Қазақстан 800 млн доллардың ет пен сүт өнімдерін шетелден сатып алады

Аян Өрібай

Парламент Мәжілісінде аграрлық саланың өзекті мәселелері талқыланып жатыр. Төменгі палатаның аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, елде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесі төмен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Егізбаевтың айтуынша, 2023 жылы сүтті өңдеу үлесі 33%, етті өңдеу 41%, жүнді өңдеу 19%, ірі қара мал терісін өңдеу үлесі 6% құраған. Сонымен бірге дайын өнімнің импорты өсіп келеді: 2023 жылы сүт өнімдері бойынша өсім 400 млн АҚШ долларын құрайтын 20%-дан асты, ал ет пен ет өнімдерінің импорты 408 млн АҚШ долларын құрады.

«Осылайша, тек ет пен сүт өнімдері бойынша қайта өңдеудің нашар жүргізілуінің салдарынан біз жыл сайын 800 млн АҚШ долларын жоғалтып, олар шетелдік фермерлерді қаржыландыруға кетіп жатыр», - дейді ол.

Сала неге дамымай жатыр

Депутаттың айтуынша, мұның себептерінің бірі – бұрмаланған статистика. Сарапшылардың пікірінше, көрсеткіштерді асырып көрсету тек қана сүт бойынша 2 млн тоннаны, ірі қара малдың саны бойынша 1 млн басты құрайды.

«Бұл осы уақытқа дейін малды есепке алудың нақты және ашық жүйесінің дұрыс жолға қойылмауының салдарынан деп есептейміз. Осы саланы ретке келтіріп, заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, мал басы мен өндірілетін мал шаруашылығы өнімдері бойынша статистикалық көрсеткіштерді қалыптастырудың бірыңғай жүйесін енгізетін кез келді», - дейді ол.

Шикі сүт жетпейді

Екіншіден, сапалы сүт шикізатының жетіспей, қайта өңдеу кәсіпорындарына жыл бойы біркелкі түспейді. Әкелінетін шикізаттың 70%-ға дейін сапасы жағынан төмен болуы оның жеке шаруалықтардан алынуына байланысты. Жалпы, дәнді және майлы дақылдарды қоспағанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде ет, сүт өндірудің барлық көлеміні 85-90%ы шағын шаруашылығы және жеке қосалқы шаруашылық үлесіне тиесілі.

«Келесі жылдың басынан бастап Кеден одағының техникалық регламентінде көзделген сүт шикізатына қойылатын жаңа талаптар күшіне енген кезде бұл проблема күшейе түседі. Машинамен сауылмаған, салқындатқыш танкерлерсіз, сапа және қауіпсіздік зертханаларынсыз дайындалған сүтті қабылдауға ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ», - дейді ол.

Уәкілетті органдарда нақты жоспар жоқ

«Уәкілетті органдардың осы мәселені шешудің әлі де нақты көзқарасы мен іс-қимыл жоспары жоқ. Нәтижесінде, аналитиктердің болжамы бойынша, сүт өнімдерінің импорты бүгінгі 40%-дан 80-90%-ға дейін өседі. Мыңдаған қала тұрғындары қаладағы сүт зауыттарында жұмысынан айырылса, ауыл тұрғындарының шамамен 70%-ы сүт тапсырудан түсетін әжептәуір табыс көзінен айырылады», - дейді ол.

Бұл ретте отандық өндірушілерге импорттық құрғақ сүт құнының төмен болуына байланысты сондай сүтпен жұмыс істеу тиімдірек болады. Жергілікті зауыттар құрғақ сүтке деген қажеттілікті тек 15%-ға жабады, тиісінше жергілікті өндірілген сүт-шикізаты сұраныссыз болып қалып отыр. 

Аққа жарытпаған агросаясат

Еске сала кетейік, сүт шаруашылығының өзекті мәселелерін бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі арнайы зерттеп жазған еді. 

Әлемде кейінгі жылдары болып жатқан геосаяси оқиғалар көршілес елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал етпей қоймайды. Санкциялар салдары қалыптасқан тауар тасымалы желісін үзіп, бағытын өзгертті. Шығыс Еуропаға тасымалданып келген ресейлік азық-түлік өнімдері Қазақстан нарығын бетке алды: отандық ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде сүт өндірушілерге бұл фактор ауыр соққы болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың 9 айында сүт өнімдері импорты 303,6 млн АҚШ долларын құраған. Оның 77% Еуразия экономикалық одағы (ары қарай – ЕАЭО) елдерінен, 23% үшінші елдерден әкелінген. Бұл қазақстандықтар 9 айда ЕАЭО елдері мен үшінші елдерге 140 млрд теңгеге жуық қаржы құйды деген сөз. Егер еліміздің сүт өнімдері нарығын отандық сүт өндірушілер қамтамасыз етсе, онда біз атаған қаржы ел экономикасына құйылар еді.