ШҚО-да маңызды тақырыптарға арналған подкаст пен анимациялық роликтерге 74 млн теңге жұмсалды, деп хабарлайды ulysmedia.kz Protenge-ге сілтеме жасап.
«ШҚО-да «Простыми словами» атты подкастқа 38 млн теңге жұмсалды. Бұл ақшаға сарапшылар мен пікір көшбасшыларын тарта отырып, подкасттың 14 шығарылымын түсіру керек болған. Құжаттарға сүйенсек, онда маңызды тақырыптар айтылды. Мысалы, қызылша ауруы, лудомания немесе қазақ тілінде қалай сөйлеуге болады. Шығарылымдар Instagram, Facebook және YouTube-те жариялануы керек еді», деп жазады Protenge.
Ал "Коротко о важном" деп аталатын 40 анимациялық роликті түсіруге 36 млн теңге жұмсалған. Демек, әр эпизод үшін 900 мың теңге. Роликтердің тақырыбы да әралуан. Бизнеске арналған мемлекеттік гранттардан бастап балаларға кофеин ішуге болмайтындығына дейін. Олар да әлеуметтік желілерде жариялануы керек еді.
Алайда, Protenge редакциясы іздестіріп көргенімен, әлжеліде аталған видео подкастты да роликтерді де таппаған.
«Құрметті оқырман, егер сіз ШҚО Қоғамдық даму басқармасының "Простыми словами" подкастын немесе "Коротко о важном" бейнероликтерін кездестіріп жатсаңыз, қайдан көруге болатынын айтыңыз. Бізге өте қызық», - деп түйіндейді редакция.