Алматыда Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталған Жанболат Мамайға қатысты басты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жанболат Мамай сотта сөйлеген сөзінде қаңтар оқиғасы кезінде «полиция қызметкерлерін қорлады, қасақана жалған ақпарат таратты және жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды» деп айыпталғанын еске салды.
Судьяның «Кінәні мойындайсыз ба?» деген сауалына Мамай айыппен келіспейтінін айтты.
«Жоқ, мойындамаймын», - деп мәлімдеді Мамай.
«Тәртіп сақшысын балағаттады» деген айыппен полицияның екі қызметкері жәбірленуші деп танылды. Олар Мамай 2021 жылдың 18 қыркүйегінде өткен митингте «бізді балағаттады» деп отыр.
«Иә, сынадық. Сөзсіз, полиция қызметкерлеріне қарсы сыни сөздер айтылды. Алайда бейбіт митинг кезінде менің конституциялық құқығым тапталды. Киімімді жыртып, жерге жатқызды. Осындай әрекеттерінен кейін мен оларды сынадым. Сын болды, қорлау болған жоқ. Ол аз десеңіз, жәірленленген полицейлер жәбірленуші бола алмайды, өйткені сөз нақты оларға айтылмаған. Ол жерде полиция қызметкерлерінің он шақтысы жүрген, бірақ осы екеуі қорлана қалыпты. Мен бір нақты адамның атын атап қорлайтындай сөз айтқан емеспін. Бүкіл құқық қорғау жүйесін сынға алдым», - дейді Мамай.
«Қасақана жалған ақпарат таратты» деген айып жөнінде Мамай тағылған айып бойынша мүлде кінәлі емес екенін атап өтті. Айта кетейік, оған елімізде несиелік рақымшылық өткізу туралы жала жапты деген айып тағылған болатын.
«Менің бұл қылмысқа қатысым жөнінде ешқандай дәлел жоқ. Мен өз сөздерімде мемлекет несиелік амнистия жариялады деп ешқашан айтқан емеспін. Мен жай ғана ҚНРДА бағдарламаларын түсіндірдім. Бағдарламаның түсіндірмесі ғана, бұл менің сөйлеген сөздерімде талқыланды. Несие амнистиясының қажеттігін айта отырып, мен жаңылыспай, тек осындай бағдарламаны қабылдау керектігін айттым. Ол аз десеңіз, президент Тоқаевтың өзі халықтың қарыз жүктемесін азайту қажеттігін айтқан», - деді Мамай.
Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып турасында Жанболат Мамай «акциялар мен ейбіт жиын өтетінін жариялағанға дейін басталып кеткен» деп еске салды.
««Мен қылмыс жасадым деп есептемеймін. Бізде азаматтардың бейбіт жиналыс өткізу құқығына кепілдік беретін Конституция бар. Митингі өткізуге рұқсат алу үшін бес күн бұрын әкімдікке өтініш беру керек. Біз 4 қаңтарда митинг өткіздік. Маңғыстаулықтарды қолдадық. Ондағы наразылықтар 2 қаңтарда басталды. Яғни, 31 желтоқсанда Маңғыстауда 2 қаңтарда наразылық акциялары басталатынын ешкім білмеген. Бес күннен кейін митингке қалай өтініш берер едім? Мен көріпкел емеспін», – дейді Мамай.
Ол сонымен бірге қаңтар оқиғаларын бүкіл халық күтпегенін де жеткізді.
«2 қаңтарда адамдар наразылыққа шығатынын мен қайдан біле алар едім? Сол себепті еш құжатсыз алаңға шықтық. Бірде-ір қалада наразылық алдын ала құжат өткізуден басталған емес ол кезде», - деді сотталушы.
Сот отырысы жалғасып жатыр. Жанболат Мамай әлі сөзін аяқтаған жоқ.
Еске салайық, 2023 жылдың 26 қаңтарында саяси белсенді, тіркелмеген Демпартия жетекшісі Жанболат Мамайға Қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айып қайта тағылды.
Бұдан бұрын Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы прокуратураның Мамайға мұндай айып тағуын негізсіз деп есептейтінін мәлімдеген.
10 ақпанда өткен сот отырысында Жанболат Мамайдың қорғаушысы судьяға сенімсіздік танытқан. Себебі, ол бұрын процесте бақылаушы болған адамдарды куә ретінде сұраудан бас тартты. Ал олардың арасында белгілі саясаткер Төлеген Жүкеев пен Демпартия бастамашыл тобының мүшесі Дәурен Достияров та бар. Олар өте маңызды мәлімет бере алатын куәгерлер. Себебі, дәл сол «Алматы Арена» маңында болған оқиғаларды бастан аяқ көзімен көрген, құлағымен естіген.