Оралда құны 10 млн теңге болатын аялдама орнатылды

Ulysmedia

Оралда құны 10 млн теңге болатын тағы екі жылы аялдама орнатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

«Мой город» басылымының жазуынша, жабық павильондар Н.Назарбаев даңғылының бойындағы «Өлкетану мұражайы» аялдамасы мен Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы «Жигули» аялдамасына орнатылған. Аялдамалар таңғы 7:00-ден 22:00-ге дейін ғана жұмыс істейді, түнде жабық тұрады.

Қымбат аялдамалардың бағасына қала тұрғындары наразы.

– Біздің қала үшін 10 миллион өте қымбат. Бізде басқа мәселелер жетерлік, жолдар бұзылған, автобустар ескірген. Жаңартуды осыдан бастаған дұрыс, жаңа автобустарды іске қосу, автобустарды көбейту. 10 миллионға жөндеуден өткен бір бөлмелі немесе жөндеусіз екі бөлмелі пәтер алуға болады. Мұндай павильондарды орнату халықтың ақшасын ойланбастан ысырап ету деп есептеймін», - дейді қала тұрғыны Арслан Бергенов.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлыбек Мұхаметқалиев биыл қалада екі жылы аялдама орнатылғанын айтты. Негізінен жолаушылар көп жиналатын аялдамаларға орнатылмақ.

- Жазда павильондарда кондиционер, ал қыста жылыту жұмыс істейді. Сонымен қатар, азаматтардың қауіпсіздігі үшін олар бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Мұнда адамдар смартфондарын зарядтай алады. Үлкен витраждар жақсы көрінуді қамтамасыз етеді. Құны 10 миллион теңге, былтырғыдан қымбат. Себебі, құрылыс материалдары мен құрылыс қызметтері қымбаттады, – дейді Нұрлыбек Мұхаметқалиев.

Айта кетейік, қалада 20 ашық павильон орнатылып жатыр. Олардың құны 1,5 миллион теңге шамасында. Келесі жылы тағы төрт жылы аялдама және 30 ашық аялдама орнату жоспарлануда.