Қазір медицина шығындары мүлде бақыланбайды – Біртанов

Сырым Қаржас

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның медицина саласындағы шығындары мәселесі жөнінде ойын ортаға салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Біртанов саланың проблемаларын шығындардың бірыңғай цифрлық мониторингінің болмауымен байланыстырады.

– Онкологияға, дәрі-дәрмекке, жалақыға ақшаның жетіспеушілігі, "қаркесек" секілді өсіп келе жатқан барлық мәселе ауруханалардың қарыздары бір проблемамен байланысты – біздің медицинада шығындардың бірыңғай цифрлық мониторингінің болмауы, - деді ол. 

Экс-министр бұл міндетті 2015-2020 жылдары Ericsson жаһандық компаниясы әзірлеген Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай интеграциялық платформасы орындауы тиіс екенін атап өтті. 

– Бірақ платформаны іске қосу жұмысын 2020-22 жылдары денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы құқық қорғау органдарының қысымымен тоқтатты. Соның салдарынан қазір медицинада шығындар мүлде бақыланбайды. Осы жылдың басынан бастап ауруханалар мен емханалар тарапынан орындалған жұмыстардың актілерін тексеру және төлеу мүмкіндігі де жоқ. Мұның салдары – терең жүйелік дағдарыс, - деп қосты ол.

Еске ала кетейік, осы жылдың ақпан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы онкологияның таралуы бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұрғанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда онкологиялық есепте 222 мың адам тұр. Қазақстанда ең көп таралған қатерлі ісіктер: сүт безі обыры, колоректальды обыр, өкпе обыры, асқазан обыры және жатыр мойны обыры. Биыл сырқаттың өсу деңгейі 7,1% құрады. 2024 жылдың 4 айында онкология тағы 13 278 адамда анықталды. Осы кезеңде 4060 адам аурудан қайтыс болды.

2022 жылдың қазан айында сот бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Әбішевті 5 және 4 жылға бас бостандығын шектеу үкімін шығарды. Олар қылмыстық кодекстің 361-бабы (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылды. Кейінірек бұрынғы шенеуніктер үкімге апелляция шағымын түсірді. Олар өзіне тағылған айыппен келіспейді, бірақ үкім күшінде қалды.