1 гектары – 1 мың теңге: Мәжілісмен Ресейге жалға берілген полигондарды қайтаруды талап етті

Ғалиасқар Думан

Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орынға ие бола отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы алқаптарына деген сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

inbusiness.kz

“Іс жүзінде әрбір өңірде фермерлік шаруашылықпен айналысқысы келетін азаматтарды қамтамасыз ету мәселесі жер ресурстарының жетіспеушілігіне негізделеді, ал жайылымдық жерлер тапшылығы жайылым туралы заңды өзектендіру мәселесін Парламенттің жұмыс жоспарына қайтарды”, – деді депутат.

Оның пікірінше, мәселені шешу нұсқаларының бірі – Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарында орналасқан әскери полигондардың жерлерін пайдалану мәселелері жөніндегі Қазақстан – Ресей комиссиясы мүшелерінің ұстанымын түбегейлі өзгерту.

“1995 жылдан бастап Ресей Қазақстаннан әскери полигондар үшін 8 жарым млн гектардан астам немесе 86 мың км2 жерді әр гектары үшін небары 1050 теңге төлеп жалға алып отырғаны белгілі, баға 2005 жылдан бері өзгермеген. Мұнда біз жердің құнын кім және қандай әдістеме бойынша бағалады және жалдау мерзімі аяқталған кезде бір гектер полигонды толық қалпына келтіру үшін мың теңге жеткілікті ме, әлде шығынның бәрі республика бюджетіне түседі ме деген сұрақ туындайды”, – дейді мәжілісмен.

Депутаттың сөзінше, жоғарыда аталған комиссия жұмысының материалдарын зерделеу біздің мемлекет өкілдері ұстанымының әлсіздігін көрсетеді, ал Ресей тарапы өз мүдделерін өте қатаң қорғайды. Дәл осындай жағдайды ЕАЭО мәселелері шеңберіндегі келіссөздерде жиі байқауға болады. Осыған байланысты Мәжілістегі “Ауыл” фракциясы Қазақстан тарапынан комиссия мүшелерінің тізімін ұсынуды сұрады. Сол комиссия щеңберінде келіссөздерді бастап, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мүддесі үшін сынақ полигондарының аумағын қысқартуды ұсынды. Сондай-ақ, депутаттар 2030 жылы әскери полигондарға жер жалдауды ұзарту немесе тоқтату мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұстанымын айқындау керек деп есептейді.