«Пранк деп ойлаған»: Түркістан облысында тағы бір оқушы өзіне қол салды

Ulysmedia

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Састөбе ауылындағы Макаренко атындағы жалпы орта мектептің 9-сынып оқушысы асылып, көз жұмды, деп хабарлайды ulysmedia.kz

Фото: ашық дереккөз

Otyrar.kz-ның инстаграм парақшасына жарияланған мәлімет бойынша, Түлкібас ауданы Састөбе ауылындағы Макаренко атындағы жалпы орта мектептің 9 сынып оқушысы асылып қайтыс болды.

«Марқұмның отбасы тыныш. Өз отбасынан зәбір көріп, суицид жасады деп айта алмаймын. Ауылдастар оқушыдан жоғары сыныптар ақша алып, қысым жасағанын айтуда. Өзім де осы ойға қосыламын, себебі аталған оқушы қайтыс болмас бұрын мектеп алдында 10-11-сынып оқушылары төбелескен. Бір оқушы жарақат алып, тіпті ота жасатқан деген ақпарат бар», - дейді Састөбе ауылының тұрғыны Ақмарал Бөрлібаева.

Мектеп директорының айтуынша, 9-сынып оқушы достары арасында өзіне қол жұмсайтынын айтып жиі әзілдеседі екен.

«Оқушы суицид жасайтын күні достарымен аулада ойнаған. Кешке олар өз үйлеріне қайтады. Шамамен жарты сағат өткен соң ол дос қызына хабарласып, өмірмен қоштасатынын айтқан. Дос қызы оның не айтқанын достарына айтып, көмекке баруды өтінеді, бірақ достары пранк деп ойлап, бармаған», - дейді Макаренко атындағы жалпы орта мектептің директоры Гүлжан Әмірбекова.

Түркістан облыстық Полиция департаменті аталған фактіге қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде.