Электр станциясы жойылуы мүмкін: «OzenMunaiProm» ұжымы тағы президентке бейнеүндеу жасады

Ғалиасқар Думан

Жұмысшылар газ-поршеньді электр станциясының жағдайы мүшкіл екенін бұған дейін құзырлы органдарға жеткізгенін, алайда ешқандай жауап болмағанын айтты. Естір құлақ болмаған соң президентке арнайы бейнеүндеу жасауға тура келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Скриншот

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз «OzenMunaiProm» ЖШС ұжымы, ҚР азаматтары, Жаңаөзен қаласының тұрғындарымыз. 2015 жылы құрылысы басталып, 2021 жылы жергілікті халықтың еңбегімен іске қосылған газ-поршеньді электр станциясының жағдайы мүшкіл екенін әр деңгейдегі жергілікті және мемлекеттік құзыретті органдарға хабарлап жүгінгенімізбен ешқандай оң нәтиже байқалмайды. Біз мемлекетіміздің тыныштығын бағалаймыз, сондай-ақ Үкіметке ешқандай қарсылығымыз жоқ екенін ескертеміз. Қазіргідей қиын-қыстау уақытта Үкіметтен жұмыс сұрап жатқанымыз жоқ. Керісінше, бар жұмысымыздан айырылмаудың кепілі болуыңызды сұраймыз. Өзіміздің қажырлы еңбегімізбен салып, енді жемісін көреміз деп отырған мекемеміздің жойылу қаупі бар екенін өз көзімізбен көруіміз бізге, яғни, халыққа жасалған қиянат деп бағалаймыз. Сол себепті мәселеміздің тез арада нәтижелі шешілуін және назарыңызда ұстауыңызды сұраймыз! – деді кәсіпорын ұжымы.

Аталған компанияның ұжымы бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына компанияның өзекті мәселесін көтеріп, хат жазғанын хабарлаған едік. Ұжым таяуда мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа да жүгінген.

Оралхан ҚОЖАНОВ