Қазақстанда тағы бір жол ақылы болады

Ғалиасқар Думан

1 желтоқсаннан бастап елімізде тағы бір жол ақылы болады. Ендігі жерде Орал қаласынан Ресейдің Саратов қаласына дейінгі республикалық маңызы бар жолда темір тұлпар иелері ақы төлеуге міндеттеледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Иллюстрациялық фото

Көлік министрлігі «Орал қаласынан Ресей шекарасына дейінгі (Саратов қаласына) республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолын ақылы негізде пайдалану туралы» бұйрыққа қол қойды. Енді II санаттағы республикалық маңызы бар автомобиль жолы Орал – Ресей Федерациясының шекарасы (Саратовқа дейін) учаскесі ақылы негізде пайдаланылады. 

Ақылы жолдың бастапқы нүктесі – 4 км, ал аяқталу нүктесі – 102+90 км. Автомобиль жолындағы жолақтың ені  3,75 метрді құрайды. Ақылы жолдың ұзындығы 98,9 шақырымға тең.

Ақылы жолдың тәртібіне көлік иелері үйренді десек те, әлі күнге дейін тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар аз емес. Себебі, қыста уақытылы тазаланбайтын жолдар халықтың қауіпсіздігіне жауап бере алмай отыр. «Сапасы мен қызметі талапқа сай емес ақылы жолдар тұрғындардың құқығын бұзып қана қоймай, қалтасын қағып отыр» дегенді тұрғындардан жиі естиміз.

Қытайда да ақылы көлік жолдарымен қатар қарапайым тасжолдар салынған. Біріншісі әлдеқайда ыңғайлы, қауіпсіз және жылдамырақ болғанымен, әлеуметтік теңдікті сақтау үшін халықтың барлық топтарына лайықты балама жасалған. Ал, Германияда атақты автобандарымен қатар, қалааралық маршруттардың желісі бар. Кей елдердің билігі баламаның жоқтығынан ақылы жолдардан бас тартты.

Оралхан ҚОЖАНОВ