Астанада қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы» кітабының таныстырылымы өтті.
Кітап 1925 жылы алғаш орыс тілінде шыққан, кейін 1992 жылы екінші рет басылған. Кітаптың қазақ тіліндегі басылымы биыл AmalBooks баспасынан жарық көріп, оқырман қолына тиді. Ulysmedia.kz тілшісі аталған баспаның негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбаймен сұқбаттасты.
– Бақытжан мырза, “Таза тарих” сериясымен осыған дейін оннан астам кітап шығарғандарыңызды жақсы білеміз. “Таза тарих”, қателеспесем, 2021 жылы басталған жоба ғой. Кітапты қазақ тіліне аудару туралы идея қашан пайда болды?
– Бұл кітап тура бір ғасыр бұрын Ташкентте орыс тілінде жарық көрген. Кітаптың тек орыс тілінде шығып, қазақшаға аударылмағанын былтыр жыл басында кездейсоқ білдік. 1992 жылы М.Тынышбаевтың аталған еңбегі жарық көрген екен, ол басылым да орыс тілінде. Бұған дейін мән берілмеген секілді. Содан қазақшасын іздеп таппай, ғалымдардан сұрастырып, оның ішінде Алматыдағы Тарих-этнология институтының басшысы, тарихшы Зиябек Қабулдиновтан сұрап, қазақ тілінде шықпағанына әбден көзіміз жетті.
Кітапты қазақ тіліне аударып, қайта шығарамыз деп ниеттенгеннен бастап, демеуші іздедік. “Choco” холдингінің басшысы Рамиль Мухоряпов бізге демеуші болуға келісті. Жаз бойы дайындап, желтоқсан айында баспаға бердік. Міне, биыл қаңтар айында, алғаш басылғаннан араға 100 жыл салып, кітап қазақ оқырманының қолына тиіп отыр. Бүгін Астана төрінде тұсауы кесілді.
«Қазақ халқының тарихы» қазақтардың шығу тарихы жан-жақты әрі көркем түрде әңгімелейді. Қазақ халқы деген ұғымды құрайтын түп-тамыр мен тармақтарды, қазақтың ру-тайпаларын тереңінен сипаттайды. Басты өзегі – әйгілі 1925 жылы жариялаған «Материалы к истории киргиз-казахского народа» еңбегі.
М.ТЫНЫШБАЕВ - ІІ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА ДЕПУТАТЫ
Күндіз ҚР Парламенті ғимаратында, депутаттар алдында кітаптың таныстырылымын өткіздік. Неге Парламент ғимараты, депутаттар таңдалды? Мұның өзіндік символдық мәні бар. Өйткені Мұхаметжан Тынышбаев 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан депутат болып сайланған. Мемлекет және қоғам қайраткерінің осынау саяси қызметін еске түсіруді жөн санап, кітаптың алғашқы таныстырылымын депутаттар арасында өткіздік әрі Парламент кітапханасына аталған кітаптың 30 данасын сыйға тарттық.
Мұхаметжан Тынышбаев – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби теміржол инженері, Алаш қозғалысының қайраткері, Түркістан автономиясының алғашқы премьер-министрі, тарихшы. Қазақстандағы темір жолдардың жобасын алғаш жасап, оны іске асырған әрі осы сала мамандарын оқытып, тәрбиелеген азамат. Сондықтан бүгінгі ұрпақ М.Тынышбаевқа алғыс айтуы тиіс.
– Кітап мазмұнына тоқталайықшы. Бүгінгі ұрпаққа несімен құнды?
– «Қазақ халқының тарихы» қазақтардың шығу тарихы жан-жақты әрі көркем түрде әңгімелейді. Қазақ халқы деген ұғымды құрайтын түп-тамыр мен тармақтарды, қазақтың ру-тайпаларын тереңінен сипаттайды. Басты өзегі – әйгілі 1925 жылы жариялаған «Материалы к истории киргиз-казахского народа» еңбегі.
Кітап неге орыс тілінде жазылған? Бұл сұрақ мені де мазалады. Сонда Мұхаметжан атамыз патриот болмаған ба деп ойлауы мүмкін бүгінгі оқырман. Түсіндіре кетейін. Кітап 1925 жылы шыққан. Кеңес өкіметінің орнаған тұсында. Қазақты қазақ демей, Киргиз-кайсаки деп атайтын отаршыл жүйе мен сендерді біз адам қылдық деген қызыл үкіметтің тұсында өз тарихыңды айту, жай айтып қоймай, сонау тереңге кететін тамырының бар екенін соларға дәлелдеп, көздеріне шұқып көрсету саясатын ұстанған біздің зиялылар. Кітап сондықтан орыс тілінде жарияланған. Осы кезеңде өмір сүрген Алаш азаматтарының бәрі ұлттың ұлылығын көрсету, алмағайып заманда жоғалып кетпеу мақсатын көздегені белгілі. Біздің тарихымыз - мынау, сендер емес бізге мемлекет жасап берген, біз бұрыннан бармыз деген емеурін, тұспал. Соның бәрін орыс тілінде көрсетіп отыр. Меніңше, М.Тынышбаев мұны, әуелі, сыртқы аудиторияға бағыттап жазған.
– Кітапты қазақ тіліне аударуда 1925 жылғы басылымы негізге алынды ма, жалпы ол кітап бүгінде сақталған ба екен, әлде 1992 жылы шыққан басылым бойынша аударылды ма?
– 1925 жылы шыққан кітаптың цифрлы нұсқасы жасалған екен, соны таптық, ал негізінен 1992 жылы шыққан басылымы бойынша аудардық. Жалпы кітап мазмұны толықтай сақталған.
Шыны керек, біз кітапты басып шығару алдында тарихшы мамандардың көмегіне жүгіндік. Қазақстан тәуелсіздік алған уақытта Тынышбаев тақырыбын алғаш зерттей бастаған, тіпті әлі күнге дейін зерттеу жұмыстарын жалғастырып келе жатқан Гүлбану Жүгенбаева есімді ғалымды білетін боларсыздар. Ол кісі Қазақстанда Тынышбаевқа қатысты тұңғыш диссертация жазған маман, тарих ғылымдарының докторы. Біз оның еңбегін қазақ тіліне аударып, толыққанды әзірлегеннен кейін Гүлбану ханым өзі бастан-аяқ оқып, қарап шықты. Біз үшін бұл үлкен жауапкершілік болғандықтан, тарихшының мақұлдауынан кейін ғана кітапты баспаға бердік. Кітап 1500 данамен басып шығарылды.
Рахмет, Бақытжан мырза. Істеріңіз берекелі болсын!
Кітап мазмұнына қатысты қысқаша мағлұмат:
Қырғыз-қазақ халқының тарихына қатысты материалдар, ХҮІІ және ХҮІІІ ғасырлардағы қырғыз-қазақтар, Көксудың қираған жұрты және Қойлық қаласы, Краснореченск қирандылары және Баласағұн қаласы, Ақтабан шұбырынды (Қазақтың ұлы қасіреті мен ұлы жеңісі) секілді көлемді тақырыптарды қамтиды.
Айта кетейік, М.Тынышбаевтың “Қазақ халқының тарихы” кітабын қазақ тіліне ақын Жамбыл Жабаевтың тікелей ұрпағы - шөбересі, аудармашы Бұлан Жамбыл аударған. Бұлан қазақтың аяулы қызы, филолог, көне дәуірдегі халқымыздың әдебиетін зерттеген Алма Қыраубайқызының ұлы. Тарихта кездейсоқтық болмайды деген тәмсіл бар. Біз білетін дерек бойынша халық ақыны Жамбыл Жабаев пен Мұхаметжан Тынышбаев бір-бірімен кездескен. Міне, енді Жамбылдың ұрпағы сол кітапты қазақ тіліне аударып отыр. Алаш көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның: “Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар” дейтін ұлағатты сөзі бар. Осыған қарап алаш қозғалысының сахи ері саналған Мұхаметжан Тынышбаевты өзіне артылған тарих жүгін абыроймен арқалай білген, кейінгіге жүк емес, мол мұра қалдырған саяси қайраткер деуімізге әбден лайық.
Авторы Жанболат Шәкім