Ақтөбеде суицид жасаған қыздың ата-анасы өз күдігін айтты

Ulysmedia

Ойыннан от шықты ма? Ақтөбеде биіктен секіріп қаза болған оқушының ата-анасы виртуалды ойынның кесірі тиді ме деп күдіктенеді. 13 жасар қыздың жұмбақ өлімін қазір полиция департаменті тексеріп жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

Жасөспірімнің ұялы телефоны мен күнделік жазбаларын тергеушілер алып кеткен. Осы қайғылы оқиғаға байланысты тергеу қортындысын білім министрлігіндегілер де күтіп отыр, дейді КТК.

Оқушы қыздың жиырмасыншы қабаттан секірген сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Оның мұндай қадамға неге барғанын қара жамылған ата-анасы түсінбей отыр. Тұрмысы жақсы, тату-тәтті отбасында дау-жанжал болмаған. Сондықтан марқұмның әкесі виртуалды ойынның кесірі тиді ме деген күдігі барын жасырмады. 

«Амане ап дей ма, сондай суреттері бар. Сондай салған, аман клаб, деген. Телефонын тергеушілер алып кетті, соны қараймыз деп. Бұғатын ашамыз деген. Соны аша алмай жатыр ма, білмеймін. Өзімізге де жұмбақ болып тұр», - деді ол.

Қазір тәртіп сақшылары оқушының ұялы телефонындағы ойын түрлері мен өзге де жазбаларды тексеріп жатыр. Марқұмның салған анимация суреттері мен жазбаларын да сараптамаға алған.

«Осы қайғылы оқиғаның себептері анықталуда және ҚР ҚК 105-бабы, 3- тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Сарқұлов.

Қоғамда виртуалды Among us және «Кальмар» ойындары қауіпті екені айтылып жүр. Білім министрлігіндегілер ондағы жас мөлшеріне қатысты шектеуге көңіл бөлу керектігін айтады.

«Фильмде белгілі бір шектеулер бар, ол 18 жастан асқан ересектерге арналған. Сондықтан ең алдымен ата-аналар осы фактіге назар аударуы қажет. Екіншіден, ата-аналар да, мектеп те тәрбиелік шара аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдысын үйретуі керек. Мектептерде де осы мәселеге назар аударған жөн», - деді ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.

Қатар тұрған 25 қабатты үш үй – Ақтөбедегі ең биік ғимарат. Айналдырған бір жылда төрт адам осында биіктен секіріп қаза болған. Сондықтан тұрғындар балкондарды бітеп, қауіпсіздік шарасын күшейтуді сұрап отыр.

Үй күзетшісі мұнда кіріп-шықанның бәрін бақылап үлгермейді. Ал подъездегі балконды қоршауға өрт сөндірушілер тыйым салған.

«Суицид жасамақ болғандардың бәрі осында келеді. Жақында сырттан кіріп подъездің балконынан секірмекші болған екі адамды құтқарып қалдық. Жерге құлап өлген адамды көріп бала тұрмақ, ересек – біз шошып отырамыз. Суицидтің алдын алу үшін біздің үйлердің балкондарын қоршауға рұқсат берсін», - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Бақытгүл Алғалиева.

Суицид жиі болатын үйдің балконына қатысты арызды құзырлы органдар қарайды. Ал киберқылмыскерлердің құрығына түспес үшін балаларды виртуалды ойындарға көп жолатпаған жөн дейді мамандар. Оқушының күн сайын ұялы телефонын тексеріп отыру да артық етпейді деп кеңес береді.