«Өзіміз алаңдап отырмыз»: министр Меркідегі шаруалардың наразылығы жайлы

Аян Өрібай

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан Меркі ауданының шаруалары не себепті наразылыққа шыққаны сұралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Еске сала кетейік, бұған дейін Меркі ауданының диқандары мемлекеттен бөлінген субсидияны ала алмай жатқанын айтып, наразылыққа шыққан еді. Жергілікті шаруалар қызылша өсіргені үшін мемлекеттен субсидия ала алмай отырғанын айтады. Аудан әкімі тиісті құжатқа қол қоймай жатқанын мәлім еткен.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров хабардар екен. Оның айтуынша, қуаңшылық салдарынан Үкімет резервінен биыл 3,7 млрд теңге бөлінген. Оның 1,7 млрд теңгесі игеріліп, 246 шаруашылыққа ақша берілген. 

– Ереуілге шыққандарға қатысты айтарымыз, олардың өткізген құжаттарында қателік бар. Сол себепті олар қаражат ала алмай келеді. Егер олар құжаттарын түзеп, барлық қателікті жойса, онда еш кедергісіз субсидия алады. Тізімде 392 шаруашылық бар. Әлі де 2 млрд теңгені игеру керек. Тіпті осы қаражатты игере аламыз ба, жоқ па деп алаңдап отырмыз», – дейді Ауыл шаруашылығы министрі.