«Қылмысты жасырды». ұлынан айырылған аналар тергеуге қапалы

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Таразда ұлынан айырылған екі ана тергеу тежеліп, созбалаңға салынып жатыр деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, адам өлімімен аяқталған даулы істерге қатысты тергеу дұрыс жүргізілмей, бұрмаланып жатыр екен. Шындық іздеп шырылдаған ата-аналар тергеудің әділ жүргізілуін сұрап, полиция департаментінің алдында айғайға басты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

ЖҰМЫСҚА КЕТІП, ТАБЫТПЕН ОРАЛҒАН

Момина Панаеваның полиция департаментінің алдын торуылдап жүргеніне бірнеше күн болған. Түркістан облысының тұрғыны Жамбыл облысында жүріп жатқан тергеуде шикілік көп екенін айтып жыларман халге жеткен. Ол үш ай бұрын Жуалы ауданындағы қайын жұртына жұмысқа кеткен ұлының үйге табытпен оралғанын айтады. Денесінде сау тамтығы қалмаған 40 жастағы марқұмның суреттерін көрсеткен ол: «балам кісі қолынан қаза тапты» дейді. Алғашқы сараптама марқұмның денесіндегі зорлық іздерін көрсеткен. Алайда бір айдан кейінгі сараптама мүлде басқа қорытынды шығарған.

Бетін көргенде талып қала жаздадым. Баламды ұрып өлтірген. Жағы сынған, мұрны сынған. Қап-қара болып тұр. Соның өзінен көрініп тұр. Біз суретін түсіріп алдық. Қабырғасы сынған. Екі аяғында, қолында жіптің іздері бар. Сараптамада түк жоқ. Түк жоқ! Еш зақым жоқ, өзін өлтірді деген – дейді ана. 

ДӘРІГЕРЛЕРДЕН АРАША СҰРАҒАН

Ал екінші ана баласын жансақтау бөліміне жатқыза алмай, дәрігерлерден оның жанына араша сұраған. Алайда өкпесіне су толып кеткен 39 жастағы жігітке ешкім қарамаған көрінеді. Сараптама қорытындысы дәрігерлердің салғырттығынан науқастың қайтыс болғанын дәлелдеген. Алайда он айдан бері алты тергеуші ауысып, қылмыстық іс әлі де сотқа жетпепті.

Қалай іс қозғалмайды?! Осы уақытқа дейін жазбаған жеріміз жоқ. Қалаға, облысқа да, Астанаға да жазып жатырмыз. «Тексерілсін» дейді, ешқандай тексерілмейді. Сол күйінде іс жабулы жатыр. Қанша тергеуші ауысты. Бәрі, барсам болды айтады: «міне, жүргіземін» деп. Бірақ аяқсыз қалады – дейді Гүлнар Исабекова. 

ПОЛИЦИЯНЫҢ ЖАУАБЫ

Ал полиция департаментіндегілер тергеу құпиялығын желеу етіп қосымша мәлімет бермей отыр. Десе де қайғыдан қара жамылған қос ананың арызы қабылданып, тергеуді жеке бақылауға аламыз деп уәде берді.

Жәбірленушілер тарапынан уәждерінің бәрін толық тексереміз. Ол кісілерді тағы да тыңдап, барлық тергеу амалын жүргіземіз. Сараптамалар алынған соң, процессуалдық шешім қабылдаймыз – деді Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Байжан Байгелді. 

Тергеу ісіне қапа болған қос ана да қайғылы оқиға болған жерде қылмыс ізін жасыру белгілері байқалғанын айтады. Олар тергеушілерден істің ақ-қарасын ажыратып, әділ тергеу жүргізуді сұрап отыр. Ал тергеу басқармасының басшысы ата-аналардың айғайынан кейін екі іс бойынша арнайы кездесу жоспарлаған. Енді қылмыстық істің әу баста қалай тергеліп, қайғылы оқиғалардың қалай өрбігінен анықтамақ.