Нұрлан Мәсімов ісі: үкімге шағымданған экс-полицей сот залына жеткізілмейтін болды

Ғалиасқар Думан

Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов өзіне шығарылған үкіммен келіспейді. Бүгінде оның ісі, дәлірек айтқанда, апелляция сотта қайта қаралуда. Үш ай бұрын Павлодар соты экс-полицейді 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал  оның орынбасары, бұрынғы полковник Дамир Сиразидимов 8 жылға, кәсіпкер Евгений Евкович 7 жылға сотталды.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Виртуалды апелляция

Отырыс ұзаққа созылған жоқ. Судья Марат Рымбаев қатысушылардың тізімімен танысты – сотталушылар процеске тергеу изоляторынан бейнебайланыс арқылы қатысты.

Нұрлан Мәсімов екі өтініш берді. Ол сот отырыстарын тіркеудің аудио және бейне материалдарымен танысуға уақыт беруді және сот залына барып, тікелей қатысуға мүмкіндік беруді сұрады. Басқа сотталушылар да байланыс сапасына қанағаттанбады.

- Бізде аудио-бейне байланыс бар. Менің ойымша, сотталушыларды сот залына жеткізуге ешқандай негіз жоқ, - деді прокурор Магомед Дубаев.

Оны судьялар қолдап, отырысты онлайн форматта қалдырды. Алайда қорғаныс тарапы бұл шешіммен келіспеді.

- Бірінші сатыдағы бүкіл процесс офлайн өтті, бұл ешкімге кедергі келтірмеді. Жеті ай бойы біз сотта оффлайн режимінде отырдық, ал бұл жолы қандай да бір себептермен сотталушыны сотқа шақыруда қиындықтар туып отыр. Сот сотталушыға арналған, онсыз отырыс өткізудің мәні жоқ. Мәселе судьяларда да, бізде де емес – сотталушыда. Істің бәрі соның төңірегінде, бірақ процеске оны шақырғыларыңыз келмейді – деді адвокат Дмитрий Куряченко наразылық білдіріп.

- Соттың заң бұзғанын көрсетіп, кассацияға шағым беру ғана қалып отыр. Біз сот құрамына сенімсіздік білдіре аламыз - бұл құралдардың бірі, сотта тыңдау құқығын қалпына келтіру мүмкіндігі. Менің ойымша, келесі отырыста бұл өтініш қайтадан жарияланады және егер ол қабылданбаса, біз бұл құқықты пайдаланамыз деп ойлаймын, - деді қорғаушы.

Сот алқасы келесі отырысты 23 қарашаға белгіледі.

Не үшін сотталды

Естеріңізге салайық, Нұрлан Мәсімов – Кәрім Мәсімовтің немере інісі. К.Мәсімов ҰҚК-ні басқарып тұрған кезде Н.Мәсімов Алматы облыстық полиция департаментінде, ІІМ-де, жауапты қызметтер ақтарды. Соңғы лауазымы – Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы. 

Былтыр 17 қаңтарда Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылды. Сол жылы маусымда оған іздеу жарияланды. Нұрлан Мәсімов туралы ақпарат берген адамға 12 млн теңгеге дейін сыйақы берілетіні хабарланды.

2022 жылы 13 шілдеде ҚР Ұлтық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Нұрлан Мәсімовті Ресеймен шекарада ұстады.

Нұрлан Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Дамир Сиразидимовке 366-баптың 4-бөлігі ("Аса ірі көлемде пара алу") және 189-бабы ("Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған шетелдік мүлікті иемдену немесе жымқыру") бойынша айып тағылған. Кәсіпкер Евгений Евковичке 28-баптың 5-бөлігі – 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы ("Ерекше ірі мөлшерде пара беруге көмектесу") бойынша айыпталса, Мәсімовке сонымен қоса 92-бап – "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту" айыбы артылған.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, полиция департаментінің басшысы өзінің орынбасарымен бірлесіп 90,3 миллион теңге көлемінде мүлік түрінде пара алған.

2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі артиллериялық техниканы сатып алуға конкурс жариялаған кезде Павлодар облысының полиция басшылығы оған олардың досы Евкович міндетті түрде қатысуы керек деп есептейді.

Ал көп ұзамай кәсіпкермен павлодарлық тәртіп сақшыларының арасында 607,5 млн теңгеге сауыт, қалқан, амортизатор, резеңке таяқтарды сатып алуға келісімшарт жасалады.

Айыптаушы тараптың ақпаратына сүйенсек, шарт жоғары бағамен жасалған, өйткені іс жүзінде кәсіпкер барлық арнайы техниканы сатып алуға 184 млн жұмсаған. Яғни, мемлекет қаржысынан 423 млн теңге ұрланған. 

Биылғы жылдың тамызында  сот үкімімен Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы мүлкінің тәркіленуімен 10 жылға сотталды.