«Балалар суықтан жиі ауыратын болды»: Абай облысы Шуақ ауылы тұрғындары жылудың аздығына шағымданды

Аян Өрібай

Абай облысы Жарма ауданы Шуақ ауылының тұрғындары  Ulysmedia.kz порталына хабарласып, ауылда жылудың аздығын айтып шағымданды, "Аязда өшіп қалғаны қиын болды, үйіміз салқын" дейді олар. Абай облысының әкімдігі де түсініктеме берді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Ауыл тұрғындары не дейді?

Шуақ ауылы тұрғындары жылу жүйесінің тұрақсыздығына шағымданады. Олар аязды күні тағы жылудың бәсеңдеп қалғанына шағымданады. 

– Үш айлық балам бар. Обогреватель үйде ылғи қосулы. Түнімен “өртеніп кетпейік” деп күзетеміз, – деп шағымданады тұрғындардың бірі.

Шуақ тұрғындары жылу мен жарыққа аз ақша төлеп отырмағанын айтады. Соған қарамастан, жағдай түзелмеген. “Балаларымыз жиі ауыратын болды” дейді олар. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысына көңілі толмайды.

Аудан орталығы Қалбатау ауданына шамамен 30 шақырым жердегі елдімекен бір кездері іргелі ауыл болған. Бірақ тоқсаныншы жылдардан бері халық үдере көшіп, тұрғындар аз қалған. 

Әкімдік не дейді?

Ulysmedia.kz тілшісі осы мәселе жөнінде Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Жауапты басқармадан мәлімет берген әкімдік қызметкерлері мынадай ақпарат жіберді.

– 20 ақпанда сағат 09.19 уақытында Жарма ауданы Шуақ ауылында №1 негізгі қазандықтың істен шығуына байланысты (жалпы 3 қазандық бар, оның екеуі резервтегі қазандық, біреуі жөнделіп жатыр) №2 қазандық қайта қосылды. Қазіргі уақытта нормативті параметрлерге жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстың бәрі бақылауда, – делінген жауапта.

Әкімдік тарапы қазір жағдай тұрақты деп сендіреді.