Атырау облысында мемлекетке 144 млн теңгенің жері қайтарылып, шенеуніктер жазаланды

Ulysmedia

Атырау облысында мемлекетке жалпы құны 144 млн теңге болатын жер телімі қайтарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz прокуратураға сілтеме жасай отырып.

Фото: Ашық дереккөзден

Заң қалай бұзылды?

Атырау облысы прокуратурасының хабарлауынша, Мақат ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметінде жүргізілген тексеріспен мемлекеттік қызмет көрсету, міндетті конкурстық рәсімдерді елемеу және аудан әкімдігінің лауазымды тұлғаларының құзыретіне кірмейтін шешімдер қабылдау кезінде елеулі заңбұзушылықтар анықталған.

Мақат ауданы прокурорының актісі бойынша сауда-саттықтан тыс табысталған жалпы құны 144 млн теңге болатын 61 га 3 жер учаскесі қайтарылған.

Шенеуніктер жазаланды

Сондай-ақ, сауда-саттықтан тыс жер учаскелерін заңсыз алған тұлғалар қатарында жер комиссиясының мүшелері де бар. Мүдделер қақтығысына қарамастан соңғысы комиссия отырысына өзі қатысып, бұл жағдайды одан да “қолайсыз етеді”. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасарларының бірі бюджетке тиісті төлемсіз кәсіпкерге жер учаскесін тегін берген.

Прокурорлық қадағалау актісінің қаралу нәтижесімен аудан әкімінің екі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылса, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы ӘҚБтК 137-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылған.