Әйелін бензин құйып, тірідей өртеген қылмыскер жазасын қалай өтеуде

Ғалиасқар Думан

Ішкі істер министрлігі бұрынғы әйелін өртеп жіберген Қанат Сәдуов жазасын қалай өтеп жатқанын айтты. Бүгінде ол 18 жылдың 8 жылын өтеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Иллюстрациялық фото

Қанат Сәдуов Абай облысы бойынша ҚАЖД №19 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Алғаш рет сотталғандықтан жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатқанын атап өткен жөн. Әйтпесе, тірідей адам өлтірген адамның түрмені «өз үйіндей» сезінетін қаныпезермен отыруы заңдылық. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Сәдуов жалпы камерада басқа сотталғандармен бірге отыр екен.

ҚАЖК мәліметіне сүйенсек, сотталған адам белгіленген мерзімнің 2/3 бөлігін өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш беруге құқылы. Қанат Сәдуовтың теміртордың ар жағында отырғанына –  8 жыл.

 - Сәдуов бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны оның неғұрлым жұмсақ түріне ауыстыру туралы, сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берген жоқ, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Садуовтың асырауында төрт бала бар, екеуі кәмелетке толмағандар, оларға ай сайын сотталған адамның жалақысының 33 пайызы алимент ретінде аударылады. Бүгінде Сәдуов сотталған мекеменің штаттық-шаруашылық қызметінде жұмысшы ретінде еңбек етуде.

Қазір Садуов 51 жаста. Ол 43 жасында сотталған еді.

Естеріңізге салсақ, жантүршігерлік оқиға 2015 жылдың 26 мамырында орын алған еді. Елордадағы №25 мектептің ауласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Сәдуованы бұрынғы күйеуі Қанат Сәдуов күтіп тұрып, жымысқы әрекетін жүзеге асырған. Ол әйелге бензин құйып, өртеп жіберген еді. Әйел денесінің 70 пайызын күйік шалып, төртінші күні ауруханада қайтыс болды. Бұл оқиғаға дейін Светлана Сәдуова тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсету дағдарыс орталығында екі ай тұрған көрінеді. Жас әйел қайтыс болғаннан бері сегіз жылдан астам уақыт өтті. Марқұмның артында төрт баласы қалды.

Оралхан ҚОЖАНОВ