«Болашақ» бағдарламасының түлегі, Satbayev University-нің аға ғылымы қызметкері Гүлжан Түзелбаева елімізде алғаш рет кәсіби түрде парфюм өндіру ісін жолға қойды, деп хабарлайды ulysmedia.kz. Қазіргі таңда ол парфюмерлік өнімдер шығарумен айналысатын Gulzhan Parfum жобасының негізін қалаған.
Ол өзінің кәсібі, парфюм өндірісіндегі қиындықтар мен алдағы жоспарларын «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында баяндады.
Қазақстанда парфюм өндірісімен айналысатындар некен-саяқ, тіпті бұл ниша бос, мүлдем қолға алынбаған деуге болады. Бұған дейін де отандық хош иісті суларды нарыққа шығаруға талпынғандар аз болмады, бірақ олардың бәрі әдеттегідей шетелдік мамандарды тартумен шектелген. Ал Гүлжан болса, отандық ғылымның көмегімен, білімі мен табандылығының арқасында таза «қазақша» хош иістерді шығаруға бел буғандардың бірі.
Гүлжанның мамандығы – қаржыгер әрі актер. Отандық ЖОО-мен қатар, бірнеше шетелдік оқу орындарын бітірген. Алматылық қыз парфюм шығару ісіне пандемия кезінде келгенін айтады. Ойға алғанын іске асыру үшін тіпті Франциядағы үздік парфюмерлік мектебіне оқуға түседі. Алған білімнің нәтижесінде «Алматы апорты» деп аталатын алғашқы туындысын жасап шығарыпты. Артынша, «Апорт», «Жаңа апорт», «Әмір», «Аида», «Mineral Rose» деп аталатын хош иісті сулар шыққан. Алдағы уақытта қазақ парфюмшісі «Алматы раушаны гүлі», «Жусан» хош иістерін шығаруды мақсат тұтып отыр.
Бұл ретте Қазақстанда парфюм өндірісіне арналған шикізаттың болмауы қиындықтар тудырады, дейді ол. Мәселен, арнайы флакондар мен қорапшалар да жоқ.
Бастапқыда қазақстандық парфюм шығаруға деген идеяға күмәнмен қарағандар аз болмаған, тіпті өз жақындары да түсінбеген.
«Бірнеше жыл бойыы білім алып, елге келген соң Әбікен Бектұров атындағы химия ғылымдары институтына жұмысқа тұрдым. Ондағылар менің химик емес екенімді айтаты, бірақ менің парфюм бойынша білім жеткілікті еді. Кейін ЖОО жеке қолға өтіп кетті де, ғылым жобалардың түкке керегі болмай қалды. Не істерімді білмей, көп ойланып Астанаға бар, көп ведомствоның табалдырығын тоздырдым. Бірде Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбекке жолықтым. Сол кісінің кеңесімен жұмыстарымды Satbayev University мамандарына таныстырдым. Осылайша, қолдау тауып, қазір ойым нағыз жобаға айналды», - дейді ол.
kazpravda.kz
Бүгінде Гүлжан айына 50 флакон хош иісті су шығарады. Ол - ұлттық колориті бар классикалық парфюмдер. Ал бағасы 35 мың мен 50 мың теңгенің аралығы. Қазақстандық парфюмердің хош иістері Катар мен Франциядағы көрмелерді жоғары бағаланған.
Алдағы уақытта ол өндірісті отандық шикізатпен қамтамасыз ету үшін Қазақстандағы түрлі шөптерді өсіруді қолға алмақ.