Семейде мұғалімдерге көше сыпыртқан шенеуніктер жазаланды

Ulysmedia

Семейде педагогтерді көше сыпыруға жіберген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

Семейде педагогтерді көше сыпыруға жіберген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әңгіме Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.А.Гариков туралы болып отыр. Сонымен бірге әкім орынбасарына қатысты тәртіптік шаралар қолдану туралы хат жолданды, дейді БҒМ.

Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Н.А.Фесенкоға қатысты сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ ол әкімшілік жазаға тартылды. №9 орта мектеп директоры Н.В.Тегай және №43 орта мектеп директорының м.а. А.В.Искрина әкімшілік жауапқа тартылды.

Әлеуметтік желілерде 16 қазанда Семей қаласының №43 мектебінде оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді сенбілікке көше сыпыруға жібергені туралы жарияланымдар тараған болатын.

Педагогтерді қызметінен тыс жұмыстарға тарту, оның үстіне оқу процесіне кедергі келтіру «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарына қайшы келеді.

ҚР БҒМ білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің, сондай-ақ ШҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері әкімшілік істі қарады. Тексеру барысында сенбілікке №43 мектебінің педагогтерінен басқа №9 мектебінің мұғалімдері де жіберілгені анықталды.

Әкімшілік істі қарау барысында педагогтер қаланы абаттандыру жұмыстарына Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.А.Гариковтың хаты негізінде шыққаны анықталды. Хатта педагогтердің сенбілікке таңғы сағат 09.00-де шығуын қамтамасыз ету тапсырылған. Сондай-ақ хаттың әкім орынбасарының қолы қойылған қосымшасына сәйкес, әр мектепке аумақты тазарту жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орындалуын бақылау әкімдіктегі бөлімшелердің біріне жүктелген.

Білім және ғылым министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне педагогтерді пайдалану және оларды қызметінен тыс жұмыстарға тарту бойынша осындай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс екені туралы хат жолдады.