Шығыс Қазақстан облысындағы "Казцинк" ЖШС Өскемен металлургия кәсіпорнына экологиялық талапты бұзғаны үшін 45 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нормадан көп
Экология департаменті қызметкерлері кәсіпорынға барып, мұржаларға өлшеу жүргізген.
Нәтижесінде, зиянды шығарындыларының рұқсат етілген шектен асып кеткендігі анықталды.
"Шығарындылар күкірт диоксиді бойынша нормадан 2,9 есе, көміртегі оксиді бойынша 3,4 есе, көмірқышқыл газы бойынша 1,2 есе артық. Осылайша, Өскемен металлургия кешені өндірістік қызмет барысында қоршаған ортаға залал келтірді. Басқа да бірнеше заңбұзушылық тіркелген. Экологиялық Кодекске сәйкес, компанияға жалпы сомасы 45 319 572 теңге айыппұл салынды", - делінген ақпаратта.
Мұрағат
Бұған дейін Атырау облысы бойынша экология департаменті «Karabatan Utility Solutions (KUS)» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізу барысында құқықбұзушылықтарды анықтаған болатын. Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген СО2 шығарындылар квотасының көлемі 35 482 тонна болса, кәсіпорынның нақты шығарындылары 743 105,874 тоннаны құраған.