз тамызға дейін ешқандай жалғыз ғана Мәсімов, оның бірінші орынбасары мәселесін көтермейтін едік. Әбіш – Кәрім Мәсімовтың бірінші орынбасары. Ол бүгін ғана тергеуге алынып жүр. Бас прокуратура қайда қарап отырды сонда?

– Неліктен?

– Ескі Қазақстан, Нұрсұлтан Әбішұлы, оның телефон соғуы... Бас прокуратурада отырған Асылов қызметке жарамайды. Не қаңтар тергеуін дұрыстап өткізген жоқ. Шындықты халықтың алдына әкелудің орнына ол қазір қолын белсеніп тұрып, халықтан активті ұрлағандарды, қантөгіске қатысқандарды, Тоқаевты қызметтен кетіру үшін әрекет жасағандарды жасырып, оларды жақтап жүр. Бірақ ол бір нәрсені анық білуі керек: уақыт деген жылдам, ағын сияқты. Ертең қаңтар тарихи жағдай болады. Бірақ әрбір адам не жасағаны бәрімізге белгілі болмақ. Бүгінге дейін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын әлі де біз дұрыстап қараған жоқпыз. Кейбіреулер бәлкім «3-5 жылдан кейін бәрі ұмытылады» деп ойлайтын шығар. Ол ұмытылмайды. Себебі жағдай басқаша. Әрбір тергеуді Тоқаев өзі өткізе алмайды. Өткізуге тиісті емес. Ол тапсырманы Бас прокурор болып отырған Асыловқа береді. Осындай адамдар анау жерде отырғанда, ешқандай қозғалыс, жақсылық болмайды. Әлгі Тоқаевтың өзіне қарсы шыққан комитеттің офицерлері бүгінге дейін сол жақта жүр. Мәсімов пен оның үш орынбасарын соттасаңыз да, сіз комитетті тазарттым, оны басқа жолға қойдым деп ойламаңыз. Оның ішінде олардың командасын орындап жүргендер көпшілік. Әбішке бүгін ғана қол жетті. Халықтың бәрі таңғалып отыр.

– Мұның бәрі саудаласу емес пе? РОП ісінде мысалы Әлия Назарбаева куә ретінде де өткен жоқ. Неге ұрланған активтерді қайтармаймыз? Назарбаевтың әлі күнге дейін саяси ықпалы бар ма?

Назарбаев телефонды алып, күнде Тоқаевқа қоңырау шалып отыр деп айта алмаймын. Бірақ атап отырған мына үкіметтегі азаматтардың көбі бұл іске тартылған. Бұрын билікте Нұрсұлтанның отбасы отырды. Олар не тонады? Мұнайды, мысты, хромды, мырышты, алтынды тонады. Жердің астынан өндіріп, сол жақтан байыды. Бір кезде мұнай мен газдың бағасы төмен түсіп кетті.

Ал 2017 жылы Назарбаев билікті басқа адамға берем деген шешімге іштей жеткеннен кейін маңайындағыларға «барлық банкті бір қолға алу керек, ол жаққа көмек ретінде мемлекеттің Ұлттық банкте, Самұрықта жатқан ақшаны Тұңғыш президенттің қорына көмек ретінде өтірік аудару керек, шетелдерге қолма-қол аудару керек» деді. Оның бәрін ең бірінші жасап отырған адам – Кәрім Мәсімов болатын. 2019 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Тоқаевқа билікті береміз деп ойлаған жоқ. Олардың ойы басқаша болды. Бұл – бір. Екіншіден, билікті бергеннен кейін олар “Тоқаев – мінезі жуас, зиялы адам” деген ойда жүрді. Бірақ Тоқаев 2019 жылы жаздан кейін «қор қайда кетті, не болып жатыр?» деген сұрақтарды қоя бастады. Сол ағынмен келе жатып, Нұрсұлтанның маңайы 2021 жылы қазан айында «мынаны бірдеңе қылу керек, мұны ауыстыру керек» деген ойға келді.

Оның бәрін ресейлік журналист Млечиннің мақаласынан білдік. Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ны қолданып, билікті сақтап қалды.

– Қаңтардан кейін Тоқаев билік партиясынан шығып кетті. Бәрі де бұл қадамды солайша Назарбаевпен серіктесуден бас тартты деп қабылдады.

– Нұр Отан партиясына біздің бүгінгі өмірімізде орын жоқ. Мен сұхбатта да айттым, қолымнан келгенше оған шағын хат та жазып жібердім. Бұлар енді өзгерту үшін өзінше Аманат деп атап, әйтеуір өмір сүріп жатыр. Олардың ештеңе жасамай отырғанына қарайтын болсаңыз, бұл – бұрынғы саясат. Мысалы, алтын валюта резерві бар. Елдің Ұлттық банкте жатқан алтыны бар, валютасы бар – ол халықтың, елдің әрбір қазақтың, құжаты. Ол үкіметтікі емес. Үкімет оны уақытша қолданады. Ұлттық банк оны уақытша ғана қолданып отыр. 2012 жылдан бастап Ұлттық банкті бірінші президент атындағы қорға Самұрық-Қазынада жатқан ақшадан бастап ұрлады.

Мүмкін, Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық шенеуніктерді жинап алып, «әрбір адамды түсініп отырмын, сендер мынаған да қатыстыңдар, өздерің қолдарыңа бірдеңе тисе, прокурорға барып, арыз жазыңдар, жоқ болса, біз қабылдаған бағдарламаға белсенді болып, көмектесіңдер, мынаның бәрін қайтармасақ, біз ұятқа қаламыз» деуі керек шығар.

Біз қарап отыра алмаймыз. Біз жылдар бойы оның бәрін аңдыдық, тінттік. Біз оны тергедік, таптық. Елге бүгін жайылып жатқан үндеулер, депутаттарға беріп, оларға жәрдем айтып, ақпаратты беріп отырған – біз. Шетте отырған қазақпыз. Мысалы, бүгінге дейін Өзбекстан бәрін қайтара алмай жатыр. Жалғыз-ақ президенттің үлкен қызы ұрлап алып кеткен сомалар.

Еуразия корпорациясына қараңызшы. Оның банкісі бар. Елдің фабрикалары бар. Басшыларына барып қараңызшы, туысқандары! Мұның бәрі шетке ұрланған. Біз оны ертең-ақ дәлелдей аламыз. Үкімет жым-жырт, Тоқаев Асыловты шақырады. Асылов ол кісіге қандай ақыл береді? Ол өзі не болып жатқанын түсінбей отыр. Не істеу керектігін білмейді. Асыловтың жалғыз ғана біліп отырғаны – бұрынғыларға тиіп кетпесе дейді, себебі ол былыққа өзі қатысқан. Басқаша мен түсінбеймін.

Ары таза, қолы таза болса, билікте отырған үлкен азамат халықтың ойын, назарын, мүддесін біле тұра, неге қатыспайды? Асыловты танымаймын, бірақ ол кісі қаңтардың тергеуін дұрыстап өткізбейді, қатыспаған адамдардың соты болып жатыр. Көшеге шықса да, ештеңе айтпаған адамдарды соттап жатыр.

– Әкежан аға, жақында бізде бір депутаттар сөйлеп, Назарбаевтар отбасындағы актив мөлшерін 150 млрд доллар деп бағалады. Бұл шынайы сан ба? Отбасындағы активтер құны қанша деп ойлайсыз?

– Назарбаев отбасында ұрланған активті, капиталды санайтын болсақ, ол меніңше, 300 млрд доллар шамасында. Әрине, Қазақгейттен кейін Нұрсұлтан Әбішұлы өзі қорқып, өз орнына басқа адамдарды қойып отырды да, Тұңғыш президент қорын ашты. Сол себептен 2023 жылдан бастап үкіметтің тікелей отбасының активтерін іздей бастағаны – кейбірі бойынша шешімге келсе де, кейбірінде келген жоқ. Олардың ойынша, бұл отбасы, әрине, 150 млрд-тан астам мүлкі, капиталы, активі әрбір жерде бар. Назарбаевты біз атағанда жалғыз өзін емес, отбасымен бірге атау керек. Ол өзі, үш қызы, екі күйеубаласы, маңайында жүрген басқа да адамдары бар.

Еуразиялық топ дейді. Ким жанындағы адамдарымен бірге, Казцинктегі адамдар, Болат Өтемұратов бар – солардың бәрі Нұрсұлтан Назарбаевқа қызмет еткен. Бүгінге дейін олардың бәрі қолдарында жүрген құжаттары жартылай ма, 30 пайыз солардыкі ме – қалай келіскенін мен білмеймін. Мысалы, ертең дұрыстап тұрып, Тоқаев шынында да халық жағына шығып, Бас прокурор ретінде жаңадан, білімі бар, ешқандай олигархтар немесе отбасымен бірге болмаған адамдарды тағайындап, он шақты адамды жинап, тергеу өткізсе, ең бірінші Өтемұратовтан бастау керек. Бір күн де ешқандай кәсіпорында қызмет атқармаған адам миллиардер бола алмайды. Оның қолында, атында, балаларының атында жүрген құжаттардың бәрі – тіке Нұрсұлтан Назарбаевтың күшімен, билігі кезінде пайда болған нәрселер. Бірақ оның нақ иесі – қазақ халқы. Содан бастайық.

