Сарыағашта қыз баланы өлтірген қылмыскерді жеңіл жазамен жіберген судья қызметімен қош айтысты

Ғалиасқар Думан

Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген қылмыскерді әуелгі ісі бойынша жеңіл жазамен босатқан судья қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

26 қазанда Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің отырысы өткен. Оған жергілікті сот судьяларының тәртіптік істері қаралған.

Отырыс қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы аудандық сотының судьясы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алматы және Түркістан облыстарының аудандық соттарының екі судьясына судья қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза қолданылды.

– Азаматтық және қылмыстық істерді қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзу, сондай-ақ судьялық этикаға қайшы келетін теріс қылық жасау жаза қолдануға негіз болды. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған судьялардың ішінде Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының судьясы Н. Б. Шетеновтің ісі қаралды. Тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша Н.Б. Шетеновьті судья қызметінен босату түрінде жаза қолдану туралы шешім қабылданды. Сот жюриінің шешімдері заңды күшіне енген жоқ, өйткені тәртіптік жаза қолданылған судьялар оларға Жоғары Сот Кеңесіне шағымдануға құқылы", - делінген хабарламада.

Еске салайық, шілдеде Түркістан облысында қаскөй 5 жасар қызды зорлап өлтіргені хабарланған. Кісі өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды өлтіру)  бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті 2006 жылы кісі өлтіргені үшін сотталған. 2023 жылдың мамыр айында жанжалда спирттік ішімдік ішіп отырып, ауылдасын балтамен ұрғаны үшін сотталған.

Президент Тоқаев бұған дейін ауыр қылмыс жасағанына қарамастан күдіктіге жеңіл жаза тағайындаған судьяны тексеруді тапсырған.

Бүлдіршінді қатыгездікпен өлтірген педофилге қыркүйекте үкім шықты. Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сот оған химиялық кастрация қолдануды қаулы етті.