Қар көшкінінің адам өміріне қаупі: тауға шығып, аман қалудың жолдары қандай

Ulysmedia

Shymbulak Outdoor Meetings әлеуметтік-білім беру жобасы аясында таулы аймақтағы қар көшкіні қаупі кезінде өзін-өзі ұстау мәдениетіне арналған семинар өтті. Оған 70-тен астам адам қатысты. Экстремалды демалысты жиі таңдайтын тәжірибелі альпинистердің өзі бұл кездесуде интернеттен табылмайтын, кәсіби гидтер айтпайтын көптеген маңызды мәліметпен танысты. Қардың қауіпті екенін қалай анықтау керек, көшкінді қалай болдырмауға болады, егер қар астында қалсаңыз, тірі қалудың қандай жолы бар және әр турист немесе спортшы тауға шыққанда өзімен бірге не алып жүруі керек? Ulysmedia.kz осы тақырып аясында ең пайдалы лайфхактарды жинады.

Фото: Алмаз Толеке

STAYHOME НЕМЕСЕ ТЖМ-НЕН SMS

Әлемде жыл сайын қар көшкіні салдарынан 120-дан 350-ге дейін адам қаза табады. Қазақстанда 1951 жылдан 2020 жылға дейін 95 адам қар астында қалып, көз жұмған. Олардың басым бөлігі — экстремалды спортты немесе таулы туризмді таңдағандар.

Сарапшылардың айтуынша, егер төтенше жағдайлар министрлігі көшкін қаупі барын хабарласа, бұл ақпаратты ескермеуге болмайды. Әсіресе жабайы жолдарда серуендеуді ойласаңыз, тауға шығуды кейінге қалдыру керек.

– Қар көшкінінен қаза тапқандардың 80%-ы — шағын, адамның өзі қозғаған көшкін құрбандары. Бар болғаны 100-200 текше метр қар адамды басып қалуға жеткілікті, дейді география институтының аға ғылыми қызметкері, альпинизм бойынша спорт шебері Виталий Жданов.

Қар көшкінінің негізгі үш себебі:

  • Ағаш өспейтін бедер;
  • Қар тоқтап қалатын еңіс (35–42 градус аралығы – көшкін басталатын негізгі аумақ);
  • Ауа райының күрт өзгеруі (жылытып кету, қатты қар жауу немесе боран).

ТУРИСТЕР ЖІБЕРЕТІН БАСТЫ ҚАТЕЛЕР

Көшкін қауіпсіздігі курстарының оқытушысы, шаңғы гиді, альпинист әрі таулы жердің туристі Даниил Духович тренингке фрирайдерлерге арналған толық жабдық жиынтығын алып келді. Ол көшкін аймағына тап болу, үсіп қалу немесе із-түзсіз кету қаупін азайтады. Ол қателіктер мен қайғылы оқиғалардың себептерін және олардан қалай сақтануға болатынын түсіндірді.

№1. Жабайы беткейге дайындықсыз шығу

– Киім лайықты болуы керек. Кигуруми, гавай көйлек, мақтадан тігілген толстовка – болмайды. Ең қажеті – жеңіл, су өткізбейтін, жел өткізбейтін киім. Екінші – шаңғы шлемі. Үшінші – салмағы 5 келі шамасындағы рюкзак: көшкін жабдықтары, жылы күртеше, термос, дәрі қобдишасы, қосымша қолғап пен құтқару көрпесі. Қажет болмаса да, бұл – біреудің өмірін құтқарып қалуы мүмкін, деді Даниил Духович.

№2. Өз әрекетінің салдарын түсінбеу

Мұндай қателік көбіне көшкін ошақтарының картасын білмейтіндерден – экстремалды оқиға іздеген, тауға жаңадан шыға бастағандар немесе тәуекелге ұмтылуды «батылдық» санайтын фрирайдерлерден болады.

– Әркім өз өмірі үшін өзі шешім қабылдайды. Бірақ біз ондай нәрсені қолдамаймыз, деді Духович.

№3. Оңай жолды таңдау

Сарапшы 2019 жылы Металлург тауында болған оқиғаны мысалға келтірді. Таудың 4-санаттағы қиын бағытымен жүрген 9 туристің жетеуі көз жұмған. Олар көшкін ошақтарын айналып өтудің орнына, тік бағытпен, тура қар көшкінінің ортасынан өтуді таңдаған. Себебі бұл физикалық тұрғыдан жеңілдеу болған.

№4. “Бұрыннан жүрген жер – қауіпсіз” деген түсінік

Кез келген жабайы беткей ауа райы қолайсыз болғанда (жылы кезде, боранда немесе қар жауғанда) өте қауіпті болуы мүмкін. Кеше қауіпсіз болған жол, бүгін көшкін аймағына айналуы мүмкін.

№5. Жалғыз немесе жаяу жүру

Жалғыз жүрген адамды көшкін басып қалса, оны тек бірге жүргенлер аман алып қала алуы мүмкін. Қар астында қалған адамның тірі қалу мүмкіндігі – 8–10 минутта шешіледі. Құтқарушылар мұндай аз уақыттың ішінде жетіп үлгермейді.

КӨШКІНГЕ ТАП БОЛҒАНДАРДЫ ҚҰТҚАРУ

– «Мен сырғанаған жерде неге құтқарушылар жоқ?» – бұл сөзді көшкінге тап болғандардан жиі естиміз. Біздің таулы аймақтың ауқымын елестетіп көріңіз. Тіпті тауда сырғанаудың техникасын жетік меңгерген, жақсы жабдықталған, физикалық дайындығы жоғары адамдардың өзі шын мәнінде төтенше жағдай кезінде көмек көрсете алмай жатады. Тауда әркім дайын болуы керек, – дейді альпинизм нұсқаушысы, 1-санатты құтқарушы, Shymbulak Outdoor резиденті және Шымбұлақ тау-шаңғы курортының құтқарушысы Юрий Сергеев.

Таудағы спортшы немесе турист қандай жағдай болмасын – куәгер болсын, тікелей қатысушы болсын – не істей білуі керек? Ол – жарақат алған адамды құтқарушылар келгенге дейін аман алып қалуға тырысып, оған зиян келтірмей көмек көрсете білу. Сол себепті суықта аман қалуға арналған барлық қажетті заттар салынған рюкзакты өзіңмен бірге алып жүру аса маңызды.

  • Үсіп қалған адамды – ыстық шай, қосымша киім және көрпемен жылыту керек;
  • Ашық жарақаты бар адамға – қан тоқтатып, денесін жылы күйде ұстау қажет;
  • Клиникалық өлім белгілері байқалса – жүрекке массаж жасап, жасанды тыныс арқылы жүрек қызметін қалпына келтіруге тырысу керек;
  • Адамның бір жері сынса – оны қозғамай, үсіп кетпеуі үшін үшін жылы ұстау керек.

Құтқарушылар не дейді? Зардап шеккен адамды, әсіресе жарақаты болса өз бетіңізбен төменге апарып, кәсіби көмек көрсетуге тырыспаңыз. Ең дұрысы – сол жерге көмек шақырып, құтқарушылар келгенше адамның тірі қалуына бар жағдай жасау.

КӨШКІННІҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН ҚАРДЫ ЖАСАНДЫ ТҮСІРУ

Көптеген турист қате түсінікпен, қысқы маусым кезінде Алматы маңындағы барлық танымал беткейлерде тау-шаңғы курорты көшкінге қарсы шаралар жүргізеді деп ойлайды. Бұл шындыққа жанаспайды.

Шымбұлақ құтқарушысы, Shymbulak Outdoor жобасының резиденті, альпинизм нұсқаушысы Александр Головановтың айтуынша, көшкіннің алдын алу мақсатында жасалатын қарды жасанды түсіру жұмыстары, сондай-ақ арнайы тосқауылдар мен торлар тек ұйымдастырылған сырғанау трассаларының үстінде ғана қолданылады.

Қазіргі таңда көшкінге қарсы шаралар келесі аумақтарда жүзеге асырылады:

  • «Школьник» беткейінің шығыс және оңтүстік бөлігі;
  • «Конус» беткейінің шығыс жағы;
  • «Сухой лог» және «Эдельвейс».

Ал туристерге арналмаған, трассалармен шектеспейтін басқа аумақтар ешқандай өңдеуден өтпейді.

– Мұны анық түсіну маңызды: курорт аумағында сырғанаудың өзі қауіпті. Сондықтан өзін қауіпсіз «құмсалғыштамын» деп ойлау – қате. Кез келген сәтте күтпеген жағдай болуы мүмкін, деді Голованов қауіпсіздік шаралары туралы айтып.

Нені ескеру қажет:

  • тауға шыққанда арнайы чек-листті сақтау;
  • трасса бойындағы белгілер мен көрсеткіштерге мұқият қарау;
  • көшкін бюллетендерін қадағалау;
  • ауа райы қолайсыз кезде сырғанамау керек;
  • құтқарушылардың ұсыныстарына құлақ асу.

Александр Головановтың айтуынша, қауіпсіздік ережелерін жиі бұзатындар – шаңғы патрулі көзінше жүретін адамдар. Олар ескерту белгілеріне қарамастан, патрульмен сөзге келіп, дауласады.

ТАУДА АЙҒАЙЛАУҒА БОЛА МА

«Адамның айқайы тауда жаңғырып, көшкінге себеп болады» деген түсінік – аңызға толы қате пікір. Тауда айқайлауға болады.

– Бұл жөнінде қызық есептеулер бар. 1 келі тротил жарылғанда бірнеше мың мегаватт энергия бөлінеді. Ал 100 мың адам айқайлаған стадионның қуаты бұдан бірнеше мың есе аз. Сондықтан тіпті “айқайлап тұрған” олимпийский стадионын тауға алып келіп тастасаңыз да, ештеңе болмайды, дейді Даниил Духович.

Ал Шымбұлақтың беткейлерінде немесе ұйымдастырылған трассаларында қауіпсіздік ережелерін елемейтін экстремалдар мен туристердің өміріне қауіп төндіріп жүрген тәжірибесіз гидтердің болуы – үлкен мәселе. Қазір оларды «қара тізімге» енгізу арқылы тек бір тәулікке шектеу қою ғана мүмкін, бұдан өзге шаралар курорт деңгейінде де, мемлекеттік деңгейде де қарастырылмаған.

ПАЙДАЛЫ КЕЗДЕСУЛЕР МЕН ТРЕНИНГТЕР

Shymbulak Outdoor шарасына 16 жылдан бері адамдарды тауға алып жүретін тау туризмі бойынша гид Алмат Сатубалдин де қатысты. Ол көшкін қаупі жоғары кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын өз тәжірибесімен дәлелдеген.

2017 жылдың 30 желтоқсанында ол жалғыз өзі «Просвещенец – Көк-Жайлау – Үш ағайынды – Құмбел шыңы» бағытымен тауға шығып, жазғы маршрутпен төмен түскен. 

– Қыста жазғы жолмен түсуге болмайтынын білмедім. Жалғыз болдым, өзіме қатты сеніп кеттім, ауа райы болжамын қарамадым. «Горельниктен» «Бүркіт ұясына» қарай түскенімде, қар белімнен келетіндей көп болды. Сол кезде тұзаққа түскенімді түсіндім. Ағаштан ағашқа қарай тез қозғалып, қауіпсіз жерге өттім. Сол сәтте қардың бетінде жарылу сызықтары пайда болды да, мені қар көшкіні өзенге қарай сүйреп, мұз астына кіргізіп жіберді. Қолым бос болып жолым болды. Сол сәтте құтқарушыларға қоңырау шалуға мүмкіндік болды, деп бөлісті Ulysmedia.kz тілшісіне өз оқиғасын Алмат Сатубалдин.

Ол қар үйіндісінен шығып, шыршаның түбіне тығылып, тағы бір көшкінді бастан кешіріп, от жағып, жылынған. Құтқарушылар келгенше 4 сағат күткен.

– Мен Shymbulak Outdoor ұйымдастырған шараларға үнемі қатысамын. Әрдайым пайдалы ақпарат аламын. Лекторлар өте мықты. Әдетте мақтауға сараңмын, бірақ бұл жолы шын жүректен айтамын – тауды жақсы көретін әр адам осындай кездесулерге қатысуы керек. Лекторлар интернетте жазылмайтын, өмірлік маңызды тәжірибемен бөліседі. Егер бір жерде қателік болса, соны да ашық айтады. Бұл өте құнды дүние. Мен әрқашан жаңа нәрсе үйреніп, оны тәжірибеде қолдануға тырысамын, дейді гид.

Айтпақшы, Shymbulak Outdoor жобасы үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде тау гидтері, туристер, мемлекеттік органдардың өкілдері мен журналистер үшін 20-дан астам білім беру шарасы өткізілді. Жалпы саны 700-ден астам адам жазғы және қысқы кезеңдерде тауда қауіпсіздік ережелері туралы дәрістер тыңдады.

2024 жылы Shymbulak Outdoor аясында «Жол үстінде» атты арнайы жоба жүзеге асырылды. Оның шеңберінде 3,5 мыңнан астам туристке жабайы табиғатта жүрген кезде қауіпсіздік шаралары бойынша кеңес берілді.

Shymbulak Outdoor шараларына жиі қатысатын тағы бір тұрақты адам – Ишмат Камидолла. Ол – спортшы, скайраннер, тау гиді және ерікті құтқару қызметінің мүшесі. Бұл бейресми құтқарушылар тобы жиі ең алғашқы болып көмекке келеді.

Ишмат Камидолла жаңадан келген туристерге тәжірибесіз гидтерге алданып қалмау үшін қандай қағидаларға мән беру керек екенін айтты:

– Біріншіден, кәсіби гидтер арасында жазылмаған ереже бар – жеңіл маршрутта бір топта 5 адамнан артық болмауы керек. Егер бағыт күрделі болса, мұндай топпен бірге екі гид жүруі тиіс. Екіншіден, «гид бар, бәрін реттейді» деп арқаны кеңге салуға болмайды. Турист өзі де физикалық, ақпараттық және тактикалық тұрғыда кез келген жағдайға дайын болуы керек. Сондықтан гидтен маршрутты, уақыт жоспарын, топтағы адамдардың нақты санын сұрап, осы ақпараттың бәрін ең кемі жақын адамдарына хабарлау қажет. Бұл төтенше жағдай болса, іздеу жұмыстарын бастауға көмектеседі. Егер гид бұл сұрақтарға нақты жауап бере алмаса – ол адамға сенуге бола ма, жоқ па – ойланып көрген жөн, дейді сарапшы.

Ишмат Камидолла өз туристеріне тауда қауіпсіздікті сақтаудың басты ережелерін үйретеді, Shymbulak Outdoor ұйымдастырған білім беру шараларына үнемі қатысып, оларды шәкірттеріне де ұсынады. Оның айтуынша, кәсіби лекторлар тіпті тәжірибелі мамандарға да жаңа білім береді, ал тауды сүйетіндерге – сын тұрғысынан ойлау дағдысын қалыптастырады. Оның пікірінше, Shymbulak Outdoor шараларына қарапайым туристердің белсенді қатысуы – адамдардың тауға тек әсер алу үшін ғана емес, қауіпсіз түрде баруға психологиялық тұрғыда дайын екенін көрсетеді.