Екінші – Ким. Қазмыс – қазақтың жүйесі. Ким оған уақытша басшы болып келген адам. Жанында Огай, басқалары бар. Байқасаңыз, осындай әрбір жүйенің маңайында бір-бір банк, бір-бір корпорация бар. Оның бәрі халықтың ақшасы, тиынын ұрлап, шетке шығару үшін ашылған. Бәрі отбасы болсын, клан болсын – мемлекеттің немесе үкіметтің ақшасын, ұрланған мұнай, мысты сатқан операциялардан түскен қаражатты шетке шығару үшін құрылған. Басқа ешқандай пайда жоқ. Бұл – 18 айдың жұмысы. Мысалы, ертең бас прокурор тексерісіне Айгүл Нұриева (ред. 2008 жылы Нұриева Alnair Capital Holding компаниясы арқылы Қазкоммерцбанктің 28,76% үлесін алды. 2012 жылы Forbes оның байлығын 720 млн доллар, 2015 жылы 1 млрд доллар деп бағалады.  Александр Клебановпен мәміледен кейін Қазақтелекомдағы үлесі Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға өткенде – Нұриева шамамен үш есеге кедейленді) деген азаматшаны шақырып, мені сарапшы ретінде шақырса, біз ол кісіні 6 сағаттың ішінде ел жағына бұрып, миллиардтаған қорларды қайтарар едік. Кәрім Мәсімовке қандай кінә тағылды? Ол үкіметтің, мемлекеттің билігін өзіне бұрып жасаймын деген кінәмен кетті. Ал жемқорлық жағы неге айтылмады? Абай облысындағы Бақыршық комбинатын (алтын мен күміс өндіретін) сатқан. Қаражат қазынаға түскен жоқ. Ол қайда? Оны неге тексермейді?

– Әкежан Мағжанұлы, тағы да бір сұрақ: соңғы уақытта Еркін Әмірханов, Клебанов, Кан арасындағы дау қызу талқыланып жатыр. Еркін Әмірханов бұрынғы әріптестерін айыптап, оларды америкалық сотқа беріп жатыр. Бұл дау немен аяқталуы мүмкін?

– Әмірхановтың айтқан жағдайлары бәрі дұрыс. Оны қысымға алып, комитет, Мәсімов елден кетіріп, қастық жасалған азамат. Оның білетіні өте көп. Ертең ол кісі тергеу себебімен Америка немесе Британияның қолына тисе немесе өзі арыз жазатын болса Клебановтың быт-шытын шығарады. Ол бара ма, оған бармай ма білмеймін. Менің естуімше, бүгін де ол кісі сол арыз беріп, азаматтық процесте жүрген адам. Азаматтық процес ондайда 50-де 50. Көп нәрселер жетпей қалады. Өзі білсін. Менің ойымша, ол кісі білетін барлық құжаттарын алып, ФБР-ға апарып, арыз жазса – алты айдың мәселесі..

– Яғни қылмыстық іс қозғалуы ғана керек дейсіз ғой. Боранбаев, мәселен, ақшаны қайтарып жатыр.

– Бір кезде үкімет «біз Боранбаевпен келістік, ол 1,5 млрд активті қайтаратын болды, біз оны босататын шығармыз» деді. Ол 1,5 млрд қалай саналған нәрсе? Оның ішіне не кіреді? Қазақстанда жатқан бір ескі, бүгінге дейін құрылмаған вилла ма? Әлде заңсыз алып алған жер ме? Ол тізімде қандай нысандар бар? Шетте жатқан ақшалар бар ма? Қонақ үйлері бар ма? Жұбайы сатып жүрген ұшағы оған кіре ме? Бұл 1,5 млрд-қа кірмей ме? Арғы жағын тергейтін болсақ, бізді Боранбаев тіке жолмен Тимур Құлыбаевқа апарады.

– Қалай ойлайсыз? Неліктен Нұрсұлтан Назарбаевты осы схемалардың авторы ретінде жауапкершілікке тартпайды?

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі, жеке басы жаңадан құрылып жатқан комитетке барып, одан кейін халықтың алдына шығып, үндеп, балаларын, маңайында жүрген олигархтардың бәріне «қайтарыңдар» деп өзі айтуы керек.

– Көмектесуге даярмын дедіңіз. Ақордаға кеңесші ретінде шақырса барар ма едіңіз? Сондай ұсыныстар сізге келді ме?

– Маған ешқандай кеңесші, көмекші лауазымы керегі жоқ. Менің жасымда маған мансап керегі жоқ. Мен халыққа ұрланған құжаттарды қайтаруға көмектессем, арманым жоқ. Сонда қызметімді атқардым деуге болады.

–  Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет, Әкежан Мағжанұлы!

– Сізге де рақмет! Елге сәлем айтыңыз.