Қаржылық сауаттылық: банк және микроқаржы омбудсманы кредиттік дауды қалай тегін шешіп береді

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Қазақстандықтардың көбі банкпен немесе микроқаржы ұйымымен (МҚҰ) дау туындаған жағдайда бірден сотқа жүгіну керек немесе адвокат жалдау қажет деп ойлайды. Бұл – уақыт пен қаржыны талап ететін процесс. Алайда, мәселені бейбіт жолмен, тегін әрі заңды түрде шешіп беретін арнайы арағайындар – омбудсмандар бар екенін білесіз бе?

Қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған ағартушылық жобамыз жалғасуда. Кезекті шығарылымымызда қарапайым халық арасында әлі де кең таралмаған, бірақ аса маңызды институт – Банк және Микроқаржы омбудсманы туралы сөз қозғаймыз.

Ипотекалық даулар, несие мерзімін өткізіп алу, коллекторлардың қысымы және интернет-алаяқтар... Осы мәселелердің қайсысында омбудсман көмектесе алады, ал қай кезде олардың құзыреті жүрмейді?

Бұл сұрақтарға жауап беру үшін студиямызға саланы жетік білетін сарапшыларды шақырдық.

Подкаст спикерлері:

  • Назгүл Естеусізова – Микроқаржы омбудсманы.
  • Батыр Адайбаев – Банк омбудсманы кеңсесінің Заң бөлімшесінің басшысы.

Сіздің қорғаушыңыз кім?

Подкаст барысында спикерлеріміз «Омбудсман» деген терминді қарапайым тілмен түсіндіріп береді. Қысқаша айтқанда, бұл – қаржы ұйымы мен клиент арасындағы дауды реттейтін тәуелсіз тұлға.

Шығарылымнан мына сұрақтардың жауабын табасыз:

  • Банк омбудсманы мен Микроқаржы омбудсманының айырмашылығы неде? Оларды шатастырмау неліктен маңызды?
  • Ипотека және несие даулары: Егер сіз несиені төлей алмай қалсаңыз немесе банк пайыздарды дұрыс есептемеді деп санасаңыз, омбудсман қандай шешім шығара алады?
  • Омбудсман шешімі міндетті ме? Егер омбудсман сізді жақтап шешім шығарса, банк немесе МҚҰ оны орындауға міндетті ме, әлде бас тарта ала ма? (Бұл өте маңызды пункт!).
  • Коллекторлармен күрес: Қарызды өндіріп алушылар қысым көрсеткен жағдайда, омбудсман араласа ала ма?

Омбудсман кеңсесі халыққа тегін қызмет көрсетеді. Бірақ көпшілік бұл мүмкіндікті пайдаланбайды, себебі ақпарат аз. Біздің қонақтарымыз подкаст соңында дау туындаған жағдайда шағымды қалай және қайда жолдау керектігі туралы нақты байланыс деректері мен нұсқаулықтарды ұсынады.

Микроқарды омбудсманына қалай жүгінуге болады?

  • Ресми сайт арқылы: mfombudsman.kz
  • Электрондық пошта арқылы: info@mfombudsman.kz
  • Кеңсеге келіп: Алматы қ., Мынбаева көшесі, 53-ғимарат, 3-қабат, 321-кеңсе
  • Телефон арқылы:+7 (727) 338 22 25, +7 (727) 338 22 44

Ал банк омбудсманына қалай жүгінуге болады?

  • ресми сайт арқылы: bank-ombudsman.kz;
  • электрондық пошта арқылы: office@bank-ombudsman.kz;
  • жеке кездесу: Алматы қаласы, Айманов көшесі, 124, 301-кеңсе, Golden Time БО;
  • телефон арқылы: +7 771 929 33 33.

Қаржылық сауаттылық – бұл тек ақшаны үнемдеу емес, өз құқығыңды қорғай білу. Егер сіз немесе жақындарыңыз несие дауына тап болса, бұл шығарылым сіз үшін таптырмас нұсқаулық болмақ.

Толық шығарылымды Ulysmedia YouTube арнасынан көре аласыздар.