«Аллаху акбар!»: Желіде такси жүргізушісімен кикілжіңге келген «имамның» видеосы тарап жатыр

Қалижан Бектемір

Әлеуметтік желіде такси жүргізушісімен кикілжіңге келген «имам» Бақтияр Жақсылықовтың видеосы тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: видеодан скриншот

Ел ағасы жасына жеткен ол көліктің есігін тарс жауып, «Төңкеріліп кетсін! Аллаху акбар!» деп бетін сипайды. «Есікті ақырын жап...» деп ескерту жасаған жүргізушіні елемеген «имам» көлікке қайта ұмтылып, тебеді.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан көргеніміздей, ол өзін дінтанушы, Алматы облысы Талғар қаласы Алатау бастауыш партия ұйымының төрағасы, Қоғамдық кеңес мүшесі деп таныстырған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқарасы бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Бахтияр Жақсылықов есімді азаматтың такси жүргізушісімен кикілжіңге келіп, дөрекі әрекет көрсеткені және оның «имам» екені талқылануда.
Осы орайда Бахтияр Жақсылықовтың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызмет жүйесінде жұмыс істемейтінін ресми түрде мәлімдейміз. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларынан анықталмаған хабарды таратпауын сұраймыз, - делінген ҚМДБ Баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Алайда кейбір БАҚ-та оның Гүлдала ауылы мешітінің имамы деген ақпарат тарап жатыр.