Qazaq Gaz VS адвокаттар: Боранбаевтың ісі сұрағы көп, жауабы аз созбалаң сотқа айналды

Аян Өрібай

Бизнесмен Қайрат Боранбаевтың өткен аптаның соңындағы сот отырыстары да алдыңғыдай қызу, тартысты өтті. Жұма күнгі сот отырысында Qazaq Gaz компаниясының өкілі Серік Ибраев мінберге таңертең шыққаннан кешке дейін екі аяғынан тік тұрып, адвокаттар мен сотталушылардың сұрағына беруіне тура келді. Бірақ қаншама сұрақ қойылса да, Ибраевтың бірде-бір жауабы адвокаттардың көңілінен шықпай тұр. Залдағы дау-дамайдың «температурасы» бір көтеріліп, бір басылып шулы іске әлі де нүкте қойылған жоқ. 

Ulysmedia.kz порталының тілшісі бүгінгі сот отырысына қатысып қайтты.

Фото: Ulysmedia.kz

Наханов судьяға: «Мен сізге сенбеймін»

24 ақпанда өткен сот отырысында судья Назгүл Бапақова сотталушыларды сөйлетпек болған. Әдетте, іс бітерге жақындағанда ғана сотталушылардан жауап алатын. Бұған жеткізгісі келмеген адвокаттар алдымен осы іске сот сараптамасын жасаған мамандар келіп жауап беруі керектігін айтты.

«Айыптаулардың бір бөлігі – сарапшылар мен мамандардың жасаған қорытындыларына негізделген. Сол себепті олардан жауап алмай, істің анық-қанығына жету мүмкін емес. Біздің қорғауымыздағы адамдар жауап беруге дайын. Бірақ оған дейін істі толық әрі шынайы зерттеу үшін сараптама жасаған сарапшылар мен мамандардан жауап алған жөн деп есептейміз», - деді адвокат Данияр Канафин.

Қорғаушының бұл сауалына сотталушы Қайрат Боранбаев та қосылды. Ол сараптама жасаған мамандар нақты сандарды көрсетпей жауап бере алмайтынын айтты.

Боранбаевтың бұл уәжіне Наханов та қосылды. Бірақ ол наразылығын судья Назгүл Бапақоваға қарсы пікір айтып білдірді.

«Назгүл Талғатбекқызы, сіздің бұл істі қарауға қақыңыз жоқ деп білемін. Себебі біз сіздің төрелік етуіңізден бас тарту жөнінде өтініш берсек те, онымыз заңнама тәртібінде қаралған жоқ. Осыған байланысты мен бұл істі басқа судьяға беруді талап етемін. Мен сізге сенімсіздік танытамын», - деді ол.

Нахановтың бұл уәжіне судья Назгүл Бапақова «сот сіздің өтінішіңізді қараудан бас тартады» деп қысқа жауап берді.

Жәбірленушінің реніші

Осыдан кейін сот мінберіне жауап беруге Qazaq Gaz ұлттық компаниясының өкілі Серік Ибраев шықты. Ол АзияГаз Чунджа мен Qazaq Gaz компаниясының келісімі соңғысына пайдалы болмағанын, себебі сатып алынған газдың бағасы қымбатқа берілгенін мәлім етті.

«Qazaq Gaz компаниясы осы келісімнің салдарынан 14,5 млрд теңгені шығындады. Бұл келісім компанияға пайдасыз болды. Бұл жерде квазимемлекеттік секторға шығын келіп тұр. Яғни мемлекеттің мүддесіне. Квазимемлекеттік сектордағы компания келісім бойынша алуы тиіс 14,5 млрд теңгені ала алмаған», - деді ол.

Адвокаттар мен сотталушы Боранбаев компания өкілінің бұл сөзіне дәлел бола алатын келісімшарттарды көрсетуді талап етті. Адвокаттардың бірі «ол айтады, бірақ еш дәлел келтірмейді» деп қалды. Боранбаев Ибраевпен біршама дауласты. Ибраев Боранбаевқа «маған жүгінген кезде өтініш «господин» деп сөйлемеңіз» деп ренішін білдірді.

«Не үшін компания берген талап арызда өндірілетін немесе дауға негіз болған есеп нақты көрсетілмеген?» деп сұрады адвокат Канафин.

Бұл сұраққа компания өкілі азаматтық арызда сома көрсетілгенін, ол есеп неге көрсетілмегенін айта алмайтынын айтты.

«Қорғаушылардың сұрақтары бірдей, айналдырып қоя береді» деп тағы ренжіді Ибраев.

Ал Боранбаевтың адвокаты Данияр Канафин «жауапты қайталауымыздың себебі – бізге ешқандай жауап берілмейді» деп мәлімдеді.

«Жәбірленуші тараптың өкілі көп сөйлейді, бірақ қойылған сұраққа жауап бермейді. Сол себепті біз сұрақты ұнағаннан қоя бермейміз, мәселенің анық-қанығына жауап алғымыз келеді», - деді Канафин.

Адвокат Аян Бозабаев жәбірленушінің есіне сотталушылар QazaqGaz компаниясының пайдасына 14,5 млрд теңгені аударғанын айта келе «сонымен шығын болды ма, арыз сонда қалайша түсіп тұр» деп сұрады.

Компания өкілі түсінікті түрде жауап бере алмады. Тек ақша жымқыру оқиғасы болғанын айтты.

Түске дейін тараптар осылай тарқасты.

«Бұл жерде біреулер шындықты айтқызбай отыр»

Түстен кейін Qazaq Gaz өкілі Серік Ибраев қайтадан мінберге шықты. Қайрат Боранбаев оған тағы бірнеше сұрақ қойған. Алайда көңілінен шығатын жауап ала алмады.

«Адамға өз қателігін мойындау қиын. Меніңше, жәбірленуші тарап – Ибраев мырзаға шындықты айтуға біреулер рұсқат бермей отырған секілді», - деп түйді сөзін Боранбаев.

Алайда Ибраев «менің осында айтқанымның бәрі шындық» деп өз сөзінен ол да қайтпады.

Адвокаттар мен сотталушылар қанша сұрақ қойса да, Ибраев «компанияға 14,5 млрд теңге шығын келді» дегеннен артық ештеңе айта алмады. Алайда шығынның қалай келгенін сөзімен нақтылай алған жоқ. Тек QazaqGaz компаниясы үшін аталған келісімнің тиімсіз болғанын қайталады.

Бұл ретте адвокат Сүлейменов куәгердің есіне QazaqGaz компаниясының бұрынғы директорынан жауап алынған кезде ол келісімнің ұлттық компанияға тиімді болғанын айтқанын еске салды. Ол сотта жауап берген кезінде ұлттық компания әрбір 1000 куб газдан 63 доллар пайда көргенін айтқаны бар-тын. Осылайша, компания 129 млн доллар пайда көргені айтылған. Соған қарамастан, Ибраев бәрібір бұл келісімнен ұлттық компания тек ұтылғанын қайталаумен болды.

Компания өкілі Ибраевтың қаншама сұраққа жауап бере алмағаны қорғаушылар мен сотталушылардың ашуына да тиген кез болды. «Сіз неге мұның жауап бермеуіне ескерту жасамайсыз» деп шүйлікті олар судьяға.

Сотталушы Тайыр Жанұзақтың адвокаты Шайхина іс материалдарында құжаттардың жетіспейтінін атап өтті.

«Біз сотта тергеу органдары ұсынған материалдың 17 томында осында келтірілген құжаттардың бірі де жоқ. Құрметті сот, сізде де. Заттай дәлел ретінде оларға арнайы қаулы шыққан. Бірақ құжаттар тәркіленгенімен іске тігілмеген. Газ бағасы 145 доллардан делінген құжатты айыптау тарапы манипуляция ретінде пайдаланғанымен, заттай дәлел ретінде танымаған. Алайда адвокаттардың сұрауы бойынша бұл құжаттар іске қосылғаннан кейін оны заттай дәлел ретінде танығанымен, тергеу органдары мұның қайдан алынғанын да зерттемеген. Жауап берген куәгерлердің бірі де бұл құжатпен таныс емес», - дейді ол.

Бүгінгі сот отырысы осылайша жәбірленуші тараптан ғана жауап алумен шектелді. Келесі сот отырысы 27 ақпанда өтеді. Келесі аптада сотталушылардан жауап алынады.

Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаевтың ісі сотта былтыр желтоқсаннан бастап қарала бастады. Тергеу нұсқасы бойынша, 2019 жылы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ пен Ибулла Серді өздерінің бақылауындағы «АзияГаз Чунджа» ЖШС арқылы Qazaq Gaz ұлттық компаниясынан (бұрынғы ҚазТрансГаз) газ тасымалдау кезінде қаражат жымқырған. Істе прокурорлар жымқырылған сома көлемі 14,5 млрд теңге екенін айтады.

Үш айыпталушы – Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ибулла Серді шет елдердің бірінде былтырдан бері бос тасалап жүр.

Қайрат Боранбаевты қолдауға өткен отырыстарда Мәскеуден МУЗ-ТВ басшысы Арман Дәулетияров, Алматыдан әншілер Байғали Серкебаев пен Нағима Есқалиева келген. Танымал куәгерлер соттан Боранбаевқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді, оны қамаудан үйқамаққа жіберуді өтініп, керек болса ол үшін кепіл бола алатындарын айтқан болатын.

Бұған дейін сот отырысында куәгер ретінде «АзияГаз Чунджа» компаниясының заңгері Эльмира Баттал жауап беріп, мемлекеттік органдар компанияға әртүрлі қысым көрсетіп, айыппұл салып, газ нарығынан ысырғалы жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұлай кете берсе АзияГаз Чунджа компаниясы банкротқа ұшырайды